Harper’s BAZAAR Kazakhstan редакциясы сіздер үшін қазірдің өзінде Netflix платформасында қолжетімді рождестволық фильмдерді жинақтады. Айта кету керек, бұл жылы әрі әсерлі картиналармен үйдегі кино кешін бүкіл отбасы болып өткізген ерекше жылулық сыйлайды
«Ауысып демалу», 2006 жыл
Рождестволық классикадан бастайық. Бұл тізімдегі Netflix компаниясы түсірмеген жалғыз фильм де осы. Соған қарамастан, оны стримингтік платформада тамашалауға болады.
Фильм жеке өмірінде дағдарысқа тап болған екі әйелдің оқиғасын баяндайды. Айрис — Британиялық журналист, жауапсыз махаббаттан күйзеліп, қарым-қатынастан көңілі қалған. Ал Аманда — Лос-Анджелестен шыққан табысты кәсіпкер, серігінің опасыздығына тап болады. Бір-бірін мүлде танымайтын бұл екі әйел біраз уақытқа үйлерін ауыстырып, ортаны өзгертуге және ішкі күйзелістен арылуға шешім қабылдайды.
Айрис Калифорнияға аттанып, жасы үлкен сценарист Артурмен танысады және біртіндеп өзіне деген сенімділігі мен өмірге деген қызығушылығын қайта табады. Ал Аманда ағылшынның тыныш ауылына барып, үй иесінің ағасы Грэммен жолығып, алғаш рет шынайы эмоциялық жақындыққа жол береді.
«Ханшайымның орнына», 2018 жыл
Фильм оқиғасы Рождество қарсаңында ойдан шығарылған еуропалық корольдікте өрбиді. Америкалық кондитер Стейси беделді байқауға қатысу үшін сол елге келеді де, өзіне айнымай ұқсайтын герцогиня Маргаретпен танысады.
Екі қыз қысқа уақытқа рөлдерін ауыстыруға келіседі: бірі сарай ережелері мен шектеулерінен тыс өмірді сезінгісі келсе, екіншісі жаңа танысына сарайдағы міндеттерін атқаруға көмектескісі келеді.
«Рождество шежіресі», 2018 жыл
Фильм бауырлар — Кейт пен Теддидің тарихын баяндайды. Отбасындағы ауыр қазадан кейін олар Рождестволық ғажайыптарға сенуден қалады. Санта-Клаустың бар екенін дәлелдеуге тырысқан балалар күтпеген оқиғалар тізбегіне тап болып, мерекенің өзіне қауіп төндіреді. Енді олар «ғажайыптар жасаушымен» бірге Рождествоны құтқару үшін күш біріктіруге мәжбүр болады.
«Жабайы табиғаттағы демалыс», 2019 жыл
Басты кейіпкер Кейт күйеуі өмірін түбегейлі өзгертуге шешім қабылдағаннан кейін жалғыз қалады. Эмоциялық соққыны еңсеру үшін ол бастапқыда отбасымен жоспарланған Африкаға саяхатқа жалғыз аттанады. Сол сапар барысында Кейт ұшқыш Дерекпен танысып, пілдерді қорғаумен айналысатын қорықтың жұмысына араласады.
«Рождество қарсаңындағы рыцарь», 2019 жыл
Оқиға ортасында — ортағасырлық рыцарь сэр Коул. Сиқырлы қарғыс салдарынан ол Рождествоға бірнеше апта қалғанда қазіргі заманға тап болады. Жаңа өмір ережелерін түсінбей жүргенде, ол мектеп мұғалімі Брукпен танысады. Брук оған заманауи әлемге бейімделуге көмектеседі. Уақыт өте келе олардың арасында ерекше байланыс орнап, рыцарь парыз, ар-намыс пен махаббат ұғымдарын жаңаша түсіне бастайды.
«Клаус», 2019 жыл
Netflix платформасында рождестволық анимациялық фильмдер де бар. Солардың бірі — пошта империясының иесінің ерке әрі жалқау ұлы Джеспер туралы баяндайды. Ұлын жауапкершілікке үйрету үшін әкесі оны алыс солтүстіктегі шағын қалаға жібереді. Бұл жерде жергілікті отбасылар арасындағы араздықтың кесірінен пошта қызметі іс жүзінде тоқтап қалған.
Міндетін орындауға тырысқан Джеспер орманда тұратын, ағаш ойыншықтар жасайтын Клауспен танысады. Ал кездейсоқ басталған бұл ынтымақтастық күтпеген әрі ғажайып өзгерістерге алып келеді.
«Мерекелерге арналған жұп», 2020 жыл
Слоан мен Джексон жалғыздықтан және мерекелік отырыстарда туыстарының бітпейтін сұрақтарынан шаршаған. Кездейсоқ танысқан олар бір жыл бойы бір-біріне отбасылық мерекелерде серік болуға келіседі, бұл келісімнің романтикалық астары жоқ деп шешеді. Алайда ортақ мерекелер, әңгімелер мен ыңғайсыз жағдайлар оларды біртіндеп жақындастырады. Олар шын мәнінде бірге болғысы келе ме, әлде бұл қарым-қатынас тек айналасындағылар үшін ғана «нақты» болып қала ма?
«Рождество есімді бала», 2021 жыл
Фильм аттас кітаптың желісімен түсірілген және солтүстіктегі қатал ауылда өмір сүретін Николас есімді баланың тарихын баяндайды. Аңызға айналған эльфтер мекенін іздеуге кеткен әкесі жоғалып кеткен соң, жасөспірім оны табу үшін жолға шығады. Ұзақ сапар барысында ол талай қиындықты бастан өткеріп, ерекше серіктермен танысады әрі сиқыр мен сынақтарға толы ғажайып әлемді ашады.
«Махаббаттың көзге көрінбес иісі», 2021 жыл
Басты кейіпкер Натали — Лос-Анджелестен шыққан журналист. Ол танысу қосымшалары арқылы жеке бақытын табуға тырысқанымен, әрекеттері сәтсіз аяқталады. Мінсіз жанды таптым деп сенген Натали тосын сый жасау үшін Рождествода оған ұшып барады. Алайда сол жерде алданғанын біледі: интернет арқылы сөйлескен адамы мүлде басқа адам болып шығады. Дегенмен бұл оқиғаның жағымды тұстары да жоқ емес…
«Отбасылық алмасу», 2023 жыл
Фильм Уокерлер отбасының төңірегінде өрбиді. Бұл әулетте ата-аналар мен балалар бір-бірін түсінуде қиындықтарға тап болады. Рождество қарсаңында болған тылсым оқиғаның салдарынан отбасы мүшелері күтпеген жерден денелерін ауыстырып алады. Бұл жағдай олардың қалыптасқан өмір салтын түбегейлі өзгертеді.
Автор. Жанель Муканова. Аударған. Гүлдана Мұқан.