Әйелдердің жыныстық ләззаты мен интимдік өмірдегі әртүрлілікке құқығы — жиі талқыланатын тақырыптардың бірі. Алайда қоғам қанша жерден алға басқанымен, «жыныстық қатынастың міндетті нәтижесі — оргазм» деген тұрақты миф әлі де өмір сүріп келеді. Оның үстіне, бұл ләззат міндетті түрде екі тарапта да болуы тиіс деген қате түсінік бар. Әсіресе бұл қысым әйелдерге қатты сезіледі, себебі олардың сексуалдық реакциялары жиі өзгеше — тереңдігі, ритмі мен сипаты әртүрлі. Бұл мақалада біз оргазмның болмауы әрдайым алаңдаушылық туғызатын себеп пе, жоқ па — соны қарастырамыз. Сондай-ақ сексуалдық тәжірибеге деген көзқарасты өзгерту түбегейлі оргазмнан да маңыздырақ ләззат әкелуі мүмкін екенін түсінеміз.
Неліктен оргазм «міндетті шартқа» айналды?
Бұған көбіне бұқаралық мәдениет әсер етті: фильмдер, телехикаялар, жарнамалар мен порнография идеалды жыныстық қатынас бейнесін қалыптастырды — ол міндетті түрде құмарлы, қарқынды және оргазммен аяқталуы тиіс. Әйелдер бұл тұрғыда қосымша қысымға ұшырайды: егер «шарықтау шегі» болмаған болса, демек бірдеңе дұрыс емес — тәнінде, серігінде немесе қарым-қатынаста. Осындай ойлардан: «Бұл қалыпты ма өзі?» деген сұрақ туындайды. Сарапшылардың жауабы бір — иә, оргазмсыз секс те — қалыпты құбылыс. Бұл тек әйелдер үшін ғана емес, ер адамдар үшін де солай.
Жыныстық қанағаттану деген не?
Оргазм — сексуалдық тәжірибенің тек бір ғана компоненті. Ол әсерлі, жағымды болуы мүмкін. Бірақ оның болмауы интимдік сәт сәтсіз өтті дегенді білдірмейді. Қанағаттану — бұл жақындық сезімі, босаңсу, эмоциялық байланыс, нәзіктік, тәндік ләззат, қозу және тіпті жай ғана түсіністік пен естілгеніңді сезіну болуы мүмкін.
Психологияда «гениталдық емес ләззат» деген ұғым бар — бұл жыныс мүшесіне тікелей стимуляциясыз алынатын рахат: иістерден, жанасудан, сүйістен, көзқарастан, интимдік атмосферадан. Көптеген әйелдер үшін бастысы — дәл осы.
Оргазм неліктен болмауы мүмкін?
Себептері әртүрлі болуы мүмкін — бұл да қалыпты жағдай. Мысалы:
• Физиологиялық ерекшеліктер. Кейбір әйелдерге оргазмға жету үшін ұзақ немесе ерекше стимуляция қажет, көбінесе — клиторальды. Бұл — патология емес, қалыпты жағдай.
• Психоэмоциялық күй. Стресс, мазасыздық, шаршау, өз денеңе көңілі толмау, серігіне сенімсіздік — мұның бәрі сексуалдық жауапты «сөндіріп» тастауы мүмкін.
• Қозудың болмауы. Тиісті прелюдиясыз немесе «міндет» үшін (ренжітпес үшін, «уақыты келді» деп) жасалған жыныстық қатынас сирек оргазммен аяқталады.
• Шоғырланудың болмауы. Әйелдің сексуалдылығы оның ойына қатты байланысты. Егер ойыңыз күнделікті шаруаларға ауып кетсе, оргазм болмауы мүмкін.
• Медициналық жағдайлар. Гормоналды өзгерістер (босанғаннан кейін, менопауза кезінде немесе кей дәрілерді қабылдаған кезде) сезімталдық пен оргазм алу қабілетіне әсер етуі мүмкін.
Алаңдауға тұрарлық па?
Егер оргазмның болмауы сізге ыңғайсыздық, уайым немесе кемшілік сезімін тудырмаса — онда алаңдаудың қажеті жоқ. Секс әртүрлі болуы мүмкін және ол міндетті түрде «қалыпты сценариймен» аяқталуы тиіс емес. Ең маңыздысы — процесстің өзі ләззат, жайлылық пен серігіңізбен байланыс әкелсе жеткілікті.
Ал егер бұл мәселе сізге жиі көңілсіздік, мазасыздық тудырып, жақындықтан рахат алуға кедергі келтірсе — бұл жағдайда тереңірек зерттеу қажет болуы мүмкін. Мұндай жағдайда сексологқа, гинекологқа немесе сексуалдылық мәселесімен айналысатын психотерапевтке жүгінуге болады.
Жыныстық тәжірибені қалай қайта бағамдау керек?
• Оргазмды мақсат деп емес, мүмкін нәтиже деп қарастырыңыз. Оның орнына процестің өзінен — жақындықтан, жанасудан, сезімнен ләззат алуға тырысыңыз.
• Серігіңізбен ашық сөйлесіңіз. Ұят пен кінәлаусыз диалог — бір-біріңізді жақсырақ түсінуге көмектеседі.
• Өз денеңізді зерттеңіз. Мастурбация — тек демалу құралы ғана емес, өз қажеттіліктеріңізді танудың жолы.
• Қысымды азайтыңыз. Секс — бұл емтихан емес. Күтілімдер аз болған сайын, ләззат алу мүмкіндігі артады.
Қорытындылай келе
Оргазмсыз секс — бұл көптеген әйелдердің өмірінде болатын қалыпты жағдай. Ең бастысы — жыныстық қатынастан кейін өзіңізді жайлы, қанағаттанған және бақытты сезіну. Егер сіз өзіңізді жақсы сезінсеңіз, тіпті «кульминациясыз» болса да — демек, бәрі дұрыс.
Автор. Жанель Муканова. Аударған. Гүлдана Мұқан.