Жасөспірімдердің жүктілігі: Әлеуметтік өзекті мәселенің себептері мен күресу жолдары
Фото. Shutterstock.com. Автор. fizkes.

Жасөспірімдердің жүктілігі: Әлеуметтік өзекті мәселенің себептері мен күресу жолдары

Гүлдана Мұқан
21 августа 2025

Мамандық таңдау арманы, мектептегі достар, дискотекаларға бару, алғашқы ғашықтық сезімі мен уайымсыз кештер – жасөспірім өмірінің ажырамас бөлігі болуы тиіс. Алайда әлемдегі миллиондаған қыз үшін шынайылық мүлде басқаша: серуендер мен киноға түнгі сеанстардың орнына сәбиге қамқорлық жасау міндеті келеді. Жасөспірімдердің жүктілігі – қазіргі қоғамның ең өткір әлеуметтік мәселелерінің бірі. Бұл ең алдымен еліміздегі әлсіз тұстардың айғағы: білім берудегі олқылықтар, қолжетімді медицинаның жетіспеушілігі және жастарға жеткілікті қолдау көрсетілмеуі.

Әлем: алаңдатарлық сандар

ЮНИСЕФ деректеріне сәйкес, әлемдегі әр сегізінші қыз 18 жасқа дейін ана атанады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жыл сайын 15–19 жас аралығындағы шамамен 21 миллион қыз жүкті болады, олардың 12 миллионы дүниеге бала әкеледі. Бұл жүктіліктердің жартысынан астамы жоспарланбаған, ал елеулі бөлігі көбіне қауіпті түсікпен аяқталады.

Көрсеткіштер аймаққа қарай айтарлықтай өзгереді: Еуропа мен Орталық Азияда жасөспірімдер арасындағы туу коэффициенті – шамамен 13/1000, ал Сахараның оңтүстігіндегі Африкада – 97/1000. Жүктілік пен босану кезіндегі асқынулар 15–19 жастағы қыздар арасындағы өлім-жітімнің басты себептерінің бірі болып қала береді. Мұндай аналардан туған балалар да тәуекелге жиі ұшырайды: нәресте өлімі мен шала туу жағдайлары 20–29 жастағы әйелдерге қарағанда әлдеқайда жоғары.

Фото. Shutterstock.com. Автор. fizkes.

Қазақстан: жергілікті көрініс

Біздің ел де бұл мәселемен бетпе-бет келіп отыр. 2017–2022 жылдары 15–18 жас аралығындағы қыздардың босану жағдайы 50 пайыздан астамға өсіп, 3,4 мыңнан 5,2 мыңға жеткен. 2022 жылы елдегі барлық нәрестенің 3,3 пайызы 20 жасқа толмаған аналардан дүниеге келген.

Аймақтық айырмашылықтар да байқалады: ауылдық жерлердегі көрсеткіш қалалық жерлерге қарағанда екі есе жоғары. Алматы немесе Астанада бұл көрсеткіш 1000 қызға шаққанда 8–9 болса, оңтүстік өңірлерде 25–30-ға дейін жетеді. Бұдан бөлек, ерте некелер де сирек емес: тек 2022 жылы 16–19 жас аралығындағы 17,3 мың қыз ресми некеге тұрған.

2024 жылы Денсаулық сақтау министрлігі жасөспірімдер арасындағы жүктіліктің аздап төмендегенін (шамамен 10 пайызға) хабарлағанымен, сарапшылар көрсеткіштің әлі де жоғары екенін және жасөспірімдердің контрацепция мен қауіп-қатер жайлы білім деңгейі төмен екенін атап өтті.

Себептер: білімдегі олқылықтардан әлеуметтік нормаларға дейін

Жасөспірімдердің жүктілікке ұшырау себептері әлем бойынша да, Қазақстанда да ұқсас:

Сексуалдық және репродуктивтік денсаулық туралы білімнің жетіспеуі. Мектептерде бұл тақырып сирек қозғалады, ал отбасында ашық әңгіме айту көп жағдайда тыйым саналады.

Контрацепцияға қолжетімділіктің қиындығы. Жасөспірім қорғанудың маңыздылығын түсінсе де, стигма немесе ақпараттың жетіспеушілігі себепті құралды алу қиын.

Әлеуметтік-экономикалық факторлар. Кедей аймақтарда және ауылды жерде көрсеткіш жоғары: қыздар мектепті жиі тастап, ересек өмірді ертерек бастайды.

Мәдени дәстүрлер. Кейбір қауымдастықтарда ерте неке мен аналық әлі күнге дейін әлеуметтік норма ретінде қабылданады.

Зорлық пен мәжбүрлеу. Жасөспірімдер серіктес немесе отбасы тарапынан қысымға ұшырауы мүмкін.

Салдар: ерте есейудің өтемі

Жасөспірімдердің жүктілігі тек физикалық денсаулыққа қауіп төндірмейді. Бұл қыздар үшін жиі:

• босану кезіндегі асқынулардың жоғары қаупін;

• мерзімінен бұрын босануды немесе салмағы төмен нәрестені;

• білімін жалғастыру мүмкіндігін жоғалтуды;

• психологиялық қысым, стигматизация және әлеуметтік оқшаулануды білдіреді.

Фото. Shutterstock.com. Автор. Dragana Gordic.

Мемлекет үшін бұл қосымша медициналық шығынды және адами капиталдың жоғалуын білдіреді: білімін жалғастыра алмаған қыздар кейін қоғам мен экономикаға белсенді қатысушылар бола бермейді.

Шешу жолдары

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, жасөспірімдер арасындағы жүктілікті азайту кешенді тәсілді талап етеді. Негізгі шаралар:

Білім беру бағдарламалары. Мектептерде сексуалдық және репродуктивтік денсаулық бойынша сабақтар енгізу, аймақтық мәдени ерекшеліктерді ескеру, ата-аналарды оқу процесіне тарту.

Медицина мен контрацепцияға қолжетімділікті кеңейту. Жасөспірімдерге арналған клиникалар, сенім телефондары (Қазақстанда психикалық денсаулық бойынша 150 нөмірі жұмыс істейді) және мобильді қосымшалар арқылы кеңес беру.

Жас аналарды қолдау. Жүктілікке тап болған қыздарға мектепке немесе кәсіптік оқуға оралуға мүмкіндік беретін бағдарламалар. Дүниежүзілік тәжірибе «мектепке қайтару» саясатын заңдастыруды ұсынады.

Қазақстан бұл бағытта алғашқы қадамдарын жасады. Президент тапсырмасымен Жастар денсаулық орталықтары құрылды (қазіргі таңда елде 118 орталық бар, оның 67-сі ауылда), онда жасөспірімдер анонимді түрде репродуктивтік денсаулық бойынша кеңес ала алады. Бұдан бөлек, Денсаулық сақтау министрлігі 2023–2025 жылдарға арналған Балалар гинекологиясын дамыту жол картасын бекітті. Бұл құжат контрацепцияға қолжетімділікті арттыруды, ақпараттық кампаниялар мен мамандарды оқытуды қамтиды.

2025 жылғы маусымда Әйелдер саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның отырысында жаңа профилактика стратегиясын әзірлеу шешімі қабылданды: мектептерде ағарту бағдарламаларын кеңейту, салауатты өмір салтын насихаттау және жасөспірімдерге ерте жыныстық қатынастар мен ЖЖБИ-дің (жыныстық жолмен берілетін инфекциялар) қаупі туралы креативті түрде жеткізу. Комиссия төрайымы Аида Балаева атап өткендей, ерте жүктілікке барлық мінез-құлықтық факторларды ескеретін кешенді көзқарас қажет.

Мемлекеттік бағдарламалардан бөлек, үкіметтік емес ұйымдар да белсенді. Мәселен, БҰҰ Халық қоры Қазақстанда жастарды қолдауға арналған зерттеулер мен семинарлар өткізсе, ЮНИСЕФ мұғалімдерді оқытуға және БАҚ-тағы кампанияларға үлес қосып келеді....

Фото. Shutterstock.com. Автор. Gorodenkoff.

Қорытынды

Жасөспірімдердің жүктілігі – жеке адамның ғана емес, бүкіл қоғамның айнасы. Бұл жерде білім деңгейі, әйелдер денсаулығына деген көзқарас, әлеуметтік стандарттар мен мемлекеттің болашақ ұрпақты қорғау қабілеті көрініс табады. Қазақстан да, әлемнің басқа елдері сияқты, осы сын-қатермен бетпе-бет: бастысы – балаларға балалық шақты сақтап, қыздарға еркін әрі қауіпсіз есею құқығын қамтамасыз ету.

Жастарға қатысты көбірек білім беру, қолжетімді медициналық көмек және қолдау көрсетуге күш салынса, қыздардың ерте есейуге мәжбүр болмай, болашағы жайлы армандауына мүмкіндік көбейеді. Сонымен қатар, қазіргі қоғамда жыныстық тақырып табу болудан қалуы тиіс. Ата-аналар бұл жөнінде балаларымен сөйлесіп, жыныстық тәрбие жайлы ашық әңгіме жүргізуі қажет.


Автор. Жанель Муканова. Аударған. Гүлдана Мұқан.

Cookie  Image Использование файлов cookie

Мы используем куки для улучшения работы сайта. Узнать больше