Мэрилин Монро ұйықтар алдында тек Chanel №5 парфюмін себетінін айтқанда, бұл сөздерімен ол жұртты баурап алғысы келгені анық. Алайда, бәлкім актриса өз заманынан озық болып, иістің ми белсенділігіне кешкі уақытта әсер ететінін білген болар? Сарапшылардың айтуынша, сүйікті хош иісті денеге ұйықтар алдында себу рәсімі сізге жақсы ұйықтауға көмектесуі мүмкін. Барлық маңызды жайттарды айтып өтеміз.
Егер сізге ұйықтап кету қиын болса, ұйықтар алдында сүйікті иіс суыңызды қолданыңыз. Мамандар, ұйықтауға қажетті жағдайларды (бөлмедегі салқын әрі жайлы температура, қараңғылық, құрғақ ауа, тыныштық) сақтаған болсаңыз, бірақ бәрібір қиындықтар болса, ең алдымен дәрігерге жүгінген дұрыс дейді. Бірақ парфюмериялық ароматерапия толыққанды ұйқының кілті болуы мүмкін, және оның бірнеше себебі бар.
Иістердің адам миына қалай әсер ететінін білесіз. Кейбір иістер тыныштандырып, босаңсытады, ал енді бірі, керісінше, сергітеді және күш береді. Сол сияқты, «түнгі» композициялар да дәл осындай принципке негізделген. Мысалы, лаванда, ваниль, дәмдеуіштер немесе ағаш ноталары мазасыздықты азайтып, ішкі үйлесімділікке қол жеткізуге көмектеседі. Кейін рәсім сізге үйреншікті әдетке айналып, миыңыз ұйқыға дайындалу керек екенін түсіне бастайды. Сарапшылардың айтуынша, сізге ерекше ұнайтын хош иістер жақсы ой тудырып, уайыммен күресуге ықпал етеді. Балама ретінде денеге немесе төсекке арналған спрейлерді не ролик түріндегі жұмсақ парфюмдерді қолдануға болады – олар кәдімгі парфюмерияға қарағанда жұмсақтау.
Ұйықтар алдында қолдануға арналған парфюмді қалай таңдау керек?
Біріншіден, өз талғамыңызға сүйеніңіз. Мүмкін, жасмин немесе иланг-иланг ноталары сізге жағымды естеліктерді еске түсіріп, лаванда немесе көк шайға қарағанда тезірек жайлылық сыйлауы мүмкін. Екіншіден, хош иіс композициялары таза әрі тыныш болғаны жөн – олар ми мен жүйке жүйесіне белсенділік бермеуі керек.
Егер сіз әлі де өзіңізге сай мінсіз иісті қайдан іздеуді білмесеңіз, онда балқарағай, амброксан, гүлдер, жалбыз, түймедақ, герань, ладан және бергамот ноталарына назар аударыңыз. Ұйықтар алдында қолданылатын парфюм сізге қуаныш сыйлап, тазалық пен жайлылық сезімін тудыруы тиіс. Бастапқыда сүйікті хош иістеріңізден бастасаңыз болады. Егер бұл сізге көмектессе, онда терең әрі тыныш ұйқы үшін тағы бір иіссу табуға тырысыңыз.
Harper’s BAZAAR ұсынған мақаланың түпнұсқасын мына сілтеме арқылы оқи аласыз.
Автор. Мария Бурлака. Аударған. Қорлан Тұрсынбекова