Денсаулық пен салмақты сақтау — кешенді процесс екенін біз бұрын да атап өткенбіз. Мамандар да дәл осындай пікірде. Қазақстанда семіздік мәселесі өзекті болып отыр. Tengri News дерегіне сәйкес, 2025 жылдың алғашқы жартысында елімізде «артық салмақ» диагнозын алған 2 255 жаңа пациент тіркелген. Бұған көптеген фактор әсер етеді: дұрыс тамақтанбау, күйзеліс, аз қозғалыс, менопауза және зиянды әдеттер. Дәрігерлер артық майдың, әсіресе іш аймағындағы майдың, өмір ұзақтығына тікелей әсер ететінін айтады. Сондықтан мамандар бұл дерттің алдын алуға көмектесетін қарапайым ережелерді ұстануды ұсынады. Harper’s BAZAAR Kazakhstan басылымы Harper’s BAZAAR España нұсқасымен бөліседі — қарынды тегіс әрі серпінді ету жолдары туралы.
Баяу тамақтану. Асқан жылдамдықпен тамақ ішу — кебулер мен газ түзілуінің басты себептерінің бірі. Ал тағамды баяу әрі мұқият шайнау ас қорытуды жақсартады және ауа жұтуды азайтады. Итальяндықтар мұны артық салмақтан қорғайтын негізгі әдеттердің бірі деп санайды.
Витамин С көбірек тұтыну. Газ түзілуіне әсер ететін өнімдер (ақ және гүлді қырыққабат, брокколи, артишок, қияр, болгар бұрышы, шалғам) пайдалы болғанымен, асқазанда ашу процесін тудырады. Ал С дәрумені олардың қорытылуын жеңілдетіп, L-карнитиннің бөлінуін ынталандырады — бұл зат майды энергияға айналдырады.
Пребиотиктер мен пробиотиктер. Тегіс қарынның сенімді серіктері — пробиотиктер мен пребиотиктерге бай тағамдар. Оларға қою қара шоколад, кимчи, тұздалған қияр, мисо-сорпа, йогурт және комбуча шайы жатады. Мамандар ішек микрофлорасын жылына екі рет дәріханалық қоспалармен қалпына келтіруді де ұсынады.
Өнімдерді дұрыс үйлестіру. Кей тағам түрлерін бірге жеу ас қорытуға кері әсер етеді. Мысалы, крахмалға бай тағамдарды (нан, макарон, күріш, картоп, киноа және жармалар) қышқылды өнімдермен (томат тұздығы, сірке суы) немесе тым піскен жемістермен бірге тұтынуға болмайды.
Клетчатка көп болсын. Клетчатка ішек жұмысын белсенді етеді және ас қорытуды реттейді. Рационға бұршақ тұқымдастарды, жаңғақтарды, сондай-ақ маусымдық көкөніс пен жемістерді қосыңыз.
Енді Ішіңізді тегіс әрі серпінді етудің жолдарын білесіз. Қозғалысты көбейтіп, денеңізге қамқорлық жасаңыз — бұл ұзақ өмір мен мықты денсаулықтың құпиясы.
Автор. Мария Бурлака. Аударған. Гүлдана Мұқан.