Сырға тазалау ережелері: маңызды кеңестер
Фото. Instagram @bulgari

Сырға тазалау ережелері: маңызды кеңестер


Сүйікті сырғаңызды – мейлі гвоздик, кафф немесе сақина түріндегі болсын – тазалау оңай шаруа сияқты көрінуі мүмкін. Алайда бұл процесс аса мұқияттықты және зергерлік бұйымдар мен тастар туралы білімді қажет етеді. Мұндай әшекейлерді бетімізге өте жақын орналасқандықтан, олардың бетінде тері бөлшектері, лак және парфюм қалдықтары жиі жиналады. Сондықтан алдымен – оларды сирек ластатудың жолын қарастырған жөн. Бұл материалда сырғаны дұрыс тазалаудың жолдарын ұсынамыз.

Сырғаны әзірленіп болған соң тағыңыз

Жоғарыда айтқандай, сырғаларда макияж қалдықтары мен тері бөлшектері жиналуы мүмкін. Сондықтан оларды киім киініп, шаш үлгіңіз дайын болғаннан кейін, яғни ең соңында тағу керек. Ал егер сырғаңызды ерте тағып қойып, шашыңызды лакпен шашуды ұмытқаныңызды есіңізге түсірсеңіз – сырғаны майлықпен жауып қойған дұрыс.

Сырғаны үнемі шешпей жүретін болсаңыз, макияж жағу кезінде тоналды кремді, консилерді немесе бронзерді құлаққа тым жақын қолданбаған жөн. Бұл ережелерді ұстансаңыз, зергерлік бұйымдарыңызды жиі тазалаудың қажеті болмайды.

Әрбір асыл тас – ерекше күтімді қажет етеді

Бриллианттар тез майланады, ал алтын бетінде саусақ іздері айқын көрінеді. Мұндай сырғаларды тазалау үшін жұмсақ қылшықты тіс щеткасы мен нәзік сабын қолданыңыз. Тазалап болған соң, сумен шайып, изопропил спиртімен сүртіңіз. Сапфир мен рубин спиртке батырылған мақтамен сүртілгенді жақсы көреді – олар ерекше жарқырай түседі. Ал винтаж бұйымдары мен кеуекті тастарды өз бетіңізше тазалағаннан гөрі, зергерге апарған жөн.

Сырға тазалау ережелері: маңызды кеңестер
Фото. Shutterstock. Автор. InesBazdar

Ультрадыбыстық және бу арқылы тазалау – барлық сырғаға жарамайды

Егер сізде зергерлік бұйымдарды ультрадыбыспен тазалайтын құрылғы болса – жақсы. Бірақ опал, ай тасы, көгілдір тас (бирюза), зүбәржат (изумруд) және інжу тастарды олай тазалауға болмайды. Сондай-ақ pave (ұсақ тастар жиынтығы) үлгісіндегі бұйымдарда да бұл әдіс жарамсыз – тастар түсіп қалуы мүмкін. Ішінде фольга жоқ болса, мұндай тастарды бу арқылы тазалауға болады.

Сақтау тәртібін де ұмытпаңыз

Сырғаны қалай тазалау керегін білсеңіз, оларды қалай сақтау қажеттігін де есте ұстаңыз. Шкатулка – жай ғана сән емес, таза әрі ұқыпты сақтау құралы. Оның ішін ретке келтіріп, шаң мен кірден тазартып отырыңыз. Бұл – зергерлік бұйымдарыңыздың ұзақ қызмет етуіне және жеке гигиенаңызға әсер етеді.

Harper’s BAZAAR UK ұсынған материалдың түпнұсқасын сілтеме арқылы оқи аласыз. 


Автор. Harper’s BAZAAR Kazakhstan. Аударған. Гүлдана Мұқан. 



Cookie  Image Использование файлов cookie

Мы используем куки для улучшения работы сайта. Узнать больше