Movie time: Қараша айының көптен күткен отандық кинопремьералары
Фото. @sham_films

Movie time: Қараша айының көптен күткен отандық кинопремьералары

Гүлдана Мұқан
31 октября 2025

Күздің соңғы айы қазақстандық киноиндустрия үшін ерекше болмақ. Қараша айында бірден бірнеше жанрдағы отандық туындылар үлкен экранға жол тартады — көрермендерді комедия, драма және экшн элементтері тоғысқан түрлі оқиғалар күтеді. Harper’s BAZAAR Kazakhstan назарларыңызға ең көп талқыланатын жаңа фильмдердің тізімін ұсынады.

«Жездуха», 6 қараша 2025 жыл

Жайдарман жұлдыздары «Миллион» командасы ұсынған кезекті туынды - қалалық мәдениет пен жастар өмірін шынайы, бірақ жеңіл әзілмен көрсетеді. Корей елінде таспаланған лентада күлкі, музыка және өзара қарым-қатынас — бәрі де қазіргі буынның өмір салтын бейнелейді. Фильмнің режиссері қоғамдағы шынайы көріністерді экранда көрсету арқылы жаңа буынның «дауысын» жеткізеді.

«Ауру», 13 қараша 2025 жыл

Қуаныш Бейсектің продюсерлігімен таспаланған бұл фильм — адамның ішкі күйзелісі мен эмоциялық жаралары жайлы психологиялық драма. Айтөре Жолдасқали режиссерлық еткен картина өмірдің күрделі сұрақтарына жауап іздейтін туынды көрерменді терең ойға жетелейді. Басты рөлдегі актерлердің шынайы ойыны мен әсерлі атмосфера фильмді ерекше етеді.

«Номер 37», 20 қараша 2025 жыл

«Номер 37» - спектакльден толықметрге айналған эксперименталды жоба. Криминалды драма мен триллер жанрында таспаланған. Сюжет желісі: метродағы жарылыстан қаза тапты деп есептелген Расул он бес жылдан кейін үйіне оралады. Бірақ отбасы үшін қуанышпен қатар «Сонша уақыт қайда жүрдің?» деген күдік те көкейде тұр. Жауапсыз қалған бұл сұраққа енді әркімнің өз жорамалы бар.

«Алло», 13 қараша 2025 жыл

Романтика мен иронияны біріктірген жеңіл комедия. Бір қоңырау тағдырды қалай өзгертуі мүмкін? Басты кейіпкерлердің күтпеген кездесуінен басталған оқиға күлкі мен сезімге толы сәттерге ұласады.

«Шәй в большом городе», 20 қараша 2025 жыл

Қала өмірінің қарбаласы мен әйел достығы жайлы әсерлі әрі көңілді хикая. Басты кейіпкерлер — мегаполистегі өмірдің түрлі қырын көрсететін заманауи әйелдер. Фильмде комедия, драма және нәзік эмоция шебер тоғысқан.

Қараша — отандық кинематографтың көркем және мазмұнды айы болғалы тұр. Сондықтан күнтізбеңізге ең қызық премьералардың датасын түртіп қойыңыз және сүйікті кинотеатрда алғашқы көрерменнің бірі болыңыз.


Cookie  Image Использование файлов cookie

Мы используем куки для улучшения работы сайта. Узнать больше