Соңғы кездері сауна тұтынушылардың сұранысына ие. Себебі құрғақ әрі ыстық будың денені босаңсытып, ағзадан токсиндер мен кірді шығарып, күнделікті күйбеңнен демалуға көмектесетіні жасырын емес. Алайда Harper’s BAZAAR басылымының хабарлауынша, мамандар мұндай демалыстың кері әсері де бар екенін айтады. Сауна шынымен де шаштың құрғауына әсер етеді, дәлірек айтқанда, оның пайда болуына себеп болуы мүмкін. Әсіресе жіңішке, бұйра және боялған шаштар теріс әсерге көбірек ұшырайды. Harper’s BAZAAR Kazakhstan мұның алдын алуға болатынын атап өтеді. Енді қалай екенін айтып берейік.
Шаш мамандары ыстық стайлерлерді жиі қолдану шаш құрылымына зиян тигізетінін үнемі еске салып отырады. Сауна да дәл сондай әсер береді. Әдетте саунадағы температура 80-нен 110 градусқа дейін жетеді, бұл шаштың жағдайына кері әсерін тигізеді: ыстық бу шаштың кутикуласын көтеріп, нәтижесінде ылғал мен табиғи майлар оңай шығып кетеді. Шаштың жылтырлығы мен тегістігі жоғалып, шаш үлгісі солғын әрі ұқыпсыз көрінеді. Бу бөлмесінде тері ылғалды тер арқылы жоғалтады — дәл осы процесс шашпен де болады.
Саунада шаштың құрғауын қалай алдын алуға болады?
Біріншіден, саунаға арнайы жүн немесе киізден жасалған қалпақсыз кірмеу керек. Мұндай бас киім шаштың айналасында қолайлы микроклимат қалыптастырып, жылудың әсерін реттеуге көмектеседі.
Екіншіден, стилистер бу бөлмесіне кірер алдында шашты суландыруды ұсынады. Су шашты шамадан тыс кебуден қорғайды.
Соңында, жіңішке, бұйра және боялған шаш иелеріне мамандар «ыстық» сеансқа дейін және кейін кондиционер, маска немесе шаш майын қолдануға кеңес береді. Бұл косметикалық өнімдер ылғалдың жоғалуына жол бермейтін қорғаныш қабатын қалыптастырады. Ал саунаның шаштың құрғауына әсер ететінін ескерсек, осы қарапайым қадамдар жағымсыз салдардан сақтануға көмектеседі.
Автор. Мария Бурлака. Аударған. Гүлдана Мұқан. Фото. Брендтердің баспасөз қызметі.