Дәстүрге бай халықты атау керек десе қазақ халқы бірінші орында тұрары анық. Тек дәстүрге емес, қолы ашық жұртымыз ақ пейілге де бай. Сүйіншілетіп келген әр хабаршысын құр қол жібермейтін біздің дәстүрді кеңшілікті дәріптейді. Осы тұста сыйлық беруге байланысты салт-дәстүрлердің бірі - байғазы.
Міне, саған байғазы-ай!
Байғазы — қазақтың ежелден келе жатқан дәстүрлі сыйлығы. Әдетте, адам жаңа киім, жаңа бұйым, жаңа көлік, тіпті жаңа үй алған кезде жақындары, таныстары, ауылдастары оны көргенде арнайы байғазы береді. Бұл – қуанышқа ортақтасу әрі жаңа заттың құтты болуына тілектестік білдірудің бір жолы болып саналады.
Байғазы ретінде ақша да, бағалы заттар да берілуі мүмкін. Мысалы, балаға жаңа киім кигізсе, келген кісілер оған ақша ұсынып немесе кішігірім сыйлық береді. Осы дәстүр арқылы жаңа нәрсенің «көзі жарық болсын», «жақсылық әкелсін» деген ырым жасалады.
Сүйінші сұрау
Халық арасында кең таралған дәстүрлердің тағы бірі – сүйінші сұрау дәстүрі. Қуанышты хабарды ести сала, жақындары мен туыстарынан сүйінші сұрау дәстүрі күні бүгінге дейін жалғасын тауып келе жатыр. Бұрындары мұндай сыйлық беру дәстүрінде қазақтар малды сыйға тартқан. Бір ерекшелігі ол мал тек ұрғашы болуы шарт болған екен, жылқы болса - бие, сиыр болса - сауынды сиыр деген сынды. Қазірдің өзінде әдетте сүйіншіні жас балалар, орта жастағы адамдар сұрайды. Себебі, жас келген қариялардың, егде тартқан жандардың сүйінші сұрауын жат санаған.
Қуыс үйден құр шықпа
Көрімдік беру - қуанышты жағдайға байланысты берілетін, жақсы хабардың иесіне тартылатын кәде сый. «Қуыс үйден құр шықпа» дейтін халқымыз үйіне келген қонағына да ерекше құрмет көрсеткен. Оның қасында қанжығасы жақсы жаңалыққа майланған құдайы қонағына сыйластығын сыймен білдірген. Мысалы, жаңадан үй алған туысына да, көлік ауыстырған көршісіне де көрімдік беріп, қуанышына ортақтасқан. Оқу бітіріп диплом алған жас маманға да қазір көрімдік жинап береді.