Адам күніне орта есеппен 50-150 тал шаш жоғалтады – бұл қалыпты жағдай. Алайда егер сіз шаш түсуі күшейгенін байқасаңыз, бірінші кезекте трихолог маманына жүгіну қажет. Блогерлер жарнамалаған өнімдерді өз бетіңізше қолданудан аулақ болыңыз. Harper’s BAZAAR мәліметінше, шаш түсуінің көптеген себебі болуы мүмкін. Ең жиі кездесетін факторларды ұсынамыз:
Тракциялық алопеция, күйзеліс және дұрыс емес өмір салты. Күйзеліс – сұлулығымыздың басты жауы. Ол ұйқысыздыққа, тыныштықтың жоғалуына, күйзеліс сезіміне және… шаш түсуіне әкеледі. Айтпақшы, тракциялық алопеция да мазасыздықтан пайда болады. Сонымен қатар, ағзада темірдің, D және B12 дәрумендерінің жетіспеуі мен рационында ақуыздың аздығы да шаштың сиреуіне әсер етуі мүмкін.
Орталық центрбежді тыртықты алопеция. (Бұл - шаштың төбе бөлігінен бастап шеңбер тәрізді түсуі және оның орнына тыртық ұлпасының пайда болуы.) Шаш сәндеуге арналған ыстық құралдарды жиі қолданатын әйелдер көбінесе төбесіндегі шаштың шиыршық тәрізді түсіп жатқанын байқай алады. Мұндай жағдайда шашты жиі сәндеуден (оған қатты өрімдер мен тығыз байланған құйрықтар да кіреді) бас тартып, уақытылы ем бастаған жөн.
Түрлі аурулар. Тұқымқуалаушылық пен аутоиммунды аурулар шаштың күйіне тікелей әсер етеді. Сонымен қатар, COVID-19-бен ауырғандар да бұл санатқа кіреді, себебі пандемиядан кейін көптеген науқастардың шашы түсе бастаған.
Жүктілік және менопауза. Гормоналдық өзгерістер де маңызды рөл атқарады. Жүктілік кезінде әйелдердің шашы әдемі әрі жылтыр болып көрінсе, босанған соң керісінше жағдай болуы мүмкін. Жас ұлғайған сайын шаш баяу өсіп, өзі жұқарып, әлсірей бастайды. Сондықтан менопауза кезінде де осындай мәселелер туындауы мүмкін.
Шаш бояу. Егер сіз шашыңызды жиі ағартатын болсаңыз, ол біртіндеп әлсіреп, түсе бастауы мүмкін. Химиялық заттардың әсерінен шаш серпімділігін жоғалтып, жиі сынғыш болады.
Шашты дұрыс тарамау. Иә, егер шашты қатты тартсаңыз немесе бас терісіне қатты қысым жасасаңыз, шаш құрылымы бұзылып, түсуі мүмкін. Ал негізі тарау процесі шаштың түбін белсендіріп, пайдалы әсер береді, тек оны жұмсақ әрі ұқыпты жасау қажет.
Ауа-райы өзгеріп, мезгілдің ауысуы. Сондай-ақ, жылдың әр мезгіліне байланысты шаштың әрекеті әртүрлі болатынын ұмытпаған жөн. Шаш үшін ең «тұрақсыз» айлар – шілде, қазан және қараша болып саналады.
Автор. Мария Бурлака. Аударған. Гүлдана Мұқан.