ALEM
Фото: ДАУИР ЖОМАРТ

Махаббат оның әлемі: ALEM - музыка, сүйіспеншілік және жауапкершілік жайлы

04 сентября 2025

Заманауи қазақ музыкасының жарқын өкілі, «Ninety One» тобының мембері ALEM лақап атымен танымал Батырхан Мəлік – музыка, махаббат, жауапкершілік жайлы. Батыр сұқбат барысында соло мансабы мен əке атанғаннан кейінгі өміріндегі өзгерістері, сүйіспеншілік пен жауапкершіліктің мəнін, музыка саласында өз стилін қалай тапқанын жəне болашақ жоспарларын айтып берді.

Фото: ДАУИР ЖОМАРТ DAUIR ZHOMART

Стиль: ЖАНАЙДАР ЖЕНИСБЕКОВ ZHANAIDAR ZHENISBEKOV

Интервью: ГҮЛДАНА МҰҚАН GULDANA MUKAN

Директор моды: ЛАРИСА АЗАНОВА LARISSA AZANOVA

«Ninety One» — Q-pop жанрының пионерлерінің бірі. Қазақстанда жаңа музыкалық ағымның дамуына ықпал еткеніңізді түсінгенде қандай сезімде боласыз?

Иә, «Ninety One» он жылда аз жұмыс атқарған жоқ. Бұл тек біздің ішкі жан дүниеміз бен шығармашылығымыздың көрінісі ғана емес, топ біртіндеп әлеуметтік қозғалысқа айналды. Тыңдарманымыздың өміріне жағымды әсер еткен сәттер аз болмады. Бізді мүлде танымайтын адамдар әндеріміз арқылы өмірінің бір кезеңінде демеу тауып, шабыт алғанын айтып жатады. Көптеген оқиғаларын бөліседі — кейде жанды тербететін, жүрекке әсер ететін оқиғалар. Сол үшін біздің әндеріміз жай ғана музыка емес, жанға шипа болатын қолдаудың бір түрі деп айта аламын. Осы он жылдың ішінде атқарылған жұмыс көп, ал жақсы нәтиже шыққанда ішіміз жеңілдеп, бір мақсатыңа жеткендей боласың.

«БІЗДІҢ ӘНДЕРІМІЗ ЖАЙ ҒАНА МУЗЫКА ЕМЕС, ЖАНҒА ШИПА БОЛАТЫН ҚОЛДАУДЫҢ БІР ТҮРІ ДЕП АЙТА АЛАМЫН.»

ALEM
Здесь и далее: ОДЕЖДА, ВСЕ VAN MILLER; ОБУВЬ, СОБСТВЕННОСТЬ СТИЛИСТА; СОЛНЦЕЗАЩИТНЫЕ ОЧКИ, СОБСТВЕННОСТЬ ГЕРОЯ

Сіз үшін жеке шығармашылық топтағы жұмыстан несімен ерекшеленеді? Еркіндік пе, тақырып пен әуен таңдауы ма?

Әрине, айырмашылық бар. Жеке шығармашылықта еркінсің — өзің ғана шешім қабылдайсың. Ал топта төрт адам болса, төрт түрлі пікір болады. Пікірталасып, ортақ шешімге келеміз. Дегенмен топта өнер көрсетудің де өз артықшылықтары бар: егер бір идеяңды жүзеге асыра алмай жатсаң, жаныңда оны толықтырып, көркемдей алатын серіктестерің болады.

Жеке шығармашылықпен айналысқанда, «Ninety One» жігіттерімен қаншалықты жиі ақылдасасыз?

Иә, әрине. Алғашқы жеке трегімді жазған сәттен-ақ жігіттерге көрсеттім. Олардың пікірі мен үшін маңызды. Бүгінге дейін жаңа дүние шықса, бірінші болып бір-бірімізбен бөлісеміз.

«Махаббат» және басқа да жеке тректеріңіз тыңдарманға қазіргі көңіл күйіңіз бен көзқарасыңызды қалай жеткізеді?

Әндерімнің дыбысы, әуені, вибрациясы — бәрі менің әлемге, жаратылысқа деген қарым-қатынасымды жеткізеді. Әр адам өз көзқарасымен қабылдайды, себебі әр тыңдарман — жеке тұлға. Мен үшін бастысы — махаббат. Мұңды бақыт деген ұғым бар: өткенді еске алғанда бір мезетте бақыттысың да, сағыныштан көңілің босайды. Есейген сайын рухани құндылықтардың мәнін тереңірек түсіне бастайды екенсің.

Музыкаңыздың ерекше энергетикасы мен стилін қалай қалыптастырдыңыз? Бұл бағытты біреу ұсынды ма, әлде өзіңіз таптыңыз ба?

Жоқ, бұл — өз жолым. Ұзақ ізденіп, түрлі бағыттарды тыңдап, зерттедім. Қайсысы жанымды баураса, соны саралап, өз шығармашылығыма енгіздім. Бір сәтте өзіме ұнайтын дыбыс пен энергетиканы тапқанымды түсіндім.

Жеке карьераңыздағы басты мақсат қандай? Әлемдік аренаға шығу ма, әлде өз-өзіңізге дәлелдеу ме?

Ең басты мақсатым — бала-шағамды бақытты ету. Ол үшін жақсы табыс табу, көбірек жұмыс істеу, сапалы музыка ұсыну керек. Тыңдарманым сүйіп тыңдайтын әндер жазып, концерттер өткізу — осының бәрі біртіндеп сол мақсатқа апарады.

Ұлыңыздың есімі - Тай. Тұңғышыңыздың дүниеге келуі музыкаңызға қалай әсер етті?

Музыкаға тікелей әсер етпесе де, өміріме қатты ықпал етті. Шынайы жауапкершіліктің не екенін ұқтым. Бұл — жай ғана міндет емес, ішкі түйсікпен сезінетін, сөзсіз қабылдайтын жауапкершілік.

«ӘЙЕЛГЕ ҚОЛДАУ КӨРСЕТУ — МЕН ҮШІН ҚАЛЫПТЫ НӘРСЕ. МҰНЫ МІНДЕТ ДЕП ЕМЕС, СҮЙІСПЕНШІЛІК ПЕН СЫЙЛАСТЫҚТЫҢ КӨРІНІСІ ДЕП БІЛЕМІН.»

ALEM

Отбасыңыздағы әке рөліңіз қандай? Жұбайыңызға қаншалықты көмектесесіз?

Барынша көмектесуге тырысамын. Қазір концерттер мен жұмыстар көп болғандықтан, бұрынғыдай жиі қол ұшын бере алмай қаламын. Бірақ әйелге қолдау көрсету — мен үшін қалыпты нәрсе. Мұны міндет деп емес, сүйіспеншілік пен сыйластықтың көрінісі деп білемін.

«МАХАББАТ – СЕЗІНЕТІН, БІРАҚ СӨЗБЕН ТҮСІНДІРЕ АЛМАЙТЫН ҚИЫН ҰҒЫМ. МАХАББАТ – КҮШ. ӘЛЕМДІ ҚҰТҚАРАТЫН ДА ОСЫ СЕЗІМ.»

Махаббат сіз үшін не?

Бұл — сезінетін, бірақ сөзбен түсіндіре алмайтын қиын ұғым. Махаббат — күш. Әлемді құтқаратын да осы сезім.

Алдағы уақытқа шығармашылық жоспарларыңыз қандай?

Қазір бірнеше демо дайын. Қыркүйекке дейін бір трек шығады, ол — жаңа фильмнің саундтрегі. Фильмде көшедегі балалардың суперқаһарман болуға ұмтылысы туралы баяндалады.

Сізбен жұмыс істегісі келетін продюсерлер болды ма?

Жоқ, ұсыныстар түскен жоқ. Өзім жұмыс істеуге үйреніп қалғанмын. Қасымда шағын, бірақ мықты команда бар: концерттер мен жарнамамен айналысатын директорлар, маркетинг бөлімі. Барлығы бірге «ALEM» жобасын дамытып жатырмыз.

Тыңдарманға айтарыңыз бар ма?

Біз бәріміз бұл өмірді алғаш рет сүріп жатырмыз. 60 жастағы адам да, 20 жастағы адам да өз жасын бірінші рет өткеруде. Сол себепті өз қалауларыңа адал бол, өзіңді жақсы көр, сеніміңді жоғалтпа және өз бақытыңды өзің құра біл дегім келеді!


ВИЗАЖ: АЛМАТ АСКАР; ПРОДЮСЕР: ДИНМУХАММЕД КЕРИМОВ; АССИСТЕНТ РЕДАКЦИИ И ВИДЕО: ДАЛИЛА СЛАМКУЛОВА.

Cookie  Image Использование файлов cookie

Мы используем куки для улучшения работы сайта. Узнать больше