Соңғы бірнеше жылда қысқы бьюти-трендтер әдемі макияж бен ең сәнді ерін бояуы реңктерімен ғана шектелмей, сапалы күтімге де басымдық беріп келеді. Суық маусымда теріге айрықша қамқорлық қажет, сондықтан Harper’s BAZAAR Kazakhstan алдағы үш айда қай косметикалық өнімдер, тонерлер мен хош иістер ең сұраныста болатынын айтып береді.
Ең нәзік барқыт
Барқыттай текстура бьюти әлемін сөзбе-сөз жаулап алып жатыр. Velvet blonde шаш бояуы не «велюр» жабыны бар маникюр трендке айналды, енді кезек макияжға келді. Матты финиші бар тоналды крем мен нәзік қызғылт акценттер — күнделікті мейкапқа мінсіз база.
Кардамон ноталары
Кардамон — хош иісті әрі ащы — бұл маусымда көшбасшылықты даршыннан уақытша тартып алды. Жылы да жұпар иіссу мерекелік кезеңге аса лайық, әсіресе үстеліңізде осы дәмдеуіш қосылған тәттілердің пайда болатынын ескерсек.
2000-жылдардағы жылтырау
Беттегі жеңіл жарқыл Ким Кардашьянның «матты» дәуірі аяқталғалы бері танымал техникамыздың бірі болып қалды. Қазір барлығы 2000-жылдар стиліндегі — одан нәзік әрі жеңіл — жылтырауға қайта оралуда. Қабаққа, ерінге және бет сүйектеріне аздаған табиғи сәуле қосу ешкімге артық емес.
Дженнифер Лопестің шабдалы түсті румянасы
Джей Лоның Y2K стиліндегі бұл макияжы (дива оны сонау 2002 жылы жасаған) әлеуметтік желілерде әлдеқашан вирусқа айналды. Бет сүйектерінде күн батқандағы шапақтай эффект алу үшін бірнеше өнім қажет: шабдалы не корал түсті кремді румяна және жылтырағыш бөлшектері бар бронзерді қолданыңыз.
Сүтті тонерлер
Сүтті тонерлердің танымал болуына көп жағынан Rhode бренді ұсынған культ өнім түрткі болды, бірақ олардың тиімділігі әлі де K-Beauty индустриясына қарыздар. Олар теріні қосымша нәрлендіріп, ылғалдандырады, қорғаныш барьерін қалпына келтіреді және құрғақтықтан құтқарады. Айтпақшы, бетке арналған спрей форматы да аса өзекті саналады.
Шоколадтағы шие реңктері
Оливия Родригоның мінсіз ерін бояуының реңкі көп адамға жарасады. Мұндай қысқы бьюти-трендтер классикалық қызыл немесе шиелі еріндерден шаршаған, бірақ образдарына драма ноталарын қосуды қалайтындарға ұнайды. Айтпақшы, осы стильді гамма тырнақта да, егер имиджді өзгертуге бел бусаңыз, шашта да керемет көрінеді.
Harper's BAZAAR журналының түпнұсқа материалын осында оқи аласыз.
Автор. Мария Бурлака. Аударған. Гүлдана Мұқан. Фото. Брендтердің баспасөз қызметі.