Акне, артық түк және циклдің бұзылуы: әйелдердің тестостероны жоғарлаған жағдайда не істеу керек?
Фото. Shutterstock.com. Автор. Studio Romantic.

Акне, артық түк және циклдің бұзылуы: әйелдердің тестостероны жоғарлаған жағдайда не істеу керек?

Гүлдана Мұқан
18 сентября 2025

Әйелдердегі жоғары тестостерон — бұл ағзадағы ерлер гормонының мөлшері нормадан айтарлықтай асып кеткен жағдай. Тестостерон әйел денсаулығында маңызды рөл атқарады: либидоны, көңіл күйді, репродуктивті жүйенің жұмысын және зат алмасуды реттейді. Алайда оның артық болуы циклдің бұзылуына, тері проблемаларына, сыртқы келбеттегі өзгерістерге және тіпті репродуктивті қиындықтарға әкелуі мүмкін. Төменде осы гормонның рөлі, алаңдататын белгілер және қазіргі медицинаның емдеу әдістері туралы айтамыз.

Тестостерон әйел ағзасында қандай рөл атқарады?

Аз мөлшердегі тестостеронды аналық бездер мен бүйрек үсті бездері бөледі. Бұл гормон:

• сүйектердің беріктігін сақтайды;

• жаңа қан жасушаларының түзілуіне қатысады;

• жыныстық құштарлықты реттейді;

• көңіл-күй мен энергияға әсер етеді;

• эстрогенмен бірге репродуктивті жүйенің саулығына жауап береді.

Әйелдердегі тестостерон нормасы — 15–70 нг/дл. Егер көрсеткіш осыдан асып кетсе, гормондық теңгерімсіздікті білдіретін белгілер пайда бола бастайды.

Фото. Shutterstock.com. Автор. maxbelchenko.

Жоғары тестостерон белгілері

Гормон деңгейі қалыптан шыққанда ағза әртүрлі «сигнал» береді:

• акненің пайда болуы;

• бетте, кеудеде немесе арқада түктің шамадан тыс өсуі (гирсутизм);

• бас терісіндегі шаштың түсуі;

• етеккірдің тұрақсыздығы;

• көңіл-күйдің құбылуы;

• либидоның төмендеуі;

• дауыстың жуандауы;

• бұлшық ет массасының артуы;

• кеуде көлемінің кішіреюі;

• ауыр жағдайларда — семіздік пен бедеулік.

Негізгі себептері

Жоғары тестостерон көбіне гормондық бұзылуларға байланысты дамиды:

1. Аналық бездің поликистоз синдромы (СПКЯ) — ең жиі кездесетін себеп.

• тұрақсыз немесе сирек етеккір;

• жетілмеген фолликулдармен үлкейген аналық бездер;

• артық түк, акне, жүкті болудағы қиындықтар.

2. Туа біткен бүйрек үсті безінің гиперплазиясы (ВГН) — генетикалық ақау, нәтижесінде андрогендер артық түзіледі.

3. Қалқанша бездің проблемалары — әсіресе гипотиреоз, ол SHBG ақуызына әсер етеді. Оның төмендеуі бос тестостеронды көбейтеді.

4. Инсулинге төзімділік — инсулинді қабылдау қиындап, аналық бездерде тестостеронның артық түзілуін ынталандырады.

5. Аналық без немесе бүйрек үсті безі ісіктері — сирек кездесетін, бірақ қауіпті себеп.

Фото. Shutterstock.com. Автор. MAYA LAB.

Диагностикасы

Дәрігер жоғары тестостеронды сыртқы белгілерге қарап-ақ күдіктене алады. Дәлелдеу үшін:

• қан талдауы (ертеңгілік алу маңызды, себебі гормон деңгейі ең жоғары уақытта болады);

• жамбас қуысы ағзаларының УДЗ (СПКЯ анықтау үшін);

• КТ немесе МРТ (бүйрек үсті безі патологиясын анықтау үшін) жасалады.

Жоғары тестостерон кезінде не істеу керек?

1. Медикаментозды ем

• Ауыз қуысына арналған контрацептивтер артық тестостерон түзілуін тежеуге көмектеседі (әсіресе дезогестрел, гестоден немесе норгестимат бар препараттар).

• Антиандрогендер айқын белгілер (гирсутизм, акне) кезінде тағайындалады.

• Қосымша ауруларды емдеу: мысалы, қалқанша без бұзылыстарын түзету немесе инсулинге төзімділік терапиясы.

2. Хирургиялық ем

Сирек жағдайларда (аналық без немесе бүйрек үсті без ісігі болғанда) операция жасалады.

3. Өмір салты мен тамақтану

Өмір салтын өзгерту гиперандрогенияның белгілерін едәуір азайтады:

• салмақты 5–10% төмендету тестостерон деңгейін азайтып, СПКЯ ағымын жеңілдетеді;

• теңгерімді тамақтану: көбірек көкөніс, талшық, пайдалы майлар; аз тәтті және жылдам көмірсулар;

• тұрақты дене белсенділігі инсулинді реттеп, гормондық балансқа көмектеседі;

• сапалы ұйқы және стрессті азайту андроген деңгейіне тікелей әсер етеді.

Фото. Shutterstock.com. Автор. Dmytro Zinkevych.

Неліктен дер кезінде емделу маңызды?

Жоғары тестостерон тек эстетикалық мәселе емес. Уақытында емделмесе, ол мынадай асқынуларға әкелуі мүмкін:

• жүкті болудағы қиындықтар, бедеулік;

• 2 типті қант диабеті;

• жүрек-қан тамыр аурулары;

• психологиялық қиындықтар (депрессия, өзін-өзі төмен бағалау).

Қорытынды: әйелдердегі жоғары тестостерон — ағзада бір ақаудың белгісі. Бұл СПКЯ болуы да, күрделі эндокриндік бұзылулар болуы да мүмкін. Ең бастысы — өз бетімен емделмей, эндокринолог немесе гинекологқа қаралу. Қазіргі медицина түрлі әдістерді ұсынады: дәрілік емнен бастап тамақтануды түзетуге дейін. Дұрыс ем мен өзіне мұқият қарау арқылы әйел денсаулығын, сенімділігін және өмір сапасын қайтара алады.


Автор. Жанель Муканова. Аударған. Гүлдана Мұқан.

Cookie  Image Использование файлов cookie

Мы используем куки для улучшения работы сайта. Узнать больше