1 миллиард табыс және халықаралық кинофестивальге жолдама: «Ауру» фильмінің феномені
Фото. Tartaria Films.

1 миллиард табыс және халықаралық кинофестивальге жолдама: «Ауру» фильмінің феномені

Гүлдана Мұқан
18 декабря 2025

Кино — тек кадрлар жиынтығы емес, ол жылдар бойы пісіп-жетілетін ауқымды еңбек. «Ауру» фильмі соның айқын дәлелі. Команданың айтуынша, картина идеясы 8 жыл бойы дамып, сценарийге 5 844 сағат жұмсалды. Түсірілім жұмыстары 31 күнге созылып, маркетингке 377 күн арналды. Ал бүгінде фильмді 512 364 көрермен тамашалап үлгерген.

Еске салсақ, картинаның Қазақстандағы ресми премьерасы 13 қарашада өтті. Көрермен мен киносыншылардың жоғары бағасының арқасында «Ауру» ұлттық прокатта 1 млрд теңгеден астам кассалық табыс жинады. Ең маңыздысы — «Ауру» 21+ жас шектеуімен прокатқа шығып, 1 миллиард теңгеден асқан алғашқы қазақстандық фильм ретінде тарихқа енді.

Халықаралық арена: Роттердам кинофестивалі

Режиссер Айтөре Жолдаскалидің «Ауру» фильмі халықаралық деңгейде де мойындалды. Картина Роттердам халықаралық кинофестивалінің (IFFR) Bright Future бағдарламасына ресми түрде іріктеліп алынған.

Аталмыш фестиваль 2026 жылдың 29 қаңтары мен 8 ақпаны аралығында өтпек. IFFR — авторлық кино әлемінде жаңа есімдерді ашатын, жаһандық нарыққа жол салатын ең беделді алаңдардың бірі.

«Роттердам — тек фестиваль емес, жаңа мүмкіндіктер алаңы. Басқа мәдениет өкілдерінің пікірі, жаңа кәсіби байланыстар, халықаралық кері байланыс — мұның бәрі «Ауру» фильмі үшін жаңа белес», - дейді картина режиссері Айтөре Жолдасқали.

Жоба авторлары, әлеуметтік желіде фильмнің Еуропаға арналған нұсқасын да көрсетті. Шетелдік нарыққа арналған туындының хронометражы - 1 сағат 41 минут (ал қазақстандық нұсқа — 1 сағат 59 минут).

Еуропалық дистрибьюторлар тіпті француз мамандарына монтаж жасатып, фильмді жергілікті көрерменге ыңғайлап қайта құрастырған екен. Бірақ көптеген сахналар қысқартылып, психологиялық драманың басталуы мен аяқталуы өзгертілді.

«Бұл процесс оңай болмағанымен, команда ортақ шешімге келіп, халықаралық аудитория үшін сенімді қадам жасауға бел буды», - дейді фильм режиссері Айтөре Жолдасқали.


Cookie  Image Использование файлов cookie

Мы используем куки для улучшения работы сайта. Узнать больше