Кейде әйелдердің либидосы өздігінен жоғалып кеткендей көрінеді. Қазіргі заманда қыз-келіншектердің таңы қарбаласпен басталады: жұмыс дедлайндары, отбасы қамы, күйбек тіршілік... Ал кешке романтикалық кездесуден гөрі Netflix қарап, ұйықтап қалғың келеді. Ал жыныстық құштарлықты оятудың сиқырлы жолы бар ма? Иә, бар. Бірақ бұл – сиқыр емес, табиғи әрі ғылыми негізделген тәсіл. Олардың ең тиімділерін төменде ұсынамыз.
Дұрыс тамақтану
Толыққанды рацион – жыныстық құмарлықтың кепілі болмағанымен, жүрек саулығы мен гормондардың тепе-теңдігін сақтау үшін өте маңызды. Көкөністер, жемістер мен майсыз ақуыз өнімдері – қан айналымын жақсартып, салмақты қалыпта ұстауға көмектеседі. Ғалымдар артық салмақты – гормондық бұзылыстармен (тестостеронның төмендігі, мысалы) байланыстырады, ал бұл жыныстық тілекке әсер етеді. Сонымен қатар, қант пен фастфудты шамадан тыс тұтыну поликистоз және метаболикалық бұзылыстарды ушықтырып, либидоны әлсіретеді.
Айтпақшы, устрицалар мен қара шоколадтың афродизиак әсері бар деген пікір кең тараған, алайда бұл ғылыми түрде дәлелденбеген. Оның орнына жалпы тепе-теңдікке назар аударған жөн: салмақты бақылауда ұстау, артық тамақтанбау, пайдалы майлар (балық, жаңғақ) мен талшыққа бай тағамдарды тұтыну. Кейбір әйелдерге тағамдық қоспалар да көмектеседі: магний мен B тобының дәрумендері (шаршауды азайтады, босаңсытады), омега‑3 май қышқылдары (тамырлардың саулығына пайдалы).
Салауатты өмір салты
Кез келген жастағы физикалық белсенділік көңіл күйді жақсартып, энергия береді – бұл өз кезегінде жыныстық тілекке де оң әсер етеді. Тұрақты жаттығулар бұлшық ет тонусын, қан айналымын және жалпы денсаулықты жақсартады, бұл әйелдің өзін сенімді әрі тартымды сезінуіне мүмкіндік береді. Зерттеулер көрсеткендей, тіпті қысқа мерзімді жаттығулардың өзі сексуалдық функцияға оң ықпал етеді.
Жаттығу кезінде жүйке жүйесі белсеніп, гормондар (эндорфин, тестостерон) көтеріледі, бұл жыныстық қозуды арттырады. Сонымен қатар спорт жүрек саулығын жақсартады, мазасыздықты төмендетеді, өзін-өзі бағалауды көтереді. Ал сенімді әйел – төсекте де еркін.
Ешқандай ерекше жаттығу қажет емес: ең бастысы – өзіңізге ұнайтын белсенділікті табу: жүзу, йога, би, жүгіру не күш жаттығулары. Ең маңыздысы – ұйқы, қозғалыс, дұрыс тамақтану секілді салауатты өмір салтын ұстану.
Сапалы ұйқы
Ұйқы – гормондық баланс пен жыныстық тілекке тікелей әсер ететін фактор. Дәрігерлер жақсы ұйқыны басты ұсыныстар қатарына қосады. Ұдайы ұйқысыздық кортизол (стресс гормоны) деңгейін арттырып, жыныстық гормондардың аз бөлінуіне, энергияның төмендеуіне және либидоның жоғалуына әкеледі. Күніне 7–8 сағат ұйықтау – әйел денсаулығы үшін маңызды.
Стресті басқару
Ұзаққа созылған күйзеліс – либидоның ең басты «жойғышы». Миға үнемі кернеу түссе, жыныстық тілек сөнеді. Сексуалдық құмарлық ішкі көңіл күймен тығыз байланысты: қорқыныш, уайым, өткендегі жағымсыз тәжірибе, төмен өзіндік баға – бәрі де жақындыққа кедергі болады.
Алайда стрессті азайтуға болады. Жай демалу, тыныс алу жаттығулары, йога, медитация, гаджетсіз демалыс, табиғатта серуендеу, достармен кездесу – мұның бәрі көмектеседі. Спорт та эндорфин бөліп, мазасыздықты азайтады.
Ароматерапия және атмосфера
Миымыз иістерге сезімтал. Жағымды иістер жүйке жүйесін тыныштандырып, көңілді көтереді. Лаванда, иланг-иланг, сандал және нероли эфир майлары – ежелден жыныстық энергияны арттыру үшін қолданылып келген. Бірақ бастысы – сізге жағымды, үй жайлылығымен ассоциация тудыратын хош иістерді таңдау.
Тыныс алу тәжірибелері
Қарапайым терең дем алу жаттығулары да ішкі шиеленісті азайтып, сезімдерге зейін қоюға көмектеседі. Жыныстық жақындық кезінде өзіңіздің және серіктесіңіздің тыныс алуына назар аударыңыз – бұл сізді қазіргі сәтке қайтарады.
Гормондық қалып
Либидо – эстроген, тестостерон және пролактин секілді гормондардың деңгейіне байланысты. Егер құштарлық ұзақ уақыт жоғалса, міндетті түрде анализ тапсыру қажет. Әсіресе босанғаннан кейін, менопауза кезінде немесе созылмалы шаршау сезілсе. Көп жағдайда гормондық теңгерімді қалпына келтіру жеткілікті болады.
Психологиялық факторлар
Психика – жыныстық өмірдегі маңызды элемент. Мазасыздық, сенімсіздік, реніш немесе өткендегі жаралар – бәрі де физикалық «қозуды» жоққа шығара алады. Әйелдерде бұл тізім ұзақ болуы мүмкін: депрессия, созылмалы шаршау, сәтсіз сексуалдық тәжірибе, жоғары күту, сенімсіз серіктес, өзін-өзі төмен бағалау және т.б. Сондықтан психолог немесе психотерапевт көмегіне жүгінудің маңызы зор.
Қорытындылай келе
Әйел либидосы – нәзік, көп факторлы құбылыс. Барлығына бірдей жарайтын әмбебап шешім жоқ. Бірақ өз денеңізге және көңіл күйіңізге деген қамқорлық шынайы нәтиже береді. Тұрақты ұйқы, дұрыс тамақтану мен қозғалыс – гормондар мен көңіл күйге берік негіз. Демалуға арналған тыныс алу және хош иіс терапиясы, сондай-ақ сенімді қарым-қатынас – психологиялық қуат береді. Ал егер мәселе ұзақ сақталса, дәрігер немесе маман көмегі – дұрыс шешім.
Автор. Жанель Муканова. Аударған. Гүлдана Мұқан.