Ата-анаңыз некеңізге қарсы: жақындарыңыз сіздің таңдауызды құптамаса не істеу керек?
Фото. Shutterstock.com. Автор. Motortion Films.

Ата-анаңыз некеңізге қарсы: жақындарыңыз сіздің таңдауызды құптамаса не істеу керек?


Сіз өмірлік махаббатыңызды кездестіресіз... Жүрегіңіз дүрсілдеп, онымен бірден болашаққа жоспар құрып, өз адамыңызды тапқандай сезімге бөленесіз. Алайда күтпеген жерден «бірақ» деген сөзге тап болуыңыз мүмкін — ол ата-анаңыз сіздің таңдауыңызға риза емес. Тіпті, олар бұл қарым-қатынасқа түбегейлі қарсы болуы мүмкін. Сөйтіп, сіз екі оттың ортасында қаласыз: бір жағында – өміріңіздің жартысы болғысы келетін сүйіктіңіз, екінші жағында – бала кезіңізден бері пікіріне құлақ асып келе жатқан ең жақын адамдарыңыз.

Мұндай жағдайлар, қаншалықты драмаға толы көрінгенімен, өмірде өте жиі кездеседі. Көптеген жұптар ата-аналарының олардың қарым-қатынасын қабылдай алмауына тап болады. Себептер әртүрлі болуы мүмкін: мәдениетаралық айырмашылықтар, жеке антипатия немесе сіздің бақытыңыз үшін алаңдаушылық. Ата-анаңыз сіз таңдаған адамды қабылдамаса не істеуге болады және бала кезден бауыр басқан отбасы мен өзіңіз құрып жатқан жаңа жанұя арасындағы тепе-теңдікті қалай сақтауға болады? Тақырыптың мән-жайын Verywell Mind сілтемесімен бірге анықтаймыз.

Ата-анаңыз некеңізге қарсы: жақындарыңыз сіздің таңдауызды құптамаса не істеу керек?
Фото. Shutterstock.com. Автор. PeopleImages.com - Yuri A.

Ата-аналар неге қарсы болуы мүмкін?

Ата-ананың сіздің серігіңізді қабылдай алмау себептері кейде объективті болса, кейде тек субъективті шешімдерге негізделеді:

– Олар бұл адам сізге сай емес деп ойлайды;

– Сіздің қауіпсіздігіңіз немесе болашағыңыз үшін алаңдайды;

– Серігіңіздің кей мінездері немесе іс-әрекеті ұнамайды;

– Дін, мәдениет, әлеуметтік жағдай бойынша айырмашылықтар мазалайды;

– Баласының өмірінде енді басты рөл атқармайтынын қабылдай алмайды;

– Кейде олардың сынында қызғаныш немесе жеке қорқыныштарының проекциясы болуы мүмкін.

Кейде ата-ананың мұндай шешімінде расында да орынды себептер болуы мүмкін, алайда көп жағдайда бұл – көзқарас айырмашылығы немесе баласын өз жолымен жіберуге дайын болмау мәселесі.

Ата-анаңыз некеңізге қарсы: жақындарыңыз сіздің таңдауызды құптамаса не істеу керек?
Фото. Shutterstock.com. Автор. YAKOBCHUK VIACHESLAV.

Ата-анаңызбен қалай сөйлесу керек?

Бірінші кезекте — бірден жанжал шығармаңыз. Иә, бұл жағдай әділетсіз әрі ауыр болуы мүмкін. Бірақ сіздің сөзіңізге құлақ асқанын қаласаңыз, әңгімені сабырмен, құрметпен бастаңыз. Ата-анаңыздың нақты неге наразы екенін сұраңыз. Мүмкін, олар сүйіктіңізді әлі толық танып үлгермеген шығар. Кейде олардың қарсылығы — тек сізден алыстап қалудан қорқу ғана болуы мүмкін.

Олардың тек сөздерін емес, ішкі эмоцияларын да тыңдауға тырысыңыз. Егер олар нақты дәлел келтірсе, бұл шешімін досыңызбен, психологпен немесе сенімді ересек адаммен талқылап көріңіз. Мүмкін, олардың алаңдаушылығы орынды шығар. Ал егер олардың пікірлері тек ұстаным немесе таптаурындарға негізделсе, өз шекараңызды нақты белгілеңіз: олардың пікірін құрметтейсіз, бірақ шешімді өзіңіз қабылдайтыныңызды сабырмен түсіндіріңіз.

Сүйіктіңізді ата-анаңызбен жақынырақ таныстыруға тырысыңыз

Кейде антипатия – тек беймәлімдікке деген қорқыныштан туындайды. Бірге кешкі ас ұйымдастырыңыз, театрға немесе футболға барыңыз — бастысы, жақындасуға мүмкіндік беретін орта жасау. Сүйіктіңіз өз армандары, балалық шағы мен болашағы туралы айтып берсін. Олар екеуіңіздің арасындағы шынайы махаббат пен ықыласты көрген сайын, жүректері де жұмсарып қалуы мүмкін.

Маманға жүгінуге бола ма?

Әрине. Отбасылық психолог немесе рухани жетекші — екі тараптың да тілін табуға көмектесетін бейтарап тұлға бола алады. Ата-аналар өз пікірлері ескерілмей жатыр деп ойласа, жаңа адамды отбасына қабылдау олар үшін қиынға соғуы мүмкін. Маманмен өткен бірлескен әңгіме ахуалды жеңілдетіп, дұрыс жол ұсынуы мүмкін.

Сонымен қатар, некеге дейінгі кеңес алу да жақсы нұсқа. Бұл – өзара қатынасты тереңірек түсінуге, болашақты бірлесіп жоспарлауға, сондай-ақ ата-анаңызға бұл қарым-қатынастың қаншалықты маңызды екенін көрсетуге мүмкіндік береді.

Ата-анаңыз некеңізге қарсы: жақындарыңыз сіздің таңдауызды құптамаса не істеу керек?
Фото. Shutterstock.com. Автор. BearFotos.

Егер ата-анаңыз ешқашан бұл шешімді қабылдамаса не істеу керек?

Кейде қанша тырыссаңыз да, ата-анаңыздың пікірі өзгермеуі мүмкін. Мұндай жағдайда серігіңізбен бұл жағдайды қалай өткеретініңіз туралы сөйлесіңіз. Ол сізбен бірге отбасылық кездесулерге бара ма? Сіз жалғыз барып тұрасыз ба? Бұл жағдай күйеуіңізді ыңғайсыз жағдайға қалдырмауы үшін, шекараларды алдын ала белгілеу қажет.

Ең бастысы – екі жақты да жоғалтпауға тырысыңыз. Өз бақытыңызды да, жақындарыңызды да сақтап қалу үшін сабырмен, даналықпен әрекет ету маңызды.

Нені жасауға болмайды?

– Манипуляцияға жүгінбеңіз. Эмоциялық бопсалау, ультиматумдар, әсіресе жүктілік немесе заңды тәуелділік туралы айтқанда, жағдайды тек ушықтыра түседі.

– Жігітіңізге ата-анаңызды жамандауға жол бермеңіз (бұл екі тарапқа да қатысты).

– Ашу үстінде шешім қабылдамаңыз. Егер күмәніңіз болса, үйлену тойын кейінге қалдырған дұрыс – кейін өкініп қалмау үшін.

– Ішкі сезімдеріңізді елемеңіз. Кейде ата-аналар бәрін жұмсақ айтпауы мүмкін, бірақ олардың айтқандарының жаны бар.

Ата-ананың қарсылығы – сіздің некеңізге үкім емес. Бірақ оны мүлдем елемеуге де болмайды. Екі адамның қарым-қатынасы ешқашан вакуумда болмайды, әсіресе егер сіз отбасыңызбен жақын болсаңыз. Мұндай жағдайда ең маңыздысы – бір-біріңізге шынайы болу, тыңдай білу, ымыраға келу және жеке шекараңызды қорғай алу.

Егер махаббат шын болса, ол уақытқа да, қысымға да, тепе-теңдік іздеуге де төтеп береді. Тіпті бұл жағдай барлық тарапты жаңа, ересек махаббаттың түріне үйретуі мүмкін.


Автор. Жанель Муканова. Аударған. Гүлдана Мұқан.

Cookie  Image Использование файлов cookie

Мы используем куки для улучшения работы сайта. Узнать больше