Біз бұған дейін ең өзекті аяқ киімдерді, түстер және күртешелер туралы айтқанбыз, енді күз-қыс маусымындағы әшекейлердің басты трендтері жайлы сөз етеміз. Аксессуарлар әлі де аса сұраныста, өйткені дәл осындай детальдар образға даралық дарытады. Қазір мамандар кастомизацияның беделі күрт артқанын атап өтуде. Көпшілік өзгеше болғысы келеді, ал оны не ерекше стилизация арқылы, не әшекей арқылы жасауға болады. Harper’s BAZAAR Kazakhstan бұл материалда білуге тұрарлық ең қызу трендтерді жинақтады.
Жіпке тағылатын әшекейлер
Бұл тренд бір емес, бірнеше маусымнан бері алдыңғы қатарда, қазір тіпті позициясын нығайтып отыр. Мұндай аксессуарлар көзге жеңіл, ойнақы көрінеді, сонымен бірге богемалық әрі еркін көңіл күй сыйлайды. Әшекейлер асыл тастармен, жартылай асыл тастармен немесе металл символдарымен безендірілуі мүмкін.
Антикварлық әрлеу
Винтаж эстетикасы сән әлемін толықтай жаулап, басқа стильге орын берер емес. Бұл құбылыс зергерлік бұйымдарды да айналып өткен жоқ. Зергерлік индустрия да, жұлдыздар да бұл ағымды құптап отыр. Мәселен, Роузи Хантингтон-Уайтли мен Тейлор Свифт көне өң берілген сақиналарды ерекше жақсы көреді.
Аралас металдар
Өткен жылы-ақ нөлінші жылдардан келген үрдістің қайта оралғаны және кетуге ниеті жоқ екені айқындалды. Металдарды араластыру — алтын мен күмісті (немесе платинаны) қатар қолдану — әрдайым жаңашыл әрі бүлікшіл көрінеді. Ал шын мәнінде бұл әшекей қорабыңызға көз тартар, қызық үлгілерді қосудың тамаша жолы.
Жер реңктеріндегі асыл тастар
Маусымаралық кезеңде өзімізді «жылы» түстермен қоршағымыз келетіні заңды. Бұл асыл тастарға да қатысты. Неге жер, коньяк немесе умбра реңктеріне назар аудармасқа? Оның үстіне, күз-қыс маусымындағы әшекей трендтері мұны барынша қолдап тұр.
Торк-алқасы
Иілгіш шынжырлар орнын қатты қаңқалы алқаларға беріп жатыр. Соңғылары — уақыт сынынан өткен әрі ықшам — күнделікті де, салтанатты да образдарға тамаша үйлеседі. Торк-алқасы (латынша torquis — «бұрау» дегенді білдіреді) — минималистік киім үйлесімдеріңізге керемет толықтыру.
Эклектикалық дизайн
Ерекше, тосын нәрсеге деген сұраныс ешқашан жоғалмайды. Ер жігіттің қайсарлық пен утилитарлық сарын сезілетін сақиналар, білезіктер мен сырғалардың эклектикалық дизайны образдарыңызды креативті ете түседі. Әшекей қаншалықты мінсіз көрінсе, соншалықты бірегей.
Harper's BAZAAR UK мақаласының түпнұсқасын сілтеме арқылы оқи аласыз.
Автор. Мария Бурлака. Аударған. Гүлдана Мұқан. Фото. Брендтердің баспасөз қызметтері.