«BTS болмаса – ARMY жоқ, ARMY болмаса – BTS жоқ» – дәл осы идеяны арқау еткен жаңа деректі фильм 30 шілдеде жаһандық прокатқа шығады. «BTS ARMY: FOREVER WE ARE YOUNG» деп атауына ие болған туынды BTS фандомының күшін, ынтымағы мен жаһандық ауқымын зерттейді.
Фильмді Peabody сыйлығының иегері Грейс Ли мен K-POP саласының зерттеушісі әрі режиссер Пэтти Ан таспалаған. Олар BTS-тің ресми фан-клубы — ARMY қозғалысының қуаты мен жанкештілігін көрсетуге тырысқан. Еске салсақ, бүгінде бұл қауымдастықтың қатарына әлем бойынша 9 миллионнан астам жанкүйер кіреді.
Деректі фильм Сеул, Лос-Анджелес, Техас, Мехико сияқты қалалардағы ARMY өкілдерінің өмірі арқылы фандом мәдениетін көрсетеді. Сонымен қатар, BTS хореографиясын үйрететін сеулдік би мамандарының жұмысы, фанаттар үшін ұйымдастырылған «ReactorCon» концерті мен 2013 жылдан бері ерікті түрде құрылған жаһандық қауымдастықтар мысалға алынады.
Лента алғаш рет 2025 жылы әйгілі South by Southwest (SXSW) фестивалінде көрсетіліп, көрерменнің қошемет мен оң бағасын алды. Одан кейін бұл жоба Копенгаген, Мексика, Гавайи, Лос-Анджелес және тағы басқа қалаларда өткен халықаралық кинофестивальдерде көрсетіліп, әлемдік киносыншылардың үлкен қызығушылығын тудырған.