Заманауи зерттеу нәтижелері бөтелкедегі судың құрамында адам ағзасына еніп, өмірлік маңызды органдарға әсер ете алатын және қатерлі ісік қаупін арттыратын микропластиктің қауіпті жоғары деңгейі болуы мүмкін екенін көрсетті. Daily Mail сайтының мәліметінше, мұндай ізденісті Конкордия университетінің экологиялық менеджмент жөніндегі маманы Сара Саджеди басқарған. Оның айтуынша, бөтелкедегі суды үнемі тұтынатын адамдар жылына орта есеппен 90 мың микропластикалық бөлшекті артық жұтады — бұл краннан су ішетіндерге қарағанда әлдеқайда көп.
Жасырын қауіп
Микропластиктер — өлшемі екі микрометрге дейінгі (миллиметрден екі мың есе кіші) микроскопиялық бөлшектер. Олар уақыттың, жылудың және жарықтың әсерінен пластик бұзылған кезде түзіледі. Бұл бөлшектер ауаға, тағамға және суға түсіп, сол арқылы адам ағзасына енеді.
Ең алаңдатарлығы — микропластиктер өкпеден, плаценталардан, ана сүтінен және тіпті қаннан да табылған. Ғалымдар оларды созылмалы қабыну процестерімен, гормондық теңгерімнің бұзылуымен, бедеулікпен, жүйке жүйесінің зақымдануымен және қатерлі ісік ауруларының дамуымен байланыстырады.
«Мәселе жедел улануда емес, созылмалы уыттылықта»
Сара Саджеди бөтелкедегі суды тек төтенше жағдайларда ғана ішуге болатынын айтады. «Адамдар түсінуі керек: мәселе бір сәттік улануда емес, ұзақ мерзімді әсерде. Бұл — ағзада баяу жиналатын токсиндер, олардың салдары бірнеше жылдан кейін байқалуы мүмкін», — дейді зерттеуші.
Жаңа деректер: ішек пен психикаға әсері
Қазіргі таңда австралиялық ғалымдар тағамдық қаптамалардағы микропластик ішек микрофлорасын өзгертетінін және ішек қатерлі ісігі мен депрессия қаупін арттыруы мүмкін екенін анықтады. Зерттеу барысында микропластиктер дені сау еріктілердің нәжісінен табылған, ал ішек бактерияларының белсенділігіндегі өзгерістер ішек аурулары мен психикалық бұзылыстар кезінде байқалатын көріністермен ұқсас болған.
Ғалымдардың болжамынша, микропластик не бактериялардың қалыпты жұмысын бұзатын химиялық заттар бөледі, не болмаса зиянды микробтардың өсуіне «платформа» жасайды.
Мамандар пластикті пайдалану саясатын қайта қарауды талап етеді
Саджеди билікті бір реттік пластикалық бөтелкелердің өндірісі мен айналымын реттейтін заңдарды қайта қарауға шақырды. Ол қаптамаларға құрамында микропластик бар екені туралы арнайы таңбалау енгізуді және өнімнің толық өмірлік циклі үшін өндірушілерге жауапкершілік жүктеуді ұсынды.
«Адам денсаулығын қорғау және судың қолжетімділігін қауіпсіз әрі тұрақты ету үшін нақты шаралар қажет», — дейді ғалым.
Автор. Жанель Муканова. Аударған. Гүлдана Мұқан.