Жаңа жылдық фильмдердің балама нұсқалары Рождествоның мерекелік атмосферасын сақтай отырып, дәстүрлі мейірімді сюжеттерден алшақ көрсетілген. Туындылар көрерменге драма, қара юморға толы комедия, хоррор немесе мерекеге неғұрлым шынайы, бейстандарт көзқарас ұсынады. Егер бұл сізге жақын болса және үйреншікті классикадан өзгеше дүние іздесеңіз — төменге көз жүгіртіңіз.
Гремлиндер (1984)
Рождество қарсаңында өнертапқыш Рэндалл Пелтцер антиквар дүкенінен Могвай атты ерекше жаратылысты сатып алып, оны ұлы Биллиге сыйламақ болады. Сатушы үш қатаң ережені ескертеді: су тигізбеу, түн ортасынан кейін тамақтандырмау және ашық жарықтан қорғау. Алайда бұл шарттар бұзылып, соңы ауыр әрі апатты салдарға әкеледі — дәл солай болатыны да анық.
Эдвард – Қайшықол (1990)
Төбеде орналасқан оқшау сарайда Эдвард есімді жасанды адам өмір сүреді. Оның жаратушысы оны аяқтап үлгермей көз жұмғандықтан, Эдвардтың қолының орнына қайшы қалып қойған. Өнертапқыштың өлімінен кейін ол жалғыз қалады, тек сауда агенті Пэг Боггс оны тауып, өз үйіне алып кетеді. Қала маңында Эдвард тосын жаңалыққа айналады: оның ерекше қабілеті тірі қоршаулар мен шаш үлгілерін жасауға көмектеседі. Алайда Пэгтің қызы Кимге ғашық болған сәттен бастап, қоғамның қызығушылығы үрейге ұласады. Өзгешелікті қабылдау — көпшілік үшін әлі де қиын.
Бэтмен қайта оралады (1992)
Готэм-Сити тағы да қауіп астында. Қаланың кәрізінен Пингвин пайда болады — қоғамнан шеттетілген, ашулы әрі кекшіл адам. Оны өз мақсатына пайдаланғысы келетін ықпалды кәсіпкер Макс Шрек билігін нығайтуды көздейді. Осы уақытта хатшы Селина Кайл ауыр психологиялық күйзелістен кейін Мысық-әйелге айналады — өз ережесімен әрекет ететін тәуелсіз әрі кекшіл кейіпкер. Осылайша Бэтмен бірден бірнеше қарсыласқа қарсы тұруға мәжбүр болады, ал олардың әрқайсысы адам табиғатының қараңғы қырларын бейнелейді. Айта кету керек, барлық оқиға Рождество мерекесі аясында өрбиді.
Рождество алдындағы қорқыныш (1993)
Сондай-ақ балама анимациялық жаңа жылдық фильмдерді де қосуды жөн көрдік. Таңдау ең танымалына — «Рождество алдындағы түнгі қорқынышқа» түсті. Айта кетерлігі, бұл жоба да, «Эдвард – Қайшықол» сияқты, Тим Бертонның туындысы. Режиссер Рождество тақырыбын өзіне тән готикалық, мұңды стиль арқылы қайта пайымдайды.
Фильм Джек Скеллингтон — Қорқыныш қаласының харизмалы патшасы туралы баяндайды. Ол өзіне үйреншікті мерекелерден жалығып, кездейсоқ Рождество әлеміне тап болады. Жарқын атмосфераға тәнті болған Джек бұл мейрамды өз әлеміне енгізгісі келеді. Дәстүрлердің мәнін толық түсінбеген ол Хэллоуин қаласының тұрғындарына сыйлықтар мен мерекелік түнді ұйымдастыруды тапсырады. Алайда бұл тәжірибе хаосқа айналады, себебі қорқынышты эстетика мерекелік рухпен үйлеспейді. Енді Джек әр әлемге өз орнын қайтаруы тиіс.
Көзді жұмып тұрып (1999)
Доктор Билл Харфорд жұбайы Элиспен бірге сырт көзге мінсіз өмір сүріп жатқандай көрінеді. Алайда жасырын тілектер мен некедегі күмәндар жайлы ашық әңгімеден кейін ол ішкі дағдарысқа ұшырайды. Бір түннің ішінде Билл құпия элиталық жиналыстар мен үрейлі оқиғалар тізбегіне тап болады. Түнгі Нью-Йоркпен саяхаты адам құмарлығы, билік пен әлсіздік тақырыбын зерттеуге айналады. Уақыт өте ол бақылау иллюзиясының қауіпті екенін және отбасын сақтап қалу үшін шынайылықтың маңызын түсінеді.
Қатыгез Санта (2003)
Уилли Соук — өмірден түңілген, алкоголге тәуелді адам. Ол жыл сайын сауда орталықтарында Санта-Клаус болып жұмысқа орналасады. Серіктесі Маркуспен бірге олар бұл кезеңді дүкендерді тонау үшін пайдаланатын қылмыстық бүркенішке айналдырады: күндіз жұмыс істеп, түнде сейфтерді бұзады.
Уилли адамдарды жек көретінін жасырмайды, бірақ Терман есімді аңғал әрі жалғыз баламен танысу оның өмірін өзгертеді. Бала жақсылыққа шын сенеді — бұл Уиллидің қатып қалған жүрегін біртіндеп жібіте бастайды.
2046 (2004)
Фильм жазушы Чоу Мо-ванның өмірі төңірегінде өрбиді. Сәтсіз қарым-қатынастардан кейін ол жалғыздық пен естеліктерге бой ұрады. Ол «2046» атты ғылыми-фантастикалық роман жазады — бұл өткен сезімдерді сақтап қалуға тырысатын мекен туралы шығарма. Көрерменге кейіпкердің шынайы өмірінен үзінділер де көрсетіледі: қысқа романдар, үмітсіз армандар мен эмоционалдық алшақтық. Оның жолында кездескен әйелдер ішкі жан дүниесінің түрлі қырларын бейнелейді. Өткен мен бүгін астасып, қиял әлемі жоғалған махаббат пен уақытты ұғынудың тәсіліне айналады.
Kiss Kiss Bang Bang (2005)
Ұсақ қылмыспен айналысатын бұзақы Гарри Локхарт полициядан қашып жүріп, кездейсоқ Голливудтағы кино кастингке тап болады. Киногерлер қателесіп, оны болашағы бар актер деп қабылдап, кәсіби дайындыққа шақырады. Рөлге дайындалу үшін Гарриді жеке детектив Перри Ван Шрайкпен таныстырады, ол оған тергеудің қыр-сырын үйретеді.
Автор. Жанель Муканова. Аударған. Гүлдана Мұқан.