Таяуда ғана біз сіздерге жаз маусымының басты бьюти-трендтер жайлы айтып өттік, енді визажистер мен жұлдыздар сүйеніп отырған макияж бағыттарымен бөлісетін кез келді. Айта кету керек, биылғы тенденциялар табиғилық пен күтімді сұлулыққа бағытталған. Сол себепті бұл жолы көздің үстіне жағылатын ашық түсті бояулар, қанық ерін далабы немесе түрлі-түсті тушь жайлы сөз болмайды. Оның орнына теріні тегіс, ал көзқарасты — терең әрі әсерлі ететін кеңестер ұсынамыз.
«Бұлтты тері»
Сұлулық әлемінде жаңа ұғым пайда болды — «cloud skin» немесе «бұлтты тері». Бұл — терінің дем алуына мүмкіндік беретін, барқыт әрі жеңіл жабынды макияж. Мұндай эффектке жету үшін румян, праймер мен макияжды бекітетін жеңіл спрей міндетті түрде косметикаңызда болуы тиіс. Ал үгітілген өнімдермен абай болған жөн — тепе-теңдік пен табиғилық маңызды.
«Күн сүйген» бет ажары
Күн сүйгендей әсер алу үшін қанық реңктердегі румян мен бронзер таңдаңыз. Бордо, қызыл, таңқурай, терракота және алтын түсті өнімдер керемет нәтиже береді. Қауіпсіз және әдемі күнге күйген эффектке жету — сабыр мен дұрыс құралдардың нәтижесі.
Қайта оралған көз бояулары
Тень ешқашан сән сахнасынан кеткен емес, бірақ бір кезеңде олар сирек қолданылатын болды. Енді 2025 жылдың жазында олар қайта сәнде: жарқын немесе минималистік, жылтыр немесе күңгірт — бастысы, көзге мән беру қайтадан өзектілігін тапты.
Ерінге арналған комбинациялар
Бүгінде бір ғана ерін өнімі жеткіліксіз. Жылтыр, май, далап бәрі де қажет. Қандай образ таңдасаңыз да, еріннің нәзік терісіне күтім көрсететін өнімдерді таңдаңыз.
Қасқа арналған сәндеу
Қасқа гель жағу бүгінде үйреншікті дағдыңызға айналған болар. Бұл тренд жаңа болмаса да, өнімдердің формуласы өзгерді. Қазір брендтер құрамында пептид секілді пайдалы элементтері бар, жұқа қастарға күтім жасайтын тұрақты гельдер ұсынады.
Акварельді еріндер
2025 жылдың жазғы трендтері корей сұлулық индустриясында танымал болған акварельді еріндерді міндетті түрде байқап көруге шақырады. Жұмсақ қарындаш, жартылай мөлдір далап пен жеңіл глянец ерінге табиғи әрі нәзік көрініс береді.
Harper's BAZAAR ұсынған мақаланың түпнұсқасын сілтеме арқылы оқи аласыз.
Автор. Мария Бурлака. Аударған. Гүлдана Мұқан. Фото. Пресс-офисы марок.