Соңғы кездері позитивті ойлау аса сәнді құбылысқа айналғанын байқадыңыз ба? Тіпті қарапайым жаман көңіл-күйді де бетке жайылған үлкен күлкіге жедел ауыстыруға кеңес беріп жатады. Бірақ әрқашан «+» белгісімен өмір сүру қаншалықты қауіпсіз? Сарапшылар, керісінше, позитивтің теріс салдарлары бар екенін айтады. Өзін-өзі дамытуға арналған Be More Kid атты танымал кітаптың авторлары мына жайттарды бөліп көрсетеді:
Позитивтен тыс болу – қалыпты ма?
Күн сайын адамды ренжітуі мүмкін мәселелер туындайды. Әрине, мұндай сәтте өзіңізді жігерлендіріп, жақсыға үміттену маңызды. Бірақ сонымен қатар, сәтсіздіктерді мойындау да — қалыпты жағдай. Туған эмоцияларды сипаттап көріңіз, содан соң қиындықтарды қалай еңсеретініңізді жоспарлаңыз.
Шара қолдану – табыстың кілті
Тек позитивті ойлау сізге қалаған нәрсенің бәрін бере алмайды. Армандау, тілек картасын жасау, визуализацияны жаттықтыру пайдалы. Бірақ одан да маңыздысы – әрекетке көшу. Егер сіз «мен істей алар едім» деңгейінде қалып қойсаңыз, енді «мен істеуім керек» деңгейіне көшу уақыты келді. Әйтпесе, жақсы ойлар ұзақ уақыт бойы шындыққа айналмай қалады.
Аффирмациялар шынымен жұмыс істей ме?
Аффирмациялар – позитивті ойлаудың тамаша құралы. Бірақ сіз айтқандарыңызға сенуіңіз аса маңызды. Әйтпесе ішкі қайшылық пайда болады. Мысалы, егер өзіңізді шын мәнінде тартымды деп есептемесеңіз, «мен әдемімін» деген сөз керісінше, комплекстерді күшейтуі мүмкін.
Егер позитивті ойлау бізді бақытты етпесе, не жұмыс істейді?
Балалар – бақыттың айқын көрсеткіші. Олар жақсы ойларды әдейі құрап
жатпайды. Себебі кез келген ұсақ-түйекке шынайы қуанады. Бірақ бала өскен сайын
түрлі сенімдерді бойына сіңіреді. Сол сенімдердің бірі күш берсе, енді бірі
жойқын әсер етеді. Отбасыңызда жиі айтылған сөздерді еске түсіріңізші: егер ол
«жақсы бастық болмайды» немесе «ақша – жамандық» болса, бүгінгі күні мансапта
қиындықтарға тап болғаныңызға таңғалмаңыз. Маңыздысы – санасыз мінез-құлқыңызға
ықпал еткен теріс сөздерді тану және оларды дені сау әрі өнімді сенімдерге
алмастыру.
Автор. Harper’s BAZAAR Kazakhstan. Фото. Shutterstock.com.