Көпшілік шарап түстерін күз маусымының айқын әрі тартымды символы ретінде біледі. Бірақ суық мезгілде де бұл палитра өзектілігін жоғалтпайды. Сондықтан біз бордо реңктерінде көз тартатын қысқы бейнелерді қалай құрастыруға болатынын көрсетеміз — қанық түстерді сүйетіндерге ұнайтыны анық. Harper’s BAZAAR Kazakhstan барлық егжей-тегжейімен дәл қазір бөліседі.
Шоколадтағы шие
Бордо мен шоколад реңктерінің үйлесімі әрдайым әсерлі әрі «тәбетті ашады». Тек реңкі бір-біріне жуық бұйымдарды таңдауға тырысыңыз, әйтпесе, жинақ тым шашыраңқы көрінеді. Ал бұл, әрине, оны сәндірек етпейді.
Үлкен қаладағы жаңбыр
Қазір айшықты да тосын сырт киімдер сән индустриясының басты назарында. Оны күнделікті заттармен, реңкі үйлес аяқ-киіммен және кішкентай сөмкемен толықтырған жөн. Күн сайын киетін мінсіз жинақ табылды дей беріңіз.
Сәл де болса шик
Мұндай образды нағыз трансформер деуге болады: ол кез келген жағдайға оңай бейімделеді. Костюм, туфли және сөмке тойда, мерекелік кеште немесе ресми қабылдауда мінсіз көрінеді. Ал кеңсе жейдесі не ақ футболкамен бұл жинақты дресс-код мүмкіндік берсе, жұмысқа да киюге болады.
Аздап преппи
Егер кеңсеге арналған бірнеше бірдей дәрежелі киім үйлесімін іздесеңіз, тағы бір жақсы мысалды айтайық. Мұнда айқын бөлшектер базалықтармен үйлесім табады. Осылайша жұмыс күндеріне табиғи әрі ұтымды жинақ пайда болады.
Қара + бордо
Қара мен бордо реңктерінің өзгеше миксі әрқашан концептуалды да тың көрінеді. Негізгі екпінді былғары бомберге қалдыру үшін, гардеробтың қалған бөлігін күңгірт реңктерде ұстаңыз. Соның өзінде бейне тым драмалы не готикалық болып шықпайды.
70-жылдарға оралу
Қыстағы бордо реңктеріндегі бейнелер кейде толық монохром да бола алады. Ондайда одан көзді айыру мүмкін емес. Монохромды жинақ — мәңгілік классика; ол экспериментке де, тәуекелге де тұрарлық.
Ессіз әткеншек
Әрине, былғары плащты жалаң денеңізге киіп, сүйіктіңізді таңғалдыруыңызға болады, бірақ, сірә, тоңып қаласыз. Ал оны әрдайым өзекті La Petite Robe Noire (кішкентай қара көйлек) және биік етіктермен толықтырсаңыз, әсері кем болмайды.
Harper's BAZAAR мақаласының түпнұсқасын мұнда оқи аласыз.
Автор. Мария Бурлака. Аударған. Гүлдана Мұқан. Фото. Брендтердің баспасөз қызметі.