Сарапшылар полинуклеотидтерді тері мен тіндердің күйін жасушалық деңгейде жақсартудың инновациялық тәсілі деп атайды. Әжімге қарсы инъекциялар мен дермальды филлерлер сияқты әдістермен салыстырғанда, жаңа процедура қысқа және ұзақ мерзімді перспективада тиімділігімен ерекшеленеді. Косметологтар мұндай инъекциялар жақын арада бүкіл әлемді баурап алады деп сендіруде. Төмендеға мақалада дәл осы процедура туралы білуіңіз керек барлық ақпарат бар.
Полинуклеотидтер дегеніміз не?
Полинуклеотидтер — бұл инъекциялық биостимулятор. Препараттың серпімді молекулалары балықтан алынған фрагменттерден тұрады және адам ДНҚ-сын имитациялайды. Процедураның мақсаты — тері жасушаларын ынталандырып, жас ұлғаюымен азаятын пайдалы заттардың қайтадан өндірілуін қамтамасыз ету. Бұл фибробласттарды белсендіру арқылы коллаген мен эластиннің деңгейін арттырады. Инъекция антиоксиданттық әсер береді, теріні жақсы ылғалдандырады және оның тонусын қалпына келтіреді. Тағы бір сөзсіз артықшылығы — биомоделдеу, яғни теріні тарту және табиғи нәтиже алу.
Полинуклеотидтер басқа инъекциялардан несімен ерекшеленеді?
Косметологтар полинуклеотидтердің өзге танымал инъекцияларға ұқсас әсер беретінін айтады. Бірақ айырмашылығы — олар, мысалы, гиалурон қышқылына негізделген тері бостерлері секілді тек ылғалдандырмайды, сонымен қатар тері жасушаларын коллаген мен эластин өндіруге итермелейді. Сонымен бірге бұл инъекциялар беттегі кез келген аймақпен жұмыс істей алады: көз асты, ерін, маңдай — тіпті мойын, иек және бет сүйектері де қамтылады.
Процедура қалай өтеді?
Алдымен дәрігер теріге жансыздандыратын крем жағып, процедураны жайлы етеді. Кейін жұқа ине арқылы препарат тері астына енгізіледі. Көз айналасындағы аймаққа келгенде, мамандар көбіне дөңгелек ұштары бар канюляны қолданып, препаратты бет сүйегіндегі бір нүкте арқылы енгізеді. Бүкіл процесс көп уақыт алмайды. Соңында ісікті азайту үшін бетке мұз салынған пакеттер қойылады.
Косметологтардың айтуынша, екі-үш процедура жеткілікті, арасы — шамамен екі апта. Ал алғашқы нәтижелерін бірден байқауға болады. Әсері шамамен жарты жылға дейін сақталады, кейін оны мезгіл-мезгіл қайталап тұру жеткілікті. Полинуклеотидтерді радиожиілікті тері тарту не филлер процедураларымен қатар жасауға да болады. Алайда бұл — өте жеке мәселе, косметологпен жеке кеңес арқылы шешіледі.
Маңызды: препарат жануар текті шикізаттан жасалған, сондықтан ол вегандарға, вегетариандарға, жүкті және бала емізетін әйелдерге, сондай-ақ балыққа аллергиясы бар адамдарға жарамайды. Сонымен қатар мамандар бұл процедураны жас қыз-жігіттерге аса қажеттілік болмаса жасатпауды ұсынады.
Полинуклеотидтер шаш түсуіне көмектесе ме?
Иә, көмектеседі. Сарапшылардың айтуынша, бұл препарат коллаген өндіруді арттырып, жасушалардың жаңаруын ынталандыру арқылы шаш өсуіне әсер етеді. ДНҚ-ның құрылымдық компоненттері шаш фолликулдары мен бас терісінің регенерациясын бастайды.
Процедураның қауіп-қатері бар ма?
Инъекция туралы сөз қозғалғанда, ешқандай қауіп жоқ деу — қате. Олар міндетті түрде болады.
Біріншіден, полинуклеотидтерді, дермальды филлерлер секілді, қажет жағдайда «ерітуге» болмайды. Екіншіден, процедурадан кейін бетіңізде көгеру, ісік немесе қабыну пайда болуы мүмкін. Ең бастысы — нәтижеге әсер ететін негізгі фактор — дәрігеріңіздің біліктілігі мен қолданатын препаратының сапасы. Сондықтан аз уақыт бөліп, тәжірибелі және сенімді косметологты іздеңіз — сіздің сұлулық пен күтімге салған уақытыңыз өз жемісін береді.
Harper’s BAZAAR UK ұсынған мақаланың түпнұсқасын сілтеме арқылы оқи аласыз.
Автор. Мария Бурлака. Аударған. Гүлдана Мұқан.