Желіде «кортизолды бет» (немесе кейде «ай тәрізді бет» деп те аталады) деген жаңа термин кеңінен талқылануда. Қолданушылар өздерінде мұндай «кемшілік» бар-жоғын анықтауға тырысуда. Блогерлер мұндай ерекшелікті өзіне күтім жасамау, бет массажы мен лимфодренаж жаттығуларына мән бермеумен байланыстырып жатса, дәрігерлер мұндай ісіну, шаршау және бөртпелерді денсаулыққа қатысты елеулі мәселелердің белгісі деп санайды.
Бұл тақырыпқа қоғамның назарын жылдың басында актриса Эми Шумер аударға болатын. Әлеуметтік желі қолданушылары оның сырт келбетіне — беті мен мойнының ісіп кетуіне, бетінің қызарғанына байланысты сын айтты. Кейін белгілі болғандай, комедиантка сирек кездесетін Кушинг синдромымен ауырады екен. Бұл ауру салдарынан артық салмақ жиналып, қызарған реңк пайда болады, жауырынның ортасына май жиналады және бұлшық ет атрофиясы орын алады — бұлардың бәрі стрестің гормоны кортизолдың әсерінен болады.
Желіде кейбір блогерлер әйелдер мен ерлерді уайым деңгейін азайтуға шақырып жатыр, өйткені олардың ойынша, адам сырт келбеті де мазасыздықтан зардап шегеді. Мұның бәрі бір қарағанда қисынды көрінгенімен, дәрігерлер мұнымен келіспейді. Біріншіден, олар өз-өзіңізден ойдан шығарылған диагноз іздемеуге кеңес береді. Егер сізді бірдеңе мазаласа, маманға жүгінгеніңіз жөн. Екіншіден, иә, стресс сырт келбетке әсер етуі мүмкін, бірақ ол үшін өте жоғары деңгейдегі кернеу қажет. Ақырында, күйзеліс кезінде ағза қанға кортизол бөлуі мүмкін, алайда «кортизолды бет» көбіне операциядан кейінгі қалпына келу кезеңінде жүрген, стероидтар қабылдайтын немесе Эми Шумер секілді күрделі диагнозы бар адамдарда ғана кездеседі.
Стрестік гормонның адам ағзасына әсер ететіні рас. Ол биологиялық ырғақты, қан қысымын реттейді, сондай-ақ қабыну процестеріне қатысады. Дәл осыдан кейін «кортизолды бет» теориясы пайда болды. Алайда бұл – ғаламтордағы кезекті жалған мифтердің бірі ғана. Сондықтан интернеттен оқыған әр ақпаратқа сене бермей, өз денеңізді жақсылап сезініп, қажет болған жағдайда дер кезінде дәрігерге жүгінуді үйрену маңызды.
Автор. Мария Бурлака. Аударған. Гүлдана Мұқан.