Жұлдыздардың танымалдыққа дейінгі өмірі әрдайым қызық, әсіресе медиа тұлғалардың жанкүйерлері үшін. Фанаттар кумирлерінің өнер жолына қалай келгенін білуге құмар. Harper’s BAZAAR Kazakhstan шоу-бизнес өкілдерінің жастық шағына шолу жасап, олардың бүгінгі күнге дейінгі өзгерісін көрсетпек. «Жұлдыздар танымалдыққа дейін және қазір…» немесе «До и после» айдарының жаңа кейіпкері – театр және кино актриасы, әнші Салтанат Бақаева.
Салтанат Бақаева – нағыз role model. Актриса әрі әншінің өнер жолында
жүргеніне 15 жылдан астам уақыт болды. Бүгінде Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ
мемлекеттік академиялық драма театрының актрисасы ғана емес, сонымен қатар
продюсер. Оның «Зулейха» атты спектаклі әр қойылым сайын аншлагпен өтуде.
Алматы мен Астанадан бөлек, енді труппа қыркүйек айының соңында Батыс өңіріндегі Ақтөбе, Атырау, Ақтау
қалаларына гастрольдік сапармен бармақ.
Салтанат Бақаева – өнері мен өмірін қатар алып жүрген санаулы актрисалардың
бірі. Шығармашылығы мен отбасында үйлесімділік сақтай білген өнер иесі
әлеуметтік желіде де белсенді. 3,1 миллион оқырманы бар жұлдыз талай жанға
мотивация сыйлап, үлгі тұтарлық тұлғаға айналған.
Ең қызығы – қанша жыл өтсе де Салтанат Бақаеваның табиғи сұлулығы
өзгермеген. Күннен күнге құлпырып жүрген актриса жасандылықты емес, шынайылықты
таңдаумен ерекшеленеді.
Фото. Кейіпкердің жеке мұрағатынан.