Дизайнерлер шабытты кез келген жерден табады десек, сізді таңғалдырмаспыз. Табиғат, фильмдер, тарихи оқиғалар немесе белгілі бір ұлттың мәдени коды болсын – ерекше топтамалар жасауға себеп көп. Әлемдік дизайнерлердің туындыларында қазақтың ұлттық ою-өрнектері де кездесіп тұрады. Иә, кейде дәстүрлі өрнектер бізге мүлде басқа қырынан көрініп, белгілі брендтердің өзіндік стилі мен көзқарасы арқылы жаңаша түрге енеді. Тіпті, кейбір дизайнерлер өз топтамаларында қазақ оюларын қолданғандарын байқамай қалуы да мүмкін. Бірақ, шынымен де Эйфель мұнарасының аясында жүріп-ақ жүрекке жақын, таныс дүниені көру, байқау – ерекше қуаныш.
Balmain Couture күз-қыс 2021

Франциялық бренд өзінің 75 жылдығын карантин кезеңінің қатаң шарттарында атап өткен еді. Қонақтарды шақыру мүмкін болмаған соң, Оливье Рустен бұл маңызды күнді сонда да ерекше қылуды жөн санаған. Ол үшін Сена өзеніндегі круизге 21 модельді шақырып, кеш ұйымдастырды. Әрбір бойжеткен Balmain мұрағатындағы көйлектермен жүріп өткенде, кейбірінің үстінде қазақ оюларын бірден танып қоюға болатын. Нағыз сұлулық сол болар!
Alexander McQueen


Tashen баспасынан шыққан Fashion Designers A-Z кітабында жарияланған Alexander McQueen аяқ киімдерінің бір жұбында түркі өрнектері алаулаған оттың түстерімен көмкерілген.
Schiaparelli

Бұл ұзын қара жүннен тігілген кешкі пальтоны 40-жылдары Эльза Скиапареллидің өзі жасаған. Ал оған зер салып қарасаңыз – алтын түсті жылтырақтар және мөлдір інжумен тігілген букле кестесі көздің жауын алады!

Уоллис Симпсонның 40-шы жылдардың басындағы Сесил Битонның объективіне түскен жакетіндегі өрнектері – нағыз қошқар мүйіз!
Jeanne Paquin


Metropolitan Museum of Art
Жанна Пакен – аты сирек аталатын, бірақ сән тарихында орны бар кутюрье. Оның ең танымал туындылары қазіргі уақытта Метрополитен музейінде сақтаулы. Солардың бірі – 1890 жылдардағы барқыттан тігілген қара өрік түсті күндізгі көйлек. Ол бастан-аяқ жібек матадан жасалған күлгін өрнектермен көмкерілген. Нағыз қазақтың ұлттық оюларындай!
Saint Laurent көктем-жаз 1977


Metropolitan Museum of Art
Бұл топтамадағы түймелі пиджак – шеберліктің тағы бір үлгісі. Барқыттан тігілген корсеттер мен миди белдемшелермен қатар, бұл пиджак көзге ерекше әсер қалдырады.
Saint Laurent күз-қыс 1978


Metropolitan Museum of Art
Бұл сюрреалистік топтамада алтын түсті өрнектерге басымдық берілгенімен, олар күміс түспен де үйлесіп, өзіне назар аудартады. Жакетте оюлар сынған айнаға ұқсайтын бейнелерді қоршап тұр.


Metropolitan Museum of Art
Ал 1989 жылғы топтамада этникалық өрнектер жарқын түстерге ие болды. Фуксия түсті жакеттің пішінді қиықтарын кемпірқосақ түстес оюлар безендірген. Өрнектер жең ұштарында да кездеседі.
Oscar de la Renta

Metropolitan Museum of Art
Суретке көз салыңызшы. Ештеңе еске түспей ме? Бұл винтажды пиджак – дәл нағыз қамзол секілді. Тек қысқартылған әрі мехтан тігілген.
Saint Laurent Couture көктем-жаз 2002
Ив Сен-Лоран өзінің 40 жылдық шығармашылық жолына қысқаша шолу жасап, оны Париждегі Жорж Помпиду орталығында көрсетті. Кутюрьенің ең ұлы туындыларының арасында 1966 жылғы «Мондриан» көйлегі мен 1968 жылғы моншақтармен кестеленген силуэттер де бар. Солардың ішінде ерекше көзге түскені – танымал өрнектермен безендірілген барқыт жакет. (Бейнежазбаны қоссаңыз – бірден көзге түседі)
Alexander McQueen күз-қыс 2010

Бұл – Александр Маккуиннің өзі жасап үлгерген соңғы топтамасы. Жаккард матасымен тігілген Византия императрицалары мен ортағасырлық Мадонналардың силуэттерімен қатар, қазақ және түркі оюлары да ерекше байқалады. Айта кетейік, бұл алтын түсті өрнектердің көпшілігі қолмен кестеленген. Шеберлердің еңбегі – шынымен де феноменалды.
Etro көктем-жаз 2020

Мойындаймыз: Etro топтамаларынан қазақ және түркі өрнектерін табатынымызға сенімді болдық. Өйткені, бұл брендтің әрбір топтамасы этникалық және дәстүрлі мотивтерге бай. Біз қателеспедік. Мысалы, Белла Хадидтің үстіндегі терең түн көк барқыт кафтанның манжеттері мен жағасында дәл сол таныс өрнектер жарқырап тұр.
David Koma күз-қыс 2020

Таңқаларлық жайт, бірақ шындық. Британдық дизайнер Давид Кома (Алматыға келген болатын) Қазақстанда болмай тұрып-ақ, біздің мәдениеттен шабыт алған. Нәтижесінде – күміс түсті әшекейлер пайда болды. Олар David Koma брендіне тән стильде, жайлы әрі ерекше statement-силуэттермен үйлесім тауып тұр.
Chanel Couture күз-қыс 2014

Қазақ оюларының тағы бір ерекше интерпретациясы – Карл Лагерфельдтің топтамасынан табылды. Бұл оюлар оның қолынан шыққан ақ түсті мүсіндік жакеттер мен шапандарды көмкеріп тұр.
Автор. Дарья Юсан. Фото. Аударған. Қорлан Тұрсынбекова. Пресс-офисы марок. Spotlight. Кадры из видео.