Best International Feature Film: Әділхан Ержановтың «Кадет» хорроры «Оскар» марапатына ұсынылмақ!
Фото. Instagram @adilkhan_yerzhanov.

Best International Feature Film: Әділхан Ержановтың «Кадет» хорроры «Оскар» марапатына ұсынылмақ!

Гүлдана Мұқан
29 сентября 2025

Қазақстандық кино әлемінде тарихи сәт! Режиссер Әділхан Ержанов таспалаған «Кадет» хорроры 2026 жылғы Америкалық киноакадемия сыйлығы – «Оскар» марапатына ұсынылды. Картина елімізді «Үздік халықаралық толықметражды фильм» (Best International Feature Film) номинациясында таныстырмақ.

Халықаралық фестивальдердегі жеңісті жол

2024 жылы жарық көрген «Кадет» қазірдің өзінде әлемдік деңгейдегі бірқатар фестивальдердің фаворитіне айналған. Фильм Токио халықаралық кинофестивалінде (TIFF) алғаш рет көрсетіліп, «Үздік фильм», «Үздік режиссер», «Үздік актерлік ойын» сынды басты номинацияларға ұсынылды. Жапондық көрермендерге туындыны режиссер Әділхан Ержанов, басты рөлдерді сомдаған Анна Старченко мен Шәріп Серік таныстырып, аудиторияның сұрақтарына жауап берген еді.

Одан бөлек, фильм Берлинале, Карловы Вары, SXSW секілді беделді фестивальдердің бағдарламасына енді. Шетелдік көрермен мен кинокритиктер тарапынан жоғары бағаланып, жобаға салынған аз ғана бюджеттің өзін ақтап шыққан.

«Кадет» – әскери мектепке түскеннен кейін ұлының мінез-құлқы өзгеріп кеткен ана туралы психологиялық драма. Шынайы эмоциялар мен терең әлеуметтік астар арқасында фильм әлемнің түкпір-түкпіріндегі көрермендерді бейжай қалдырмады. Тіпті атақты режиссер Альфонсо Куарон да картинаға тәнті болды.

Фильмнің финалдық көрсетілімі 6 қараша күні Токиода өтеді. «Кадет» – қазақстандық кинематографтың жаңа кезеңін айқындаған туынды. Жанрлардың кеңейіп, авторлық киноның халықаралық деңгейде мойындалуы – бүкіл ел үшін үлкен мақтаныш.

Қазақстанның Оскар комитеті 2026 жылы өтетін «Оскар» кинопремиясына ұсынылатын ұлттық фильмдерді іріктеуді аяқтады. Комитет мүшелерінің басым даусымен режиссер Әділхан Ержановтың «Кадет» атты көркем фильмі таңдалып, Қазақстанды «Үздік халықаралық толықметражды фильм» (Best International Feature Film) номинациясында таныстырмақ.




Cookie  Image Использование файлов cookie

Мы используем куки для улучшения работы сайта. Узнать больше