Мамыр айы киносүйер қауым үшін жаңалыққа толы болмақ. Кәсіби киногерлердің туындыларынан бөлек, жаһанға танымал музыкант Димаш Құдайберген жайлы картина да үлкен экранға жол тартады.
«Қайын ата vs Күйеу бала»
1-мамырдан бастап еліміздің барлық кинотеатрларына «Қайын ата vs Күйеу бала» комедиясы ұсынылмақ. Режиссер Әлен Ниязбеков таспалаған лентада Әділжан Шомбалов, Қуаныш Жылжақсынов, Мадина Оспан және Аделина Ералиева сынды танымалдар бой көрсетеді.
Фильмнің сюжеті жиһаз фабрикасының қарапайым жұмысшысы Төлеген мен оның Темірбек есімді бастығының өмірі туралы баяндайды. Бастық үнемі қызметкерге көңілі толмаушылығын білдіріп, Төлегенді ұнатпайтынын жасырмайды. Алайда тағдырдың қалауымен Темірбектің қызы Аружан Төлегеннің қалыңдығына айналады. Бірақ жас жігіт болашақ қайын атаға ол туралы айтуға асықпайды...
«Игроманка»
Режиссер Алдияр Байракимов «Игроманка» атты көркем фильм таспалады. Киногердің кезекті жобасы - лудомания ауруына шалдыққан әйелдің хикаясын баяндайды. Туындыда ойынқұмар жандардың жеңіл ақша үшін жасайтын түрлі әрекеті мен оның салдары көрсетіледі.
«Sasyq»
Актер әрі каскадер Ерден Телемисов енді кинопродюсер. Ол өзінің «Sasyq» атты фильмін таспалап, көрермен назарына ұсынбақ. Медиа тұлғаның продюсер ретінде ұсынған картинасы – 8-мамырдан бастап жарық көреді. Ал сюжет желісі бойынша аудан әкімдігі лауазымды қонақтардың келуіне дайындалып жатқанда, Садық есімді ауылдағы маскүнем барлық жоспардың күл талқанын шығарады.
«ADAM: Нартәуекел»
«Өнер қырандары» театры анимациялық
фильм таспалады. Бұған дейін бірнеше толықметр шығарған әзіл майталмандары 3D
анимациялық жобасын арнайы кішкентай көрермен үшін әзірлеген. Еске салсақ, лента өнер иелері үшін анимация саласындағы алғашқы тәжірибе. Премьера – 8-мамыр.
«Остров.
Ұмытылмас саяхат»
Еркебұлан Тоқтар, Мадина Оспан, Сафуан Рысбайұлы бой көрсететін «Остров. Ұмытылмас саяхат» комедиясы 29-мамырдан шығады. Режиссер Мерей Маханов лентаны Таиланд аралдарында былтыр жазда таспалаған болатын.
Димаш Құдайбергеннің «Stranger» концерті үлкен экранда
27-мамырдан бастап Димаш Құдайберген
жайлы фильм жарық көрмек. Алайда бұл деректі картина емес, STRANGER концертінен үзінді. Туынды музыканттың туған күніне орай үлкен экранға ұсынылады. Форматы -
5.1 көлемді дыбыс және заманауи эффектімен әрленген картина.