Жұлдыздардың танымалдыққа дейінгі өмірі әрдайым қызық, әсіресе медиа тұлғалардың жанкүйерлері үшін. Фанаттар кумирлерінің өнер жолына қалай келгенін білуге құмар. Harper’s BAZAAR Kazakhstan шоу-бизнес өкілдерінің жастық шағына шолу жасап, олардың бүгінгі күнге дейінгі өзгерісін көрсетпек. «Жұлдыздар танымалдыққа дейін және қазір…» немесе «До и после» айдарының жаңа кейіпкері – актриса, блогер, инфлюсенсер Анеля Кенжибекова.
LifeStyle, travel, fashion және beauty – дәл осы бағыттар Анеля Кенжибекованың өмірімен тікелей байланысты. 1,4 миллионнан астам оқырманы бар танымал блогер эстетика мен әдемілікті ерекше бағалайды. Бүгінде ол тек әлеуметтік желі жұлдызы ғана емес, актриса ретінде де танылып, фильмдер мен веб-сериалдарға түсіп үлгерді.
Заманауи контент-мейкер ретінде Анеля сапалы идеялары мен креативінің арқасында бірнеше бизнесті қатар дамытып келеді. Ол жастайынан желіде белсенділік танытып, фолловерлерін саяхат пен сәнге қатысты ең өзекті трендтермен таныстырып жүр. Сонымен қатар блогер күнделікті өмірін де шынайы көрсетіп, аудиториясымен жақын байланыс орната алған.
Бір салада шектеліп қалмайтын Анеля киноға түсіп қана қоймай, әншілікті де байқап көрді. Соңғы уақытта ол танымал отандық әрі ТМД кеңістігіндегі брендтердің подиумына модель ретінде де шақырту алып жүр.
Медиа-саланың жұлдызы көптеген қыздарға шабыт пен мотивация сыйлайды. Спортпен тұрақты түрде айналысып, салауатты өмір салтын ұстанатын инфлюенсер табиғи сұлулықты қолдайды. Әнелдің ең басты қаруы – шынайлық пен өз-өзіне деген махаббат.
Фото. Кейіпкердің жеке мұрағатынан.