Улы қарым-қатынас дегеніміз не? Бұл сұраққа қысқаша жауап беру қиын. Егер адам барлық энергиясын өзін ақтамайтын қарым-қатынасқа арнаса, ақырында көңілі қалып, эмоциялық тұрғыдан шаршайды. Серіктесінен қолдау көрмеген кезде шынайы қарым-қатынас орнату, бір-біріне сүйіспеншілік беру өте қиынға соғады.
Әрине, мінсіз қарым-қатынас жоқ. Кез келген жұпта анда-санда келіспеушілік болады. Алайда егер сіз үнемі күйзеліс күйінде жүрсеңіз, сүйіктіңізбен бірге болғанда бойыңыздан күш кетіп, шаршап қалсаңыз — бұл қарым-қатынас сіздің психикалық денсаулығыңызға кері әсер етіп жатқан болуы мүмкін. Яғни бұл — улы қарым-қатынас.
Бұл мақалада біз қарым-қатынастың эмоционалды қанағаттанудан эмоционалды сарқылуға айналғанын көрсететін дабыл белгілерін қарастырамыз.
Айта кетейік, эмоциялық қиындықтар қарым-қатынасты үзу керек деген сөз емес. Бірақ егер төменде сипатталған жағдайлар сізге таныс болса, психолог немесе қарым-қатынас жөніндегі маманға жүгінетін уақыт келген шығар.
Сіз үнемі оның проблемаларына алаңдайсыз
Психолог және жазушы Триша Воланиннің айтуынша, адамдар серіктесінің мәселелерін өз мойнына алған кезде эмоционалды шаршауға ұшырайды. Олар өз жай-күйін ұмытып кетеді.
«Олардың проблемасы — біздің проблемамызға айналады. Біз оны шешуге тырысамыз, үнемі қолдау көрсетіп, қамқорлық танытамыз. Бірақ көбіне серіктес бұл қолдауға жауап бере алмайды», – дейді маман.
Егер сіздің серіктесіңіз өмірінде қиын кезеңнен өтіп жатса, оның жанынан табылуға тырысасыз — бұл қалыпты. Алайда ол өз мәселелерін шешуге ешқандай күш салмаса, сіз үнемі оның проблемаларымен өмір сүресіз. Әңгіме тек соның қиындықтары төңірегінде ғана болады. Ал өз мәселелеріңіз екінші орынға ысырылып қалады. Триша Воланин мұндай жағдайда серіктеске достарынан, отбасынан немесе мамандардан көмек сұрауға кеңес беруге шақырады.
Сіз оған мейірім танытқыңыз келмейді
Егер серіктесіңіз сізді үнемі төмендетіп, басқаруға тырысып, эмоциялық қажеттіліктеріңізді елемесе — сүйіспеншілік отының сөнуі әбден мүмкін. Философия докторы, неке және отбасы терапевті Кэролайн Мэдден мұндай қарым-қатынастың адамды іштен “сорып”, таусатынын айтады. Мұндай кезде жақындыққа да құлшыныс болмайды. «Сіз жыныстық қатынасқа түскіңіз келмейді. Себебі сіз бәрін беріп қойдыңыз – енді берер ештеңе жоқ», – дейді ол. Эмоциялық қолдау мен сенімнің жетіспеуі жыныстық өмірге де әсер етеді. Жақындық тек тән арқылы ғана емес, жан арқылы да қалыптасады. Ал жан жақын болмаған жағдайда, жыныстық байланыс та қиындай түседі.
Сіз өзіңіз бола алмайсыз
Егер белгілі бір тақырыптарда пікір айтуға немесе сезімдеріңізбен бөлісуге ыңғайсыздансаңыз – бұл дабыл белгісі. Ұрыстан қашу үшін немесе серіктесіңізді ренжітпеу үшін үндемеу – жақсы шешім емес. Уақыт өте келе сіз өзіңізге ренжіп, шынайы болмысыңызды жасырудан шаршайсыз. Тек көңілінен шығу үшін өзіңізді жоғалтып алу – бұл да улы қарым-қатынастың белгісі.
Сіз жалғыз қалуды аңсайсыз
Әр адамға жеке кеңістік қажет. Бұл – қалыпты нәрсе. Бірақ серіктесіңізбен бірге болудан қашып, жалғыз қалуды асыға күту – бұл қарым-қатынастан шаршаудың белгісі болуы мүмкін.
Maple Holistics компаниясының психикалық денсаулық жөніндегі кеңесшісі Адина Махали:
«Егер сіз серіктесіңіз туралы көп ойлап, оған энергия жұмсасаңыз, онымен бірге уақыт өткізгіңіз келеді. Ал егер керісінше – жалғыздықты аңсап жүрсеңіз, бұл – қатынастың эмоционалды түрде сізді сарқып жатқанының белгісі», – дейді.
Сіз достарыңызбен бұрынғыдай ашық емессіз
Триша Воланин улы қарым-қатынастың адам мен оның достары арасындағы жақындықты бұза алатынын айтады.
Егер қарым-қатынасыңыз туралы достарыңызға айтудан ұялатын болсаңыз немесе бір нәрсені жасыруға тырыссаңыз – бұл сізді олардан алшақтатып жібереді. Дәрігердің кеңесі – достарыңызбен байланысты жоғалтпау. Қиын сәттерде сізге қолдау көрсететін адамдардың болғаны өте маңызды.
Сіз физикалық тұрғыдан да шаршайсыз
Психикалық және физикалық денсаулық – бір-бірімен тығыз байланысты. Сондықтан тек жан күйіне ғана емес, тән күйіне де мән беру қажет.
Қалай болғанда да, егер сіздің қарым-қатынасыңыз уайымға немесе психикалық денсаулыққа байланысты басқа да қиындықтарға себеп болса, бұл сіздің физикалық қуатыңызды да азайтуы мүмкін.
Қарым-қатынасыңыз өміріңіздің басқа салаларына кері әсерін тигізуде
«Қарым-қатынастың эмоционалдық саулығыңызға теріс әсер ететінінің басты белгілерінің бірі — ол сіздің өміріңіздің басқа салаларына ықпал етуі. Мысалы, жұмысқа, достыққа, отбасыға, денсаулыққа, қаржыға немесе руханиятқа», – дейді психикалық денсаулық бойынша кеңесші Кэролин Макналти.
Көптеген адамдар романтикалық қарым-қатынасты өмірінің басқа бөліктерінен бөліп қарай алады. Алайда, егер сіз үнемі назар аударуды қажет ететін адаммен бірге болсаңыз, бұл сіздің жеке тұлға ретінде толық дамуыңызға кедергі келтіруі мүмкін.
«Егер осы салалардың кез келгені қарым-қатынастың салдарынан нашарлай бастаса, онда эмоционалдық жай-күйіңізді қалпына келтіру үшін нақты қадамдар жасауға уақыт келді», – деп түйіндейді Кэролин Макналти.
Автор. Эльмира Колмакова. Аударған. Гүлдана Мұқан. Фото. Shutterstock.com.