Шаш сұлулығы — сау бас терісінен басталады. Бұрын тек бет пен денеге арналған әйгілі Hydrafacial әдісі бүгінде шаш фолликулдарын тазарту, нәрлендіру және белсендіру үшін де қолданылатын. Соңғы жылдары бьюти индустриясы теріні күтуге ерекше мән беріп келеді, сол себепті косметикалық брендтер мен зертханалар заманауи технологиялар мен формулаларды белсенді түрде дамытып жатыр.
Мамандардың айтуынша, егер бас терісі дұрыс тазармаса және ылғалданбаса, қышу, қабыршақтану, шаштың жұқаруы мен түсуі байқалады. Бұл мәселеге дұрыс тамақтанбау, гормоналды бұзылыс, стресс және босанғаннан кейінгі кезең де әсер етеді. Осы проблемалармен күресу үшін көпшілікке таныс Hydrafacial процедурасы сәл өзгеріске ұшырады — бет терісін нәрлендіріп, ылғалдандыруға көмектескен әдіс енді шаш күтіміне де пайдалы. Сонымен қатар, Keravive атты инновациялық бустер ойлап табылды. Оның құрамында пептидтер қоспасы, B5 дәрумені, аргинин мен ниацинамид бар. Бұл «коктейль» шашты тірілтіп, қалпына келтіреді, ылғалмен қамтамасыз етіп, сыртқы ортадан келетін күйзеліс факторларына қарсы тұрады.
Процедура бұрынғыдай үш кезеңнен тұрады: тазарту, қабыршақтандыру және терең ылғалдандыру. Алдымен фолликулалар арнайы құрылғының көмегімен (шаңсорғышқа ұқсас) артық майдан тазартылады, кейін бустер проблемалық аймақтарға жағылады. Бірінші процедурадан кейін нәтижені көзбен көру қиын болуы мүмкін, сондықтан кәсіби мамандар кем дегенде үш сеансты ұсынады. Бірақ алғашқы сеанстың өзінде-ақ бас терісінің тазарып, шаштың жеңіл әрі сергек күйге енгенін сезінесіз.
Harper’s BAZAAR France ұсынған мақаланың түпнұсқасын сілтеме арқылы оқи аласыз.
Автор. Harper’s BAZAAR Kazakhstan. Аударған. Гүлдана Мұқан