Сән саласындағы әсірелеу — жақсы нышан. Гардеробтағы талай бұйым — әшекейден аяқ киімге дейін — осы үрдісті бастан өткеруде. Енді кезек оверсайз сөмкелерге келді: осы күзде олар мини өлшемді аксессуарларды және классикалық клатчтарды алмастырмақ. Harper's BAZAAR España мәліметінше, стритстайл да XXL форматтағы бұйымдардың танымал болуына өз үлесін қосты.
Бұл трендке өз топтамаларында Balmain, Chanel, Di Petsa және Giambattista Valli әлдеқашан жүгінген болатын. Танымал брендтер сәнқойларға сан алуан образды алып «әмияндармен» үйлестіруді ұсынды. Кейбірі тіпті әжелеріміздің гардеробына жасалған ишараны байқады.
Сұраныстағы оверсайз сөмкелер образыңыздың басты акцентіне айнала алады — олар, расымен, назардан тыс қалмайды. Көлемді аксессуарларды ең ыңғайлысы — қолда ұстау, дегенмен олардың жайлылық үшін ұзын баулары барын да ұмытпаңыз. Harper’s BAZAAR Kazakhstan стритстайл-хроникалардан да шабыт сыйлайтын образдармен бөліседі.
Автор. Мария Бурлака. Аударған. Гүлдана Мұқан.