Эмма Уотсон түскен ең үздік фильмдер
Фото. Getty Images. Автор. Dimitrios Kambouris.

Эмма Уотсон түскен ең үздік фильмдер


Эмма Уотсонның маггл отбасында туған сиқыршы қыздың рөлін тамаша сомдаған «Гарри Поттерінен» бөлек, басқа да сәтті фильмдері бар. Кейбіреулер оны бір ғана рөлмен шектелген жұлдыз деп айтса да, актриса бұл пікірдің қате екенін дәлелдей алды. Алайда, өкінішке қарай, бір жыл бұрын Эмма актерлік мансабын тоқтататынын мәлімдеді. Сондықтан бізге тек оның әсерлі де есте қаларлық ескі фильмдерін қайта қарау ғана қалады. Назарларыңызға үздік бестікті ұсынамыз.

«Гарри Поттер»

Жұлдыздың танымал болуына себеп болған культті франшизадан бастайық. Фильм тек балалардың ғана емес, ересектердің де көңілінен шыққан еді. Себебі «Гарри Поттер» — жас ерекшелігіне қарамастан кез-келген жан қызыға көретін туынды. Эмманың есімімен мәңгі есте қалған кейіпкер – Гермиона Грейнджер.

Фильмнің ерекшелігі – көрермендер он жыл ішінде актрисаның актерлік шеберлігімен қатар, оның бала кезден есейіп, бойжеткенге айналғанын бақылап отырды. Бірінші бөлім - «Гарри Поттер мен Философиялық тас» 2001 жылы шықса, соңғысы 2011 жылы жарық көрді.

«Сұлу мен Құбыжық» (2017)

Шарль Перроның бұл ертегісін білмейтін адам кемде-кем. Сондықтан сюжетін қайта айтып отырудың қажеті шамалы. Бірақ бір нәрсені атап өтуге болады — Эмма өзінің қоңыр түсті шашымен және тәртіпті қыз бейнесімен Белль рөліне мінсіз сай келді.

«Кішкентай әйелдер» (2019)

Эмма Уотсон түскен фильмдер әрдайым өзіндік эстетикасымен ерекшеленеді. Солардың бірі — Грета Гервиг түсірген «Кішкентай әйелдер» фильмі. Актриса онда төрт әпкенің үлкенін — Мэг Марч рөлін сомдады. Кейіпкер басынан қиын кезеңдерді (АҚШ-тағы Азамат соғысы) өткізіп жатса да, әрбір қыз баласына тән — алғашқы махаббат, күйініш, сағыныш пен өзін табу сынды мәселелерді бастан өткереді.

Эмма бұл фильмде отбасы мен тұрақтылықты армандайтын дәстүрлі, қамқор әйелдің рөлін сомдайды. Ал оның сіңлілері тәуелсіздік пен мансапты мақсат етеді. Эммаға тән ақылды, тәрбиелі кейіпкер образы режиссерлер арасында жоғары сұранысқа ие болды. Келесі фильм – соның дәлелі.

«Балет туфелькалары» (2007)

Актрисаның әпке рөлін сомдаған тағы бір драмалық туындысы. Бұл — Ноэль Стрэтфилдтің романы бойынша экрандалған «Балет туфелькалары». Фильмге Эмма «Кішкентай әйелдерден» 12 жыл бұрын түсіп үлгерген. Ол актриса болуды армандайтын Паулина есімді үйдің үлкен қызын сомдайды. Картина бойы біз кейіпкердің дәл осы арман жолында барын салып, күрескенін тамашалаймыз.

«Тұйық болған жақсы» (2012)

Эмма Уотсон сомдаған барлық кейіпкерлер бір-біріне ұқсайды деп ойласаңыз — қателесесіз. «Тұйық болған жақсы» фильмінде актриса мүлде жаңа қырынан танылған. Сэм есімді кейіпкер оның мансабындағы ерекше кезеңдердің бірі. Эмма бұл жолы эмоционалды әрі ішкі жан дүниесі күрделі кейіпкер бейнесін сомдады. Мұнда актрисадан терең сезімді, шынайы кейіпкерге ену шеберлігін талап етті.

«Дигнидад колониясы» (2015)

Фильм Чилидегі диктатор Пиночеттің кезіндегі Дигнидад колониясындағы жағдаяттарға негізделген. Картина шынайы оқиға бойынша түсірілігенімен, көркем элементтер де бар. Эмма Уотсон бұл туындыда Лена есімді стюардессаның рөлін сомдайды. Ол 1973 жылы сүйіктісі — неміс журналисі Даниэльді іздеу үшін Чилиге барады. Қыз сүйіктісі үшін бәріне дайын болады, тіпті артығына да.


Автор. Жанель Муканова. Аударған Қорлан Тұрсынбекова

Cookie  Image Использование файлов cookie

Мы используем куки для улучшения работы сайта. Узнать больше