Серігіңізбен либидо деңгейіңіз әртүрлі болса не істеу керек?
Фото. Shutterstock.com. Автор. Prostock-studio.

Серігіңізбен либидо деңгейіңіз әртүрлі болса не істеу керек?

22 октября 2025

Либидоның әртүрлі болуы — көптеген жұптар жиі кездесетін табиғи жағдай. Кейде бұл айырмашылық уайым мен түсінбеушілікке себеп болады, әсіресе бір тарап жиірек жақындыққа ұмтылып, екіншісі керісінше, құштарлығының азайғанын сезінгенде. Дегенмен, мұндай сәйкессіздік — сезімнің суығанының немесе дерттің белгісі емес. Бұл – әр адамның жеке табиғи ерекшелігі, ал оны өзара сыйластық, ашықтық және сөйлесуге дайындық арқылы еңсеруге болады. Зерттеулерге сүйенсек, жұптардың шамамен 80 пайызы кейде сексуалдық құштарлық деңгейіндегі айырмашылықты бастан кешіреді. Ендеше, бұл мәселені қалай шешуге болады? Harper’s BAZAAR Kazakhstan түсіндіреді.

Неліктен либидо әртүрлі болуы мүмкін?

Сексуалдық құштарлық деңгейіне физиологиялық, психологиялық және әлеуметтік факторлар әсер етеді. Физиологиялық себептерге гормондық өзгерістер, созылмалы шаршау, дәрі қабылдау және жас ерекшеліктері жатады. Психологиялық тұрғыдан алғанда — күйзеліс, мазасыздық, эмоциялық алыстау және өз-өзіне сенімсіздік те рөл ойнайды. Сонымен қатар, либидо көбіне қатынастың кезеңіне байланысты өзгереді: алғашқы айларда құштарлық жаңа әсерлер мен эмоциялардың күштілігіне байланысты жоғары болса, уақыт өте келе тұрақталып, сабырлы сипат алады.

Маңыздысы — либидоның «қалыпты деңгейі» деген ұғым бәріне бірдей емес. Әр адамның сексуалдық белсенділігінің өз ырғағы бар және ол өмір бойы өзгеріп отырады. Мұны түсіну артық салыстырулар мен ішкі қысымды азайтуға көмектеседі.

разное либидо
Фото. Shutterstock.com. Автор. Prostock-studio.

Ашық әңгіме мен коммуникация

Интимдік үйлесімділіктің алғашқы қадамы — ашық сөйлесу. Мәселені жасырған сайын және реніш жинақталған сайын арадағы алшақтық ұлғая түседі. Өз сезіміңізді сабырмен, сыйластықпен, айыптаусыз жеткізу маңызды. «Маған бұл маңызды», «маған жақындық жетіспейді» сияқты «мен» арқылы басталатын сөйлемдер ойыңызды қысымсыз жеткізуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ тыңдай білу де соншалықты маңызды. Серігіңіз құштарлығының азаюын сүйіспеншіліктің жоғалуымен емес, шаршаумен, ішкі күйзеліс не сенімсіздікпен байланысты сезінуі мүмкін. Әңгіме мақсаты — кінәлі іздеу емес, ортақ шешім табу.

Жақындық ұғымын қайта қарастыру

Интимдік байланыс тек жыныстық қатынаспен шектелмейді. Ол — құшақтасу, сүйісу, бірлескен демалыс, шынайы әңгіме және өзара қолдау. Сексуалдық қатынасты кеңірек түсіну қысымды азайтып, жақындық сезімін қайта оятады. Нәзік қимылдар, бірге серуендеу немесе телефонсыз кеш өткізу де арадағы сенімді арттырады.

Құрмет және қысымның болмауы

Серігіңізді жақындыққа мәжбүрлеу немесе кінә тағу — қатаң түрде дұрыс емес. Мұндай қысым тек кінә сезімін тудырып, арақатынасты алыстатады. Қатынаста ең бастысы — жыныстық қатынастың жиілігі емес, өзара ықылас пен эмоционалдық байланыс.

Егер біріңіз жиірек бастама көтеретін болсаңыз, мастурбация немесе өзін-өзі танытудың өзге түрлерін сексуалдық өмірдің табиғи бөлігі ретінде қабылдауға болады. Бұл серіктестік құндылығын төмендетпейді, тек өз денеңізбен және сезімдеріңізбен үйлесімді болуға көмектеседі.

разное либидо
Фото. Shutterstock.com. Автор. oneinchpunch.

Компромисске келу жолдары

Мәселені шешудің кілті — икемділік пен сөйлесуге дайын болу. Интимдік уақытты келісіп белгілеу, прелюдияға көбірек көңіл бөлу немесе жаңа формаларды бірге зерттеу — бәрі жақындықты қалпына келтіруге көмектеседі. Кейде ортақ сапар, романтикалық кеш немесе жаңа іс-шаралар сезімге жаңалық әкеліп, қызығушылықты арттырады.

Кәсіби маманның көмегіне жүгіну

Егер өз бетіңізше үйлесім табу мүмкін болмаса, психолог немесе сексолог көмегіне жүгінген дұрыс. Отбасылық терапия айырмашылықтың түпкі себептерін анықтауға, коммуникацияны жақсартуға және эмоциялық шиеленісті азайтуға көмектеседі. Сонымен қатар, денеге бағытталған тәжірибелер — ортақ йога, тыныс алу жаттығулары, медитация және тантралық тәсілдер де пайдалы. Олар денені сезінуге және серікпен терең байланыс орнатуға сеп болады.

Қамқорлық пен қабылдау

Либидо деңгейінің айырмашылығы — әр адамның даралығын білдіретін табиғи құбылыс екенін еске салғымыз келеді. Өз және өзгенің шекараларын құрметтеп, сабыр мен қамқорлық таныту маңызды. Эмоциялық қолдау, шынайылық және бір-бірін түсінуге деген өзара ұмтылыс — сау әрі кемел қарым-қатынастың негізін қалайды.


Автор. Жанель Муканова. Аударған. Гүлдана Мұқан.

Cookie  Image Использование файлов cookie

Мы используем куки для улучшения работы сайта. Узнать больше