Қазақ қоғамында сексуалды білім беру – әлі күнге дейін «ұят» санатындағы тақырыптардың бірі. Балалар мен жасөспірімдер жыныстық қатынас, репродуктивті денсаулық жайлы ақпаратты көбінесе достарынан, ғаламтордан немесе өз тәжірибесі арқылы алады. Ал ата-аналар мен білім ордалары бұл проблеманы қозғауға қымсынып, үнсіздік сақтағанды жөн көреді. Бірақ осы үнсіздік болашақта қандай мәселелерге алып келуі мүмкін? Назарыңызда TABOO түсініктерге шолу.
СЕКСУАЛДЫ БІЛІМНІҢ ЖОҚТЫҒЫ ҚАНДАЙ ҚАУІПТЕРГЕ ӘКЕЛЕДІ?
1. Жыныстық сауатсыздық
Балалар мен жасөспірімдер жыныстық қатынасқа қатысты жалған ақпаратты ғаламтордан немесе құрдастарынан алуды әдетке айналдырған. Мұндай тәсіл қате түсініктер қалыптастыруына, жауапсыз әрекеттерге баруына әкелуі мүмкін.

2. Жоспарланбаған жүктілік
Қазақстанда жасөспірімдер арасындағы жүктілік деңгейінің көрсеткіші күн санап артып келеді. Қыздар контрацепция әдістерін білмегендіктен немесе оларды қолданудан қорыққандықтан, жоспарланбаған жүктілік жиі кездеседі. Бұл өз кезегінде жас ананың өміріне, психологиялық жағдайына ауыр салмақ түсіруі мүмкін.
БҰҰ Халық қорының 2019 жылғы зерттеуіне сәйкес, Қазақстанда 15-19 жас аралығындағы әр 100 қыздың үшеуі жүкті болады. Барлық жасөспірімдер арасындағы жүктіліктің 15%-ы абортпен аяқталады. Сондай-ақ, 15-19 жас аралығындағы сұралған жасөспірімдердің 45%-ы жыныстық жолмен берілетін инфекциялардан қалай қорғану керектігін білмейді.
Қазақстанда жасөспірімдер арасындағы жүктілік мәселесі бүгінгі таңда өзекті. Десе де, 2024 жылы бұл көрсеткіштің төмендеуі байқалды. 2024 жылы 15-17 жас аралығындағы жасөспірім қыздар арасында жүктілік және босану жағдайларының саны 2023 жылмен салыстырғанда 10,2%-ға (1000 тұрғынға шаққанда 3,9-дан 3,5-ке дейін) және 8,2%-ға (1000 тұрғынға шаққанда 3,14-тен 2,88-ге дейін) төмендеді. Сондай-ақ, ерте жыныстық қатынасқа түскен қыздар арасында аборттардың саны 13,4%-ға азайды.
Ал өңірлер бойынша жағдайға тоқталсақ, жасөспірімдер арасындағы жүктілік көрсеткіші әртүрлі. Мысалы, Маңғыстау, Түркістан және Ұлытау облыстарында бұл мәселе жиі кездеседі. 2023 жылы 16-19 жас аралығындағы 2,6 мың ер бала үйленіп, 17,3 мың қыз тұрмысқа шыққан.
Жасөспірімдер арасында қаламаған жүктіліктің алдын алу мақсатында Қазақстанда 118 Жастар денсаулық орталығы жұмыс істейді. Бұл орталықтарда салауатты өмір салты, репродуктивтік және психикалық денсаулықты сақтау, отбасын жоспарлау және контрацепция мәселелері бойынша мамандардың кеңестері беріледі.
Жасөспірімдер арасындағы жүктілік мәселесін шешу үшін кешенді шаралар қажет, оның ішінде жыныстық тәрбие беру, контрацепция құралдарының қолжетімділігін арттыру және жастарға психологиялық қолдау көрсету маңызды.
3. Жыныстық жолмен жұғатын аурулар (ЖЖЖА)
Қорғалмаған жыныстық қатынас түрлі жұқпалы аурулардың таралуына себеп болады. Оның ішінде АИТВ (ВИЧ), хламидиоз, гонорея сияқты аурулар бар. Егер жастар бұл инфекциялардың алдын алу жолдарын білмесе, олардың таралу қаупі артады.
Жыныстық жолмен жұғатын аурулар:
1. Хламидиоз – бактериялық инфекция, көбінесе белгісіз өтеді. Белгілері: зәр шығару кезінде ауырсыну, іштің төменгі бөлігіндегі ауырсыну, әдеттен тыс бөліністер.
2. Гонорея – бактериялық инфекция, зәр шығару кезінде күйдіру сезімін тудырады, жыныс мүшелерінен іріңді бөлінділер бөлінуі мүмкін.
3. Сифилис – егер уақтылы емделмесе, жүрек пен жүйке жүйесіне әсер ететін ауыр ауру. Бірінші кезеңде ауырмайтын жаралар пайда болады.
4. Герпес (ЖЖЖА түрі) – жыныс аймағында көпіршіктер мен жаралар пайда болады, бұл вирус емделмейді, бірақ симптомдарын бақылауға болады.
5. АИТВ/ЖИТС – иммунитетті әлсірететін ауыр вирус. Ауру ұзақ уақыт симптомсыз дамуы мүмкін.
6. Папилломавирус (HPV) – жатыр мойны обырының басты себептерінің бірі. Кейбір түрлері жыныс мүшелерінде сүйелдер тудырады.
ЖЖЖА жұқтыру жолдары:
- Қорғаныссыз жыныстық қатынас (вагиналды, анальды, оральды);
- Ластанған медициналық құралдар немесе инелерді қолдану;
- АИТВ жағдайында анадан балаға босану немесе емізу кезінде жұғу.
4. Сексуалды зорлық-зомбылықты түсінбеу
Өкінішке қарай, қоғамда сексуалды зорлық мәселесі де бар. Көптеген қыздар мен жігіттер өздерінің «жоқ» деп айтуға құқығы бар екенін білмейді, қысымның әртүрлі түрлерін ажырата алмайды. Егер сексуалды білім беру ерте бастан қолға алынса, балалар өздерінің құқығынан хабардар болар еді.

СЕКСУАЛДЫ БІЛІМ БЕРУДІ ҚАЛАЙ ЕНГІЗУГЕ БОЛАДЫ?
1. Мектеп бағдарламасына енгізу
Дамыған мемлекеттерде мектеп оқушыларына жыныстық тәрбие пәні оқытылады. Бұл пән тек жыныстық қатынас жайлы ғана емес, адамның денсаулығы, қарым-қатынас мәдениеті, жеке шекаралар, эмоционалды байланыс туралы да білім береді.

2. Ата-аналармен диалог орнату
Көптеген ата-аналар бұл тақырыпты қозғауға ұялады немесе оны қажетсіз деп есептейді. Алайда, балалар сексуалды білімді тек ата-анасынан емес, басқа көздерден де алатынын ұмытпау керек. Егер ата-аналар балаларына дұрыс ақпарат бермесе, олар жалған ақпараттың құрбаны болуы мүмкін.
3. Қорқыту мен тыйым салудың орнына ашық әңгіме жүргізу
Көптеген қазақ отбасыларында «ондай нәрсе туралы айту ұят» деген түсінік бар. Бірақ мәселені жаба бергеннен ол жоғалып кетпейді. Жасөспірімдер жыныстық өмір туралы бәрібір білетін болады – бірақ оны дұрыс көзден алғаны маңызды.
4. Ғылыми ақпарат тарату
Сексуалды білім беру «ұятсыздық» немесе «батыстың әсері» емес. Бұл – ғылымға негізделген, адамның денсаулығы мен өмір сапасын жақсартуға бағытталған білім. Егер бұл ақпарат дұрыс таратылса, қоғамдағы көптеген мәселелердің алдын алуға болады.

Сексуалды білім – адамның жеке өмірінің бір бөлігі. Оны жоққа шығару немесе «ұят» санатына қосу дұрыс емес. Егер біз жастарға осы бағытта дұрыс ақпарат берсек, жоспарланбаған жүктілік, жыныстық жолмен жұғатын аурулар, сексуалды зорлық сияқты мәселелер азаяды. Қоғам осы тақырыпқа ашық қарай бастаған кезде ғана біз қауіпсіз және сау әлем құра аламыз.
Автор. Гүлдана Мұқан. Источник заглавного фото. Shutterstock.