Карлаг, тұңғыш jukebox мюзикл: қазан айындағы отандық кинопремьералар
Фото. Plano a Plano, Amanat Capital, UMAI FILM, GG Cinema, MUSAN Group

Карлаг, тұңғыш jukebox мюзикл: қазан айындағы отандық кинопремьералар

Гүлдана Мұқан
01 октября 2025

Күз – кино көруге ең қолайлы маусым. Жылы әрі жайлы орын таңдап, жақындарыңызбен жаңа картиналарды тамашалап, әсерлі сәттерді бөлісу – нағыз ләззат. Бұл қазан айында үлкен экранда қазақстандық бірнеше премьера көрермен назарына ұсынылмақ. Арасында қазақ киносы тарихындағы тұңғыш jukebox мюзикл де, Испаниямен бірлесіп түсірілген туынды да бар.

«Ыстық ұя» — 2 қазан 2025 жыл

Актриса әрі кинопродюсер Дариға Бадықованың кезекті жұмысы. Шынайы оқиғаға негізделген толықметражды фильм отбасы, мүлік пен мейірім арасындағы күреске арналады. Басты рөлдерде: Дариға Бадықова, Олжас Абай, Индира Сәбирова, Қазыбек Төлен.

«Болған оқиға» — 9 қазан 2025 жыл

Бұл – әзілкештер Елдос Қадірханов пен Нұрболхан Шараповтың үлкен экрандағы алғашқы туындысы. Нұрболхан Шарапов фильмде режиссерлік тізгінді де ұстаған. Лента отбасылық құндылықтар мен жылы қарым-қатынасты дәріптейді.

«Әкеңнің баласы» — 23 қазан 2025 жыл

Режиссер Ернар Нұрғалиев түсірген картина әке мен баланың арасындағы қарым-қатынасты баяндайды. Экшн жанры продюсер Гүлнұр Марасарипова үшін алғашқы тәжірибе болмақ. Көрерменді эпатажды образдар, қарқынды атыс-шабыс пен әсерлі би күтіп тұр. Басты рөлдерде: Дулыға Ақмолда, Жанболат Найзабеков.

«Бақыт құшағында» — 23 қазан 2025 жыл

Қазақ киносы тарихындағы ең алғашқы қазақша jukebox мюзикл. Картина қазақтың ұлы композиторы Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығына орай түсірілген. Фильм үшін композитордың 12 әні симфониялық оркестр сүйемелімен қайта жазылды.

Бір түсірілім алаңына 230-ға жуық актер жиналған бұл туынды махаббат, достық пен отбасы үшін жасалатын батыл қадамдарды суреттейді. Басты рөлдерде: Дәурен Серғазин, Әлия Телебарисова.

«Бітім» — 30 қазан 2025 жыл

Халықаралық аренаға шығатын бұл фильмді «Netflix» түсірді. «La Tregua» туындысы Қазақстанда «Бітім» атауымен көрсетіледі. Картина XX ғасырдың ортасында ҚарЛАГ-та болған оқиғаларды бейнелейді. Ол жерде мыңдаған тұтқынмен қатар жүздеген испан өкілдері де болған.

2013 жылы Қазақстан Испанияға 152 сарбаздың мұрағаттық ісін ресми түрде табыстап, осы құжаттар негізінде қос ел бірігіп фильм түсіруді қолға алды.

Жақында өткен премьерада бас кейіпкерлермен бірге Нұрлан Қоянбаев, Арман Юсупов және Карина Оксукпаева да Испанияға арнайы барып қатысты.

Қазан айында қазақстандық көрерменді түрлі жанрдағы, мазмұны бай отандық картиналар күтіп тұр.


Фото. Фильмдердің ресми мұқабалары: Plano a Plano, Amanat Capital, UMAI FILM, GG Cinema, MUSAN Group

Cookie  Image Использование файлов cookie

Мы используем куки для улучшения работы сайта. Узнать больше