Шаштың ағаруы меланиннің — шаштың реңіне жауапты пигменттің — түзілуі азайған кезде пайда болатыны белгілі. Жас ұлғайған сайын бұл процесс табиғи түрде баяулайды, бірақ оған тек жылдар ғана емес, басқа да факторлар әсер етеді. Тұқымқуалаушылық маңызды рөл атқарады, алайда өмір салты, тамақтану, күйзеліс деңгейі, күн сәулесі, темекі шегу және микроэлементтер тапшылығы ағаруды айтарлықтай жеделдетуі мүмкін. Әдетте тік шашты адамдарда алғашқы ақ талдар 30 – 40 жаста, ал шаш құрылымы тығыз әрі текстуралы адамдарда 40 – 50 жаста байқалады. Егер ағару 30-ға дейін басталса, ол көбіне ағзадағы ішкі теңгерімнің бұзылғанын көрсетеді. Ең бастысы: шаштың ағаруын толық тоқтату мүмкін емес, бірақ бұл процесті баяулатып, табиғи түсті ұзақ сақтауға әбден болады.
Рационыңызды қайта қараңыз
Сарапшылар ең алдымен рационыңызды реттеуді ұсынады. Меланиннің түзілуі үшін әсіресе маңызды:
- B12 дәрумені,
- Фолий қышқылы,
- Мыс,
- Мырыш,
- Темір.
Мамандар алдымен адамның не және қаншалықты жиі жейтінін нақтылап алады. Өңделген тағам, фастфуд пен қанттың көптігі ішкі тотығу стрессін күшейтеді, осының салдарынан ағару үдейді.
Пайдалы:
- Жұмыртқа,
- Жасыл жапырақты көкөністер,
- Авокадо,
- Балық,
- Сапалы ақуыз көздері.
Бірақ бір жайт бар: тек тағамның әсерінен шашта көзге көрінерлік өзгеріс болуы үшін бұл өнімдерді шынымен көп мөлшерде тұтыну керек.
Қоспалар — тек қажет кезде
Ағза ең алдымен өмірлік маңызды мүшелерді «қоректендіреді», ал шашқа қоректік заттар қалдық принципімен жетеді. Сондықтан тамақтану жақсы болғанның өзінде кейде іштен қолдау қажет болады.
Трихологтар мысқа ерекше мән береді — пигмент түзілуіне тікелей қатысатын да дәл осы элемент. Сондай-ақ B тобы дәрумендері, темір, селен және антиоксиданттар бар кешендер де пайдалы. Бірақ қоспалар дұрыс тамақтану, ұйқы және қозғалыспен қатар жүргенде ғана әсер етеді — өз алдына олар «ғажайып таблетка» емес.
Шашыңызды күннен қорғаңыз
Ультракүлгін сәуле тек теріге ғана емес, шашқа да зиян. Ол пигментті бұзады және ағарудың пайда болуын жеделдетеді, әсіресе айыру сызығы мен маңдай сызығы бойында.
Қайсысы көмектеседі:
- Бас киімдер,
- Шашқа арналған күннен қорғайтын спрейлер,
- UV сүзгілері бар құралдар,
Күннен тұрақты қорғаныс — қарапайым, бірақ өте тиімді қадам.
Шаш күтіміңізді жаңартыңыз
Егер сіз жылдар бойы бір құралдарды ғана қолдансаңыз, олар қазіргі міндеттерді шешпей қалуы ықтимал. Мамандар шаш күтіміне де бет терісін күткендей мұқият қарауды ұсынады.
Мынаған назар аударыңыз:
- Жұмсақ тазартатын сусабындар,
- Қабынуға қарсы компоненттер,
- Ылғалдандыратын формулалар,
- UV қорғанысы бар құралдар.
Бастың терісі сау болуы — түсті сақтаудың басты іргетасы; онсыз мұны іске асыру қиын.
Ағарған шашты бірден бояуға асықпаңыз
Парадокс естілсе де, тым ерте бояу жаңа ақ шаштың шығуын тездетуі мүмкін. Жиі химиялық әсер ету бастың терісі мен шаш фолликулдарына стресс түсіреді.
Сарапшылар алғашқы ақ талды ағзадан келген белгі ретінде қабылдауды ұсынады. Кейде ол тапшылықтарға, шаршаңқылыққа, ұйқы немесе тамақтану мәселелеріне тікелей нұсқайды. Сол себепті алдымен себептерін анықтап, содан кейін ғана бояу жайын шешкен дұрыс.
Өмір салтыңызға мән беріңіз
Темекі, алкоголь, созылмалы ұйқысыздық, тұрақты стресс — мұның бәрі ерте ағарумен тікелей байланысты. Ағзаға түсетін салмақ қаншалықты көп болса, пигмент түзуге арналған ресурсы соншалық тез таусылады.
Шаш түсін сақтауға көмектесетін ең маңызды әдеттер:
- Толыққанды ұйқы,
- Темекіден бас тарту,
- Алкогольді шектеу,
- Тұрақты физикалық белсенділік,
- Стресс деңгейін бақылау.
Иә, өмір салтыңыз мінсіз болса да, ағару бәрібір пайда болуы мүмкін. Дегенмен көп жағдайда осы шаралар оны бірнеше жылға шегере алады.
Ең бастысы — есте сақтаңыз
Шаштың ағаруы — ағзаның «бұзылуы» емес, табиғи процесс. Оны толықтай алдын алу мүмкін емес, бірақ жоғарыда айтқанымыздай, баяулату әбден қолымыздан келеді. Тамақтануға ұқыптылық, күннен қорғану, сауатты күтім және пайдалы әдеттер мәңгілік түсті уәде ететін кез келген тәсілден тиімдірек.
Harper's BAZAAR мақаласының түпнұсқасын мұнда оқи аласыз.
Автор. Жанель Муканова. Аударған. Гүлдана Мұқан.