Күздің салқын ауа райында тамашалайтын әсерлі фильмдер
Фото. Shutterstock.com. Автор. Okrasiuk.

Күздің салқын ауа райында тамашалайтын әсерлі фильмдер

Гүлдана Мұқан
17 сентября 2025

Күз мезгілінде - бар қалауыңыз жылы көрпеге оранып, ыстық какао алып, жайлы фильм тамашалау. Бірақ мұндай сәтте көретін картинаны таңдауда қателеспеу маңызды. Оның үстіне, «Гарри Поттер», «Қазан айындағы аспан» сияқты атмосфералы туындыларды бірнеше рет көріп қойғанбыз. Сол себепті сіз әлі де тамашалап үлгермеген ленталар тізімін ұсынамыз.

«Әуендер үні», 1965 жыл

Мария — жас монахиняның шәкірті, көңілді мінезді және музыкаға ғашық. Бірақ игуменья оны қатаң тәртіппен жеті баласын тәрбиелеп отырған капитан Георг фон Трапптың үйіне гувернантка жібереді. Қыздың тағдыры қалай өрбімек?

«Қалыңдық ханшайым», 1987 жыл

Лютик есімді жас қыз алғашқы махаббатын жоғалтып, мәжбүрлі некеге келісуге тура келеді. Бірақ кенеттен оның өміріне бейтаныс кейіпкерлер араласады. Ол құпия қылыш шебері, жүрегі мейірімді дәу және айлакер жан.

«Гарри Саллимен кездескенде», 1989 жыл

Екі мүлдем бейтаныс адам бір көлікте Нью-Йоркке жолға шығады. Олар ер мен әйелдің достығы мүмкін бе деген тақырыпта сөз таластырып, енді ешқашан жолықпаймыз деп ойлап қоштасады. Бірақ тағдыр оларды жылдар бойы қайта-қайта тоғыстырады.

«Таң атпай тұрып», 1995 жыл

Пойызда америкалық Джесси мен франциялық Селин танысады. Олар аяқасты бір түнді бірге Венада өткізуді ұйғарады: көшелерді аралап, өмір мен өлім, махаббат пен арман жайлы сөйлеседі. Уақыттары шектеулі болғандықтан, әр сәт ерекше мәнге ие болады.

«Ең жақсы достың үйлену тойы», 1997 жыл

Журналист Джулианна жақын досы Майклдың үйленетіні жайлы жаңалық естиді. Сол сәтте қыз оның өзіне ғашық екенін түсініп, тойға араласуға шешім қабылдайды. Бірақ болашақ қалыңдықтың мейірімді әрі адал болуы, оның жоспарына тосқауыл болады.

«Ата-аналарға тұзақ», 1998 жыл

Екі қыз жазғы лагерьде кездесіп, бір-бірінің егіз екенін біледі: ата-аналары ажырасқанда оларды бөлген екен. Қыздар орындарымен ауысып, бірі анасына, екіншісі әкесіне барады. Бара-бара екеуі отбасын қайта қосу жоспарын жасайды, бірақ ол оңайға соқпайды.

«Қалыңдықтың әкесі», 1991 жыл

Джордж Бэнкс кенеттен қызының бойжетіп, тұрмысқа шығатынын біледі. Қуаныштың орнына ол қобалжиды, себебі қызының қолынан шығатынын қабылдау қиын. Үйлену тойына дайындық күлкілі әрі қиын жағдайларға толы болып, әке өз рөлін қайта ой елегінен өткізуге мәжбүр болады.

«Мәңгілік», 2002 жыл

Жас қыз ерекше құпияны сақтап жүрген жұмбақ отбасымен танысады. Бұл адамдар ғасырлар бойы өмір сүріп келеді, қартаймайды және шын табиғатын жасырады. Қыз олардың біріне ғашық болып қалады, бірақ қарапайым өмір мен мәңгілік арасындағы таңдау үлкен сынаққа айналады.

«Түн ортасы Парижде», 2011 жыл

Америкалық жазушы қалыңдығымен және оның ата-анасымен Парижге келеді. Бір түні ол тосыннан өткен дәуірдің аңызға айналған суретшілері, жазушылары және музыканттарымен кездесетін ерекше әлемге тап болады. Қаланың тылсымына еніп, ол бақыт, шығармашылық және өзінің болашағы туралы ойлана бастайды.

«Қалғандар», 2023 жыл

Кенеттен бүкіл әлемде миллиондаған адам жоғалып кетеді. Ал қалғандары болған жағдайды түсінуге және хаос пен қорқынышқа толы жаңа өмірде тірі қалуға тырысады. Басты кейіпкер болған оқиғаның себебін іздеп, мән-мағынасын табуға талпынады, бірақ шынайылық азайып, қауіп көбейе береді.


Автор. Жанель Муканова. Аударған. Гүлдана Мұқан.

Cookie  Image Использование файлов cookie

Мы используем куки для улучшения работы сайта. Узнать больше