Сіз ақылдысыз, тәжірибеңіз мол, жетістіктеріңіз де аз емес. Алайда, жоғарылау мүмкіндігі пайда болған сәтте ішкі дауысыңыз: «Мен дайынмын ба?», «Қолымнан келе ме?», «Бәлкім, мен жеткілікті жақсы емеспін?» – деп сыбырлай бастайды. Бұл сезім — әлемдегі миллиондаған әйелге таныс. Өкінішке қарай, дәл осы күмән кәсіби өсім жолындағы басты кедергіге айналады.
Қазіргі заманда әйелдер жетекші рөлдерге жиі келе бастағанымен, бір парадокс бар: нақты жетістіктер мен жоғары біліктілікке қарамастан, көпшілігі өзін әлі де сенімсіз сезінеді. Бұл құбылыс тіпті жеке атауға ие болған — confidence gap, яғни «сенімсіздік алшақтығы». Корнелл университетінің зерттеуі көрсеткендей, әйелдер өз қабілетін төмен бағалауға бейім, ал ер адамдар, керісінше, объективті көрсеткіштер бірдей болғанның өзінде өздерін асыра бағалайды. Мәселе – қабілетте емес, өзімізді қалай қабылдайтынымызда.
Алайда қуанышты жаңалық: сенімділік — туа біткен қасиет емес, бұл — дағдыланатын қабілет. Бұлшық ет сияқты жаттықтырып, біртіндеп табиғи әдетке айналдыруға болады. Басшылық лауазымынан қорқуды жеңіп, өзіңіздің үздік нұсқаңызға айналуға көмектесетін төрт қадаммен танысыңыз.
1. «Жеткілікті жақсы» дегенмен достасыңыз
Кемелдік — сенімділіктің жауы. Қыз балаларды кішкентай кезінен бастап ұқыпты, мұқият болуға үйретеді. Осы тәрбиенің әсерінен, есейгенде бәріне 100% дайын болмайынша, қадам басудан қорқамыз. Алайда ешкім мінсіз болмайды. Сондықтан өзіңізге мына сұрақты қойыңыз: «Қазір жасап жатқаным жеткілікті жақсы ма?» Егер жауабы «иә» болса — алға қадам басыңыз. Мақсатыңыз — кемелдік емес, прогресс болсын.
2. Қорқынышты — фактілермен алмастырыңыз
«Мен тым өршілмін», «Мені өзіне тым сенімді деп ойлайды», «Маған тәжірибе жетпейді» — мұндай ойлар санамызда ұзақ өмір сүріп, жаңа мүмкіндік туғанда ерекше қатты естіледі. Бірақ оларға сенудің қажеті жоқ. Бұл қорқыныштарға фактілермен қарсы тұрыңыз. Мысалы: «Бұл қызмет маған сай емес» деудің орнына, «Менде басшылық тәжірибе бар», «Мен бұған ұқсас міндеттерді орындап көрдім», «Мен сынап көруге лайықпын» деп айтыңыз.
3. Күмәндерге қарамастан әрекет етіңіз
Өзіңізге деген сенімділік әрекеттен бұрын емес, әрекеттен кейін келеді. Сіз қаншалықты жиі ыңғайсыздық аймағынан шығатын болсаңыз — идеяңызды таныстырып, өтінім беріп, көпшілік алдында сөйлеп — сенімділігіңіз де соншалықты тез артады. Ең бастысы — нәтижеге байланып қалмаңыз. Өз-өзіңізге: «Қалай болғанда да, мен жаңа нәрсе үйренемін» деген ұстаныммен әрекет етіңіз.
4. Өзіңізді қолдайтын ортамен қоршаңыз
Басшылық лауазымынан қорқуды жеңуде дұрыс орта ерекше маңызды. Сізге сенетін, ішкі дауысыңыз күмәндана бастағанда жаныңыздан табылатын адамдар қажет. Бұл — дос, әріптес, ментор болуы мүмкін. Олар көп болуы шарт емес, бірақ шынайы, мықты, сізге сенетін адамдар болуы тиіс.
Harper's BAZAAR UK ұсынған мақаланың түпнұсқасын мына сілтеме арқылы оқи аласыз.
Автор. Жанель Муканова. Аударған. Гүлдана Мұқан