Мамандардың айтуынша, болашақ ананың тамақтану рационы ерекше маңызды рөл атқарады. Әрине, жүктілік кезінде қолдануға болмайтын тағамдар бар, себебі олар іштегі балаға зиян тигізуі мүмкін. Дәрігерлердің кеңесі бойынша, тамақтану дағдысын жүктілік басталғаннан кейін емес, алдын ала өзгерткен жөн – бұл ағзаны болашақтағы жауапты кезеңге дайындайды. Harper’s BAZAAR España дерегіне сүйенсек, рационыңызға брокколи, қырыққабат, теңіз балдырлары, тұқымдар мен бұршақ тұқымдастарды қосқан дұрыс. Ал енді жүкті кезде мүлде пайдаланбаған абзал тағамдар тізімін ұсынамыз.
Шикі жұмыртқа, құс еті, балық және теңіз өнімдері. Шикі немесе шала піскен жұмыртқада қауіпті микроағзалар болуы мүмкін. Дәл сол сияқты пісірілмеген балық пен теңіз өнімдері паразиттерге немесе листерияға себеп болуы ықтимал. Сондай-ақ, теңіз жәндіктерінде сынап пен ағзаға зиянды өзге де металдар кездесетінін есте ұстаңыз.
Сыртта дайындалған салаттар. Кафе немесе мейрамханаларда көкөністердің дұрыс жуылып, тазаланғанына ешкім кепілдік бермейді. Сол себепті абай болған жөн және салатты тек үй жағдайында тұтынғаныңыз дұрыс.
Алкогольсіз сусындар мен шай түрлері. Құрамында клонидин, кофеин немесе теин бар кез келген сусындар стимулятор болып саналады. Олар түсік тастау қаупін арттыруы мүмкін. Әсіресе, жүктіліктің алғашқы 90 күнінде мұндай сусындардан бас тартқан абзал.
Майлылығы жоғары өнімдер. Бұл санатқа тәттілер, фастфуд пен жылдам көмірсулар жатады. Мұндай тағамдар ана денсаулығына да, баланың дамуына да кері әсер етеді.
Алкоголь. Жүкті әйелдерге тыйым салынған өнімдердің қатарына кез келген алкогольді сусындар кіреді. Спиртті ішімдіктер іштегі нәрестеге физикалық және ақыл-ой тұрғысынан зиян келтіріп қана қоймай, түсік тастауға немесе нәрестенің дамымай қалуына әкелуі мүмкін.
Ысталған тағамдар. Ысталған ет пен балық шын мәнінде шикі тағам болып саналады. Сол себепті болашақ анада зиянды бактерия жұқтыру қаупі жоғары болады.
Автор. Мария Бурлака. Аударған. Гүлдана Мұқан.