Бьюти-индустрияда денедегі артық салмақтан құтылудың жаңа тәсілі - криолиполиз ұғымы пайда болды. Егер сіз ота жасатқыңыз келмесе, бірақ денеңізді сымбатты етуді қаласаңыз, сарапшылардың пікірінше, бұл әдіс сізге арналған. Бірақ криолиполиз дегеніміз не және ол қаншалықты қауіпсіз? Толығырақ төмендегі материалда.
Криолиполиз дегеніміз не?
Криолиполиз – бұл тері астындағы майды азайтуға бағытталған инвазивті емес косметологиялық процедура. Оның негізінде май жасушаларын (адипоциттерді) теріні немесе бұлшық етті зақымдамай, арнайы температураға дейін суытып жою қағидасы жатыр. Бұл процесс апоптоз деп аталады – яғни жасушаның табиғи жолмен жойылуы. Мамандардың айтуынша, криолиполиз сеанстарынан кейін адам сымбатты ғана емес, сонымен қатар целлюлиттен де арылады.
Процедура ерлер мен әйелдерге, жас ерекшелігіне және тері түсіне қарамастан қолайлы. Дегенмен, криолиполиз семіздікке шалдыққан адамдарға тиімді емес, себебі бұл әдіс ішкі (висцералды) майларға әсер етпейді.
Процедура қалай өтеді?
Процедура барысында арнайы құрылғының саптамасы дененің қажет аймағына қойылады. Ол май тінін белгілі бір температураға дейін салқындатады, сол арқылы май жасушаларын бұзады. Алғашқыда қатты суық сезілуі мүмкін, бірақ уақыт өте келе сол аймақтың сезімталдығы төмендейді. Кейін бұл жасушалар лимфа жүйесі арқылы табиғи жолмен бірнеше апта немесе ай ішінде ағзадан шығады.
Сарапшылардың пікірінше, терінің тартылғанын алғашқы сеанстан кейін байқауға болады. Ал толық нәтиже 4-6 процедурадан соң көрінеді. Әсері шамамен 1 жылдан 2 жылға дейін сақталады, бұл адамның тамақтануына және дене белсенділігіне байланысты.
Harper's BAZAAR Spain ұсынған мақаланың түпнұсқасын мына сілтеме арқылы оқи аласыз.
Автор. Жанель Муканова. Аударған. Гүлдана Мұқан.