Әйелдер етеккір циклінің әр кезеңінде өзін әртүрлі (физикалық және эмоциялық тұрғыда) сезінетіні жасырын емес. Harper’s BAZAAR France басылымының хабарлауынша, мамандар гормоналдық өзгерістерден туындайтын белгілерді жеңілдету үшін әр кезеңге сай тағамдарды тұтынуды ұсынады. Айта кетсек, бұл ұсыныстар физикалық жаттығуларға да қатысты.
Әрине, қазіргі ғылыми зерттеулер біржақты қорытынды жасауға әлі ерте екенін көрсетеді. Десе де, өзінің рационын циклге бейімдеген әйелдер денсаулығында жақсы өзгерістерді байқаған.
Етеккір циклінің төрт негізгі фазасы бар: фолликулярлық кезең, овуляция, жұмыртқаның шығуы және етеккірдің басталуы. Кейбір сарапшылар бұл кезеңдерді жылдың мезгілдерімен салыстырады: көктем, жаз, күз және қыс. Осыған байланысты әр кезеңге арналған тағамдар тізімі де өзгереді.
Көктем — фолликулярлық фаза
Етеккірден кейін ағза қоры азаяды. Сондықтан бізге темір, В дәрумендері және ақуыз қажет. Метаболизмді күшейту де маңызды. Мұндай кезеңде рационыңызға келесілерді қосыңыз: тофу, айран, кимчи, күнбағыс дәндері, шпинат, бұршақ тұқымдастар, асқабақ дәндері, дәнді дақылдар, тауық еті мен күркетауық.
Жаз — овуляция
Овуляция кезінде ағзаға антиоксиданттар, омега-3 және мырыш қажет. Тіпті жүктілікті жоспарламасаңыз да, бұл кезде ұрпақ жалғастыру қабілетін қолдау маңызды. Рационға: түрлі түсті көкөністер мен жемістер, жұмыртқа, устрица, омега-3, сардина, зығыр дәнін қосыңыз.
Күз — жұмыртқаның шығуы
Ағза етеккірге дайындалады, сондықтан оған барынша қолдау керек. Батат, асқабақ, қара шоколад, тауық пен күркетауық еті, жұмыртқа мен бұршақ тұқымдастар — бұл кезеңде күш пен көңіл-күйді сақтауға көмектеседі.
Қыс — етеккір
Қан жоғалтуды өтеу үшін темір мен магнийге бай тағамдар қажет. Бұл тізімде қызыл ет пен шпинат көш бастап тұр. Сонымен қатар, бұршақ, қою жасыл көкөністер, жасымық, бадам мен көкөніс сорпаларын ұмытпаңыз. Ағзаңызға жеңіл болу үшін көбірек демалыңыз.
Автор. Мария Бурлака. Аударған. Гүлдана Мұқан.