Көпшілігі байқағандай, Жаңа Жылдық декор қарапайым маусымдық дәстүрден өмір салтымыз бен құндылықтарымызды баяндайтын ойластырылған визуалды тарихқа айналып келеді. Халықаралық интерьер көрмелерінің сарапшылары шырша енді жай ғана мерекелік атрибут емес, қыстың басты арт-объектіне айналғанын атап өтеді. Ол үй иелерінің тұлғасын, экологиялық әдеттерін, минимализмге ықыласын немесе керісінше, жарқын да батыл өзіндік өрнегін айқын көрсетеді. Біз негізгі бағыттарды талдап, 2026 жылғы шырша трендтерін жинақтадық — олар келер маусымның Жаңа жылдық эстетикасын айқындамақ.
Текстиль және банттар
Маусымның ең сәнді трендтерінің бірі — көлемді банттар мен текстиль ленталарын қолдану. Бұл идея сән әлемінен келіп, мерекелік декор үшін нағыз жаңалыққа айналды. Айта кетері, бүгінде аса өзекті болғанымен, мұндай безендіруді көптеген блогерлер өткен жылы да пайдаланған.
Безендірудің ерекшеліктері:
- Дәстүрлі жұлдыздың орнына шыршаның ұшына ілінетін көлемді банттар;
- Бұтақтар бойымен әсем төгілетін атлас және барқыт ленталар;
- Текстильден жасалған әшекейлер — тоқылған қар қиыршықтары, фетрден тігілген мүсіншелер;
- Ойыншықтарды мөлшермен қолданатын минимализм;
- Актуалды реңктер — ақ, беж, қызыл, пудралы қызғылт.
Трендті қалай жүзеге асыруға болады?
Атлас, барқыт, тюль немесе фатиннен өз қолыңызбен үлкен бант байлаңыз. Ленталары бұтақтар бойымен әсем төгілетіндей етіп, оны шыршаның ұшына орналастырыңыз. Бірнеше жіңішке атлас лента мен ықшам ойыншықтарды қосыңыз. Ұсақ шамдары бар гирлянда образды толықтырып, жұмсақ, мерекелік жарқыл сыйлайды.
Эко-стиль
Экологиялық жауапкершілік пен саналы тұтыну тренді өз позициясын нықтай түсуде. Жаңажылдық декорда бұл табиғи материалдарды таңдаудан және табиғилыққа ұмтылған эстетикадан көрінеді. Эко-стильдегі шырша әрі жайлы, әрі жылы, сонымен бірге заманауи көрінеді — мұндай тәсіл үй жайлылығын бағалайтын және әшекейді өз қолымен жасауды жақсы көретіндерге жақын.
Эко-стильдің басты элементтері:
- Ықшам өрнекпен боялған ағаш ойыншықтар;
- Шырша мен қарағай бүрлері, бетіне аздап металлик бояу жағылған;
- Үйге мерекелік хош иіс сыйлайтын кептірілген апельсин тілімдері мен даршын таяқшалары;
- Зығыр мен джут ленталары, табиғи матадан тігілген текстиль ойыншықтар;
- Құрғақ гүлдерден, жидектер мен емен жаңғағынан жасалған гирляндалар.
Шыршаны эко-стильде қалай безендіруге болады?
Тірі шыршаны немесе сапалы имитациясын таңдаңыз. Палитраға жердің жұмсақ реңктері жарасады: терракота, беж, қоңыр, зәйтүн. Әшекейлерді оңай өзіңіз жасай аласыз: апельсиндерді төмен температурада кептіріңіз, бүрлерді кендір жіппен байлаңыз, фетрден не зығырдан қарапайым мүсіншелер тігіңіз. Композицияны жылы жарық шашатын гирляндалар түйіндеп, декордың табиғи мінезін айқындайды.
Ретро және винтаж
Винтаж декоры қайтадан сәнде: ол балалық шақтың атмосферасын қайта оятып, жылылық әкеледі әрі ұрпақтар сабақтастығын айқындайды.
Шыршаңызға винтаж реңк беретін не?
- Ескі шыны ойыншықтар — ғарышкерлер, ракеталар, қысқышқа бекітілетін мүсіншелер;
- Мақтадан жасалған әшекейлер, картоннан бұйымдар, алуан пішінді шыны шарлар;
- Шыршаның ұшындағы қызыл жұлдыз;
- Түрлі-түсті шамдары бар гирляндалар;
- Дәстүрлі түстер — қызыл, жасыл, алтын түсті.
Винтаж декорын қалай жасауға болады?
Отбасылық ойыншықтарды тауып көріңіз немесе антиквариат дүкендерін аралаңыз. Түпнұсқалар табылмаса, сапалы репликалар да жарайды. Әр деталь айқын көрінуі үшін мөлшерін сақтау маңызды. Бірнеше заманауи штрих композицияны өзекті етеді. Шыршаның түбіне дәстүр бойынша классикалық үлгідегі Аяз Ата мен Ақшақар мүсіншелерін қояды.
Монохром және дуохром
Монохромды безендіру — минимализм мен талғамға мән беретіндердің әлдеқашан таңдауына айналған. Ал 2026 жылы, айта кетсек, беж-қоңыр гамма ерекше өзекті болмақ.
Стильдің ерекшеліктері:
- Бір не бір-біріне жақын екі реңкті ғана пайдалану;
- Әртүрлі фактураларды үйлестіру — мат, жылтыр, барқыт, шыны;
- Артық ұсақ-түйекке жол бермеу;
- Екпін — ірі, көз тартар әшекейлерде.
Өзекті түстік шешімдер:
Беж-қоңыр палитрадан бөлек, ақ пен күмістегі вариациялар, пастельден қанық сапфирге дейінгі көк градациялар, сондай-ақ романтикалық қызғылт алтын үйлесімі де танымал.
Монохромды шыршаны қалай безендіруге болады?
Негізгі түсті таңдап, сол реңктің ең ашықтан ең қоюына дейінгі әшекейлерді жинақтаңыз. Тереңдік беру үшін барқыт, мат әйнек және керамиканы қолданыңыз.
Изумруд тренді
Жасыл — 2025–2026 маусымының басты түстерінің бірі. Қанық изумруд пен малахит реңктері декорға тереңдік пен асқақтық береді.
Жасыл палитрасымен қалай жұмыс істеу керек?
- Шыршада жасылдың сан алуан реңктерін қолданып, монохром жасаңыз;
- Изумрудты алтын, мыс немесе ақ түспен үйлестіріңіз;
- Эвкалипт, самшит, шырмауық сияқты табиғи жапырақты қосыңыз;
- Мат және барқыт фактураларды таңдаңыз;
- Жасыл түсті табиғи материалдарды енгізіңіз.
Автор. Жанель Муканова. Аударған. Гүлдана Мұқан.