Қазақ халқының үйлену тойына дейінгі салт-дәстүрлері
Фото. shutterstock.com. Автор. Vera Larina

Қазақ халқының үйлену тойына дейінгі салт-дәстүрлері


Менталитетті қатты ұстанатын біздер үшін үйлену – тек екі жас арасындағы келісім емес, екі әулеттің табысуы, ұрпақ жалғастырудағы маңызды қадамы. Сондықтан бұл кезеңге дейін атқарылатын әрбір салт-дәстүр, әрбір рәсім – терең мағына мен тәрбиелік мәнге ие деп саналады. Бұл материалда қазақтың үйлену тойына дейінгі негізгі жоралғыларын ұсынамыз.

Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа

Қазақ халқының үйлену тойына дейінгі салт-дәстүрлері
Фото. shutterstock.com. Автор. berdikabuloff

Тәтті шәй. Қыз бен жігіт бір-бірін ұнатып, араларында келісім болған жағдайда, жігіт жақ әуелі қыз жаққа «тәтті шәй» ішуге келеді. Бұл - танысу, екі жақтың бір-бірімен жақын араласуы үшін ұйымдастырылатын алғашқы бейресми кездесу. Дастархан жайылып, тәтті тағамдар ұсынылады. Жиын барысында үлкендер сөз бастап, ниеттерін білдіреді. Әркім өз дәстүрін, жасалатын жоралғыларын түсіндіріп, мән-жайды бірден анықтап алатын кездесу.

Сырға салу - қыздың айттырылғанын білдіретін салт. Жігіт жақ құдалықтың алғашқы қадамын осы жоралғымен бастайды. Қыздың отбасына арнайы кәде-жорамен келіп, болашақ келінге алтын сырға салып, оны «сырғалым» атандырады. Бұл рәсімде де екі жақтың туыстары танысып, алдын ала келісімдер жасалады.

Алыс-беріс құрметі

Қазақ халқының үйлену тойына дейінгі салт-дәстүрлері
Фото. shutterstock.com. Автор. Alexey_Arz

Құдалық - екі жақтың туыстық қарым-қатынас орнататын сәті, салт-дәстүр бойынша өткізілетін маңызды жиын. Күйеу жігіттің жақыны - бас құда, ал қыз жағының өкілі - қарсы құда болады. Құдалар арасында алыс-беріс жасалып, қалың мал, жасау, той күндері секілді мәселелер талқыланады. Құдалық кезінде арнайы кәделер (құда көрімдік, аяқ табақ, шапан жабу) жасалып, естен кетпес сый-сияпаттар ұсынылады. 

Қыз ұзату - болашақ келіннің туған үйінен аттанар алдындағы ең әсерлі сәті. Қыз жақ үлкен дастарқан жайып, тума-туыс, ауылдастары мен көршілерін шақырып, қыздарын ақ бата мен аналық ақ жол тілегімен шығарып салады. Бұл күні ананың қоштасу жыры, әкенің ризашылығы, қыздың жан тебіренісі бәрі де жүректі сөзсіз елжіретеді. Сыңсу айтылады, кеш соңы қыз болашақ жарының қолынан ұстап, өзге әлемге, сүйген адамының соңынан еріп, құтты шаңырағына жол тартады. 

Happy end

Қазақ халқының үйлену тойына дейінгі салт-дәстүрлері
Фото. shutterstock.com. Автор. Dmytro Sheremeta

Үйлену тойы - жауапты сәт екі жас үшін өте маңызды күн. Есте ұзаққа сақталатын кеш ақ тілекке ниеттеліп жайылған дастарқанның төрінде орын алады. Қос ғашық ресми түрде ерлі-зайыпты атанып, үлкен өмірге қадам басады. Махаббат оқиғаларына куә, болашақтарына тілектес барша жұрт жиналып бұл қуанышты бөлісіп, той иелерімен бірге атап өтеді. Happy end деген осы!


Cookie  Image Использование файлов cookie

Мы используем куки для улучшения работы сайта. Узнать больше