Тіпті ең тату-тәтті жұптардың өзінде ерлі-зайыптылар арасындағы келіспеушіліктер кездесіп жатады. Мұндай жағдайлардан толықтай қашып құтылу мүмкін емес, себебі өмір әрдайым болжағаныңыздай бола бермейді. Жұптар көбіне күнделікті тұрмыс, демалыс немесе саяхат жоспарлары сияқты ұсақ-түйек себептермен де ұрсысып қалуы мүмкін. Маңыздысы – мәселені уақытында шешіп, оны жылдарға созып, ішке жинамау. Төмендегі материалда біз ең жиі кездесетін ерлі-зайыптылар арасындағы мәселелер мен олардың шешу жолдарын ұсынамыз.
Коммуникацияның нашарлығы
Неке – бұл үздіксіз еңбек. Алайда шаршау мен күйзелістен кейде серігімізді тыңдаудан қалып жатамыз. Осындай ұсақ түсініспеушіліктердің өзі үлкен жанжалға ұласуы мүмкін. Көбінесе дұрыс коммуникацияның жоқтығы бала кезден бастау алады, алайда ересек өмірде бұл мінез-құлық үлгілерін өзгертуге болады.
Шешім: Ерлі-зайыптылар бір-бірімен сөйлесуді үйренуі керек. Бірақ бұл әңгіме теледидар алдында немесе жол-жөнекей емес, саналы әрі терең диалог болуы қажет. Жұбайыңыздың айтқандарына құлақ асыңыз, оның орнына өзіңізді қойып көріңіз. Егер өзара тіл табыса алмасаңыздар, маманның көмегіне жүгінген дұрыс.
Секс және жақындық
Уақыт өте келе жұптар арасында физикалық жақындық сирей түседі. Бұл жағдай олардың бір-бірінен алыстай түсуіне себеп болады. Жыныстық қатынас басты орында болмаса да, жақындықты сақтай білу маңызды. Бұл – ұйықтар алдындағы шағын әңгіме, жеңіл сипау, не болмаса жылы сөздер болуы мүмкін.
Шешім: Жұбайыңыздың махаббат тілін зерттеңіз. Бұл – мақтау, сыйлық, жылы құшақ, не басқа да нәзік әрекеттер болуы мүмкін. Ең бастысы – серігіңіз сіздің қамқорлығыңызды сезінуі тиіс. Уақыты келсе, бірге кездесулер ұйымдастырыңыз. Олар қысқа болса да, әсерлі әрі романтикалық болсын. Егер бұл да көмектеспесе, отбасылық психологқа бірге барыңыз.
Алдау және опасыздық
Бұл – неке бұзылуына ең жиі себеп болатын мәселе. Тіпті жұбайының опасыздығын кешіре алған адам да, оған деген сенімі мен құрметін жоғалтуы мүмкін. Мұндай жағдай тек терең өз-өзін саралау мен ұзақ парлы терапия арқылы ғана шешілуі мүмкін.
Шешім: Бұл жағдайда ауыр болса да, шынайы әңгімелер қажет. Қатені мойындау, опасыздықтың түпкі себептерін табу, бір-біріне деген сенімді қалпына келтіру және жақындықты қайта орнату – маңызды қадамдар. Басты сұрақ – сіз осы неке үшін күресуге дайынсыз ба?
Міндеттерді бөлмеу
Отбасылық тепе-теңдікті сақтау – оңай іс емес. Әсіресе бала тәрбиелеу ісінде. Мысалы, бір жұбайы жұмыста кешігіп, екіншісінен балаларды мектептен алып кетуді сұрайды. Ал ол: «Неге тағы да мен?» – деп ренжиді. Мұндай келіспеушіліктер – жиі кездесетін жағдай. Сондықтан міндеттерді теңдей немесе еңбек көлеміне қарай бөле білу қажет. Қазіргі заманда әрі ер, әрі әйел мансап қуып, табыс табуға тырысады, бірақ кімнің қандай рөлді атқаратынын анықтай алмай жатамыз. Бұл өз кезегінде жанжалдарға әкеледі.
Шешім: Ашық сөйлесу көмектеседі. Мысалы, үй жинауға үлгермесеңіз, клининг қызметін шақырыңыз немесе бала қарауға көмекші табыңыз. Жұппен ортақ кесте жасап, міндеттерді сол бойынша бөлісіңіздер. Сонымен қатар, үйдегілердің еңбегін бағалауды ұмытпаңыз – кез келген жұмыс құрметке лайық.
Қаржы мәселесі
Ерлі-зайыптылар арасындағы жиі келіспеушіліктердің бірі – ақша. Біреу үнемдегісі келеді, екіншісі – қымбат нәрсе сатып алғысы келеді. Қаржылық әдеттердің айырмашылығы ұрыс-керіске себеп болуы мүмкін.
Шешім: Қаржылық жоспарлау сессиялары, ортақ бюджет жүргізу және қаржы маманымен кеңесу – тиімді жолдар. Маман сізге шығынды қалай оңтайландыру және тіпті инвестиция салу жолдарын ұсынуы мүмкін.
Балаларды тәрбиелеу
Бала тәрбиелеу – үлкен жауапкершілік және күрделі процесс. Жұбайлардың бала тәрбиесі жайлы көзқарасы әртүрлі болуы мүмкін, бұл – жиі кездесетін дау-дамайдың себебі.
Шешім: Бұл жерде бастысы – икемділік пен компромиске келу қабілеті. Балаларға қатысты шешімдерді өзара жеке талқылап, ал олардың алдында біртұтас ата-ана ретінде әрекет етіңіздер. Егер біліміңіз жетіспесе, бала тәрбиесі бойынша семинарларға қатысыңыздар.
Есіңізде болсын, кез келген тәрбие тәсілін уақыт өте қайта қарап, өзгертуге болады.
Өсу мен даму
Неке – бұл тек материалдық емес, рухани өсу де. Егер жұбайлардың бірі даму мен жаңа биіктерге ұмтылмаса, мұндай қатынас бірте-бірте әлсірейді. Кейде барлық жанжалдардың түбі осыдан басталады.
Шешім: Ортақ дамудың жолдарын бірге талқылап, болашаққа жоспар құрыңыздар. Бір-біріңізді қолдаңыздар, себебі сіздер осының бәрін өз болашағыңыз және отбасыңыз үшін жасап жатырсыздар.
Автор. Мария Бурлака. Аударған. Гүлдана Мұқан.