Денсаулық – баға жетпес байлық. Бірақ қазіргі таңда күйбең тіршіліктің кесірінен оған мән беруді ұмытып кету де оңай. Дәрігерлер мен мамандардың айтуынша, профилактика – ағзаның жағдайын бақылауда ұстауға және аурудың алдын алуға көмектесетін ең тиімді тәсіл. Сол себепті тұрақты медициналық тексерулер сіздің to-do list тізіміңізге енуі тиіс. Мұндай әдет өмірді сақтап қалуға да себеп бола алады. Harper’s BAZAAR Kazakhstan бұл туралы толық айтып береді.
Жатыр мойны обырына скрининг
Жатыр мойны обырына арналған скрининг қатерлі ісікті ерте кезеңінде анықтауға мүмкіндік береді. Дәрігерлер оны 21 жастан бастап тапсыруды ұсынады. ХХ ғасырдың ортасында енгізілген Папаниколау жағындысы (ПАП-тест) қалыптан тыс жасушаларды, олар ракқа айналмай тұрып анықтайды. Ал адам папилломасы вирусына (ВПЧ) тест аурудың дамуына себеп болатын вирустардың бар-жоғын ерте анықтауға мүмкіндік береді.
Мамандар Папаниколау тестін 20 жастан бастап әр 3 жыл сайын тапсыруды, ал 30 жастан кейін екі анализді де әр 5 жыл сайын жасауды ұсынады. Айта кету керек, ВПЧ-ге қарсы вакцина алған әйелдер де скринингтен өтуі қажет, себебі екпе барлық вирус түрінен қорғай бермейді.
Сүт безі обырына скрининг
Сүт безі обыры – әйелдер арасындағы ең жиі кездесетін қатерлі ісік түрі. Бұл жағдайда ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ) ауруды ерте кезеңде анықтауға көмектеседі. Ал маммография – сүт безінің рентгені – ісік немесе түйіндерді олар сезілерден бірнеше жыл бұрын анықтай алады.
Дәрігерлер скринингті 40 жастан кейін әр 1–2 жыл сайын өткізуді ұсынады. Егер генетикалық бейімділік болса, тексеруді ертерек бастау керек. Сонымен қатар клиникалық тексерулер мен өздігінен тексеруді де ұмытпаңыз. Сүт безінің пішіні, терісінің түсі мен құрылымындағы кез келген өзгеріске назар аударыңыз.
Сүйек саулығы
Сүйек саулығы да маңызды назарда болуы тиіс. Менопауза басталғаннан кейін әлемдегі әр үшінші әйел остеопорозға шалдығады. DEXA-сканерлеуі сүйек тінінің тығыздығын өлшейді. Бұл тексеруді 50 жастан кейін бастаған жөн, ал бейімділік болса – ертерек.
Бұл неге маңызды? Сүйектің жұқаруынан болатын сынықтар өмір сапасын күрт төмендетеді. Ерте диагностика, арнайы жаттығулар мен D дәруменін қабылдау мұндай жағдайлардың алдын алады.
Жүрек саулығы
Жүрек аурулары көбіне «ерлердің ауруы» деп саналғанымен, жыл сайын одан көптеген әйел көз жұмады. Әдетте әйелдердегі белгілер айқын болмайды: ентігу, шаршау, ас қорыту бұзылыстары жиі байқалады.
Кардиологтар 20 жастан бастап артериялық қысымды тексеріп тұруды, ал 35–40 жастан холестерин мен қандағы қант деңгейін бақылауды ұсынады. Бұл көрсеткіштерді уақтылы тексеру болашақта ауыр асқынулардың алдын алуға көмектеседі.
Репродуктивті және гормоналды денсаулық
Репродуктивті денсаулық тек жүктілікке қатысты емес, ол – жалпы ағзаның үйлесімді жұмысы. Мысалы, поликистозды аналық без синдромы (ПКАБС) әр оныншы әйелде кездеседі. 20–30 жас аралығындағы әйелдерде етеккірдің бұзылуы, безеу, шамадан тыс түктену немесе бала көтерудегі қиындықтар байқалса, бұл синдромның белгісі болуы мүмкін. Оны УДЗ арқылы анықтайды.
Гинеколог қабылдауындағы тұрақты тексерулердің тағы бір маңызды бөлігі – фертильділікті бағалау. Бұл қазір жүктілікті жоспарлап жүрген әйелдерге ғана емес, болашақта аналықты кейінге қалдырғысы келетіндерге де маңызды.
Ішек обырына скрининг
Тоқ ішектегі полиптер қатерлі ісікке айналуы мүмкін, бірақ оларды дер кезінде алып тастауға болады. Бұл жағдайда колоноскопия тиімді әдіс саналады. Әдетте оны әйелдер мен ерлер 45 жастан бастап әр 10 жыл сайын бір рет өтуі керек. Ал егер отбасыңызда ішек обыры болған болса, жиірек тексерілу қажет. Нәжіс талдауын әр 1–3 жыл сайын тапсыру да аурудың алдын алуға көмектеседі.
Колоноскопия – қауіпсіз процедура, бірақ ол қауіпті дерттің алдын алудың ең тиімді жолы. Сондай-ақ ішек обырының басқа белгілеріне түсініксіз анемия мен іштің ауруы жатады.
Қалқанша безінің саулығы
Бұл кішкентай мүше ағзадағы көптеген процестерге әсер етеді: шаштың түсуінен бастап, көңіл күйдің өзгеруіне, етеккірдің бұзылуы мен шаршауға дейін. ТТГ (қалқанша без гормоны) деңгейін анықтайтын қарапайым қан талдауы ауытқуларды анықтауға мүмкіндік береді. Скрининг әсіресе 30–40 жастағы әйелдерге, жүкті әйелдерге және түсініксіз белгілер байқалатын адамдарға ұсынылады.
Қорытынды
Тұрақты медициналық тексерулер – өз денсаулығыңызға деген қамқорлықтың айқын көрінісі. Олар белсенді және сапалы өмір сүруге көмектеседі. Қазіргі өмір ырғағы кейде өзімізге көңіл бөлуге кедергі келтірсе де, денсаулықты екінші орынға ысыруға болмайды.
Harper's BAZAAR Arabia ұсынған мақаланың түпнұсқасын сілтеме арқылы оқи аласыз.
Автор. Мария Бурлака. Аударған. Гүлдана Мұқан.