Табиғи әлде зертханада өңделген: мінсіз гауһар тасты қалай таңдау керек?
Фото. Getty Images. Автор. Paul O''Driscoll.

Табиғи әлде зертханада өңделген: мінсіз гауһар тасты қалай таңдау керек?


Гауһар тастарда бір ерекше тылсым күш бар. Бұл — үйленуге ұсыныс жасалатын сәтте қалтада жасырылған сақина. Бұл — ұрпақтан ұрпаққа берілетін, отбасылық тарихты сақтайтын әшекей бұйым. Ежелгі дәуірлерден бастап адамдар жер қойнауынан алынған осы жарқыраған тастарға сүйсініп келген. Алайда заман өзгерді. Бүгінде зергерлік әлемде жаңа ойыншы пайда болды — зертханада өсірілген гауһарлар. Заманауи технологиялар тіпті алмазды да «өсіріп» шығаруға мүмкіндік беріп отыр. Иә, олардың физикалық қасиеттері мен құрамы табиғи тастармен бірдей — жалғыз айырмашылығы — шығу тарихында. Екеуі де көз тартарлықтай әдемі, бірақ бағасы мен мәні жағынан мүлде бөлек. Онда қайсысын таңдау керек? Төменде бірге сараптап көрейік.

Айырмашылығы неде?

Бір қарағанда — мүлдем айырмашылық байқалмайсыз. Табиғи да, зертханалық гауһар да — таза көміртектен тұратын кристалл. Айырмашылығы — шыққан жерінде: біреуі жердің терең қабаттарынан шықса, екіншісі жоғары температура мен қысым жағдайы жасалған зертханада дүниеге келеді. Арнайы жабдықсыз, тіпті тәжірибелі зергердің өзі де оларды бір-бірінен ажырата алмайды. Екеуіне де қыр беріп, сертификаттап, әлемдік стандарт бойынша бағалауға болады: қырлау, түсі, тазалығы және салмағы (каратпен).

Фото. Getty Images. Автор. Bruno Vincent.

Мифтер мен шындық

Көп таралған мифтердің бірі: зертханалық гауһарлар — «жасанды». Бұл — қате пікір. Олар фианит немесе муассанит секілді имитациялармен ешқандай ортақтыққа ие емес.

Тағы бір кең таралған қате түсінік: жасанды тастар экологиялық тұрғыдан бірден дұрыс таңдау. Бірақ бұл да толықтай шындыққа жанаспайды. Иә, оларды жасау үшін жерді қазудың, табиғатты бұзудың қажеті жоқ. Дегенмен, зертханалар көп мөлшерде энергия тұтынады, ал ол энергия экологиялық таза көздерден келе бермейді. Сонымен қатар, табиғи алмаз өндіруші компаниялар да экологияны қорғауға және жергілікті қауымдастықтарды қолдауға бағытталған түрлі бастамаларға қаржы құяды.

Бағасына келсек…

Ең қызықты тұсы осы. Зертханалық гауһарлар шынымен арзандау — кейде екі есеге дейін. Себебі — өндіріс процесінде. Табиғи тасты өңдеу кезінде бастапқы материалдың 60%-ға жуығы жойылады, ал оның үстіне тас табу, тасымалдау, өңдеу секілді қосымша шығындар тағы бар.

Ал зертханалық нұсқалар қажетті формада аз шығынмен бірден жасалады. Алайда бұл қолжетімділікпен бірге бір мәселені ала келеді: мұндай тастардың бағасы уақыт өте келе төмендейді. Олар үшін тұрақты қайталама нарық әлі қалыптасқан жоқ. Табиғи алмаздар, әсіресе сирек және сапалы түрлері, керісінше, бағасын сақтап қана қоймай, арттыра да алады.

Фото. Getty Images. Автор. Paul O''Driscoll.

Қайсысын таңдаған дұрыс?

Егер сіз үшін гауһар — сезім мен технологияның, қолжетімділіктің символы болса, зертханада өсірілген тас — тамаша таңдау. Ол да сондай жарқырайды, тіпті кейде одан да жарық болуы мүмкін.

Ал егер сізге инвестициялық маңыздылық немесе ұрпаққа мирас болатын рухани құндылық маңызды болса — табиғи, тарихы мен тереңдігі бар гауһарды таңдаған жөн.

Harper's BAZAAR Australia ұсынған мақаланың түпнұсқасын сілтеме арқылы оқи аласыз. 


Автор. Жанель Муканова. Аударған. Гүлдана Мұқан. 

Cookie  Image Использование файлов cookie

Мы используем куки для улучшения работы сайта. Узнать больше