Секс және цикл: гормондар фазалары құмарлыққа, сезімталдыққа және оргазмға қалай әсер етеді?
Фото. Shutterstock.com. Автор. MMD Creative.

Секс және цикл: гормондар фазалары құмарлыққа, сезімталдыққа және оргазмға қалай әсер етеді?

Гүлдана Мұқан
29 августа 2025

Сіз не себепті кей күндері интимді жақындық ерекше тартымды болып сезілсе, ал басқа уақыттар онша қызықтырмайтыны жайлы ойланып көрдіңіз бе? Неге кейде бір ғана жанасудың өзі жеткілікті болса, басқа сәтте шарықтау шегіне жету әлдеқайда қиынырақ? Жауабы – біздің ағзамыздың жұмысында. Әйелдің менструалдық циклі тікелей сексуалдық құмарлыққа, сезімталдыққа және оргазмның қарқындылығына әсер етеді. Ғылыми зерттеулер көрсеткендей, әйелдердің сексуалдық белсенділігі тұрақты емес – ол гормондық өзгерістерге байланысты ауысып отырады. Әсіресе цикл ортасында овуляция кезінде либидоның айқын өсуі байқалады. Ал қалған фазалар жайлы төменде айтып береміз.

Фолликулярлық фаза: энергия мен қызығушылықтың артуы

Овуляцияға дейінгі фолликулярлық фаза энергияның және сексуалдық қызығушылықтың өсуімен сипатталады. Эстрогеннің жоғары деңгейі қозуды жеңілдетеді, тері жанасуларға әлдеқайда сезімтал болады, ал табиғи ылғалдану бірнеше есе артады. Сондықтан көптеген әйелдер дәл осы кезеңде өзін тартымдырақ әрі сексуалды сезінеді.

Секс және цикл: гормондар фазалары құмарлыққа, сезімталдыққа және оргазмға қалай әсер етеді?
Фото. Shutterstock.com. Автор. BLACKDAY.

Овуляция: құмарлық пен сезімталдықтың шыңы

Фолликулярлық кезеңнен кейін овуляция басталады. Бұл кезде эстроген ең жоғарғы деңгейге жетеді, жыныс мүшелерінің қан айналымы күшейеді, ал ағза табиғи түрде ұрықтануға қолайлы уақыт екенін білдіреді. Қыз-келіншектер дәл осы күндері жыныстық қарым-қатынасқа түсуге өздері ниет білдіріп жатады және ең жоғары қозуды бастан кешіреді. Сонымен қатар, овуляция кезінде клитордың сезімталдығы артады: ол қанға толып, көлемі үлкейеді. Бұл қозуды жеңілдетіп, оргазмды анағұрлым қарқынды етеді.

Лютеиндік фаза: нәзіктік пен эмоциялық жақындық

Овуляциядан кейін лютеиндік фаза басталады. Бұл кезде ағзада прогестерон басымдыққа ие болады. Бұл гормон жұмсақ әсер етеді: ол босаңсуға, серіктеспен эмоциялық жақындықты нығайтуға ықпал етеді, бірақ жиі жағдайда құмарлықты төмендетеді. Секс бұл күндері құштарлықтың шыңынан гөрі эмоциялық разряд пен жақындықты растау құралы ретінде қабылданады. Кейбір әйелдер осы уақытта құшақтау мен тыныш жанасуларға көбірек мұқтаж болады, ал либидо аздап бәсеңдейді.

Секс және цикл: гормондар фазалары құмарлыққа, сезімталдыққа және оргазмға қалай әсер етеді?
Фото. Shutterstock.com. Автор. studio thongden.

Менструация: мифтер мен күтпеген жаңалықтар

Менструация кезінде жағдай біржақты емес. Қоғамда әлі күнге дейін «айлық келгенде секспен айналысуға болмайды немесе зиянды» деген қате түсінік бар. Дегенмен дәрігерлер гигиена сақталған жағдайда және екі тараптың келісімімен жақындыққа түсуге болатынын айтады. Тіпті бұл кезеңде жыныстық қатынас жеңілдік сыйлауы мүмкін. Себебі оргазм жатырдың жиырылуын ынталандырады, сол арқылы ауырсынуды азайтып, құрысуды жеңілдетеді. Кейбір әйелдер осы күндері ерекше сезімталдықты, тіпті либидоның күтпеген серпінін байқайтынын айтады. Бұл әр ағзаның қаншалықты жеке әрі қайталанбас екенін дәлелдейді.

Неліктен цикл ерекшеліктерін білу маңызды?

Құмарлық пен сезімталдықтағы өзгерістер – ағзаның гормондық ырғақтарға табиғи жауабы. Зерттеулерге сәйкес, әйелдердің 70 пайыздан астамы ай бойында сексуалдық тартымдылық деңгейінің өзгеретінін байқайды. Мұны білу – өз денеңді жақсырақ түсінуге, артық кінә сезімінен арылуға және серіктеспен шынымен ішкі дүниеңізде не болып жатқанын ашық айтуға көмектеседі. Қай кезде ағзаңыз жарқын тәжірибелерге дайын екенін, ал қай кезде қамқорлық пен нәзіктікке мұқтаж екенін түсіне отырып, интимді өмірді саналы әрі бай ете аласыз. Ең бастысы – сіздің цикліңіз бірегей. Көңіл-күй мен сезімдердегі өзгерістерді бақылап, белгілеп отырсаңыз, өзіңіздің «ләззат картаңызды» жасап, тәніңізді жақынырақ танып, сексуалдылығыңызды барлық қырынан ашуға мүмкіндік аласыз.


Автор. Жанель Муканова. Аударған. Гүлдана Мұқан.

Cookie  Image Использование файлов cookie

Мы используем куки для улучшения работы сайта. Узнать больше