Harper’s BAZAAR Kazakhstan нұсқасы бойынша үздік мюзиклдер
Фото. Bazmark Productions.

Harper’s BAZAAR Kazakhstan нұсқасы бойынша үздік мюзиклдер

28 ноября 2025

Harper’s BAZAAR Kazakhstan дәл осы материалда көрерменді өз оқиғасына толықтай еліктіре алатын үздік мюзиклдерді таңдады. Әсіресе, уақыт сынынан өткен атақты саундтректердің әсерінен — бұл әндерді төменде ұсынылған кез келген картинаны көргеннен кейін әлі талай рет айтып жүретініңіз анық. Сонымен, Голливуд классикасынан бастап заманауи жобаларға дейін — өзіңізге ұнайтынын таңдаңыз.

«Джентльмендер блондинкаларды жақсы көреді», 1953 жыл

Лорелай — бай мұрагерге тұрмысқа шығуды армандайтын көрікті ару. Ол құрбысы Дороти екеуі Еуропаға сапар шегеді, онда олардың соңынан түрлі мәртебедегі әрі әртүрлі ниеттегі жанкүйерлер еріп жүреді. Бірі өз абыройын сақтап, болашақ қайын жұртын өзінің шынайылығына сендіруге тырысса, екіншісі әртүрлі қызық оқиғалар мен романтикалық интригаларға араласады.

Айта кетейік, басты рөлдерді сомдаған Мэрилин Монро мен Джейн Рассел осы фильмнің арқасында «Алтын глобус» сыйлығында «Мюзикл немесе комедия жанрындағы үздік әйел рөлі» номинациясына ұсынылды.

«Ән әуені», 1965 жыл

Жас монахиня Мария қатал капитан фон Трапптың үйіне келіп, оның балаларына күтуші болады. Ол отбасының өміріне жарық, музыка және жылулық сыйлайды, ал қатаң тәртіп біртіндеп қуанышқа жол береді. Мария мен капитанның арасында сезім пайда болады, бірақ Австриядағы тарихи оқиғалар олардың алдында қиын шешімдер қабылдауға мәжбүрлейтін қауіп төндіреді.

Фильм екі «Алтын глобус» («Комедия/мюзикл жанрындағы үздік фильм», «Үздік актриса» — Джули Эндрюс) және бес «Оскар» сыйлығын (үздік фильм, режиссура, монтаж, дыбыс және музыкалық бейімдеу) жеңіп алған.

«Мулен Руж», 2001 жыл

Кедей жазушы Кристиан Париждегі әйгілі кабаре жұлдызы — жарқыраған Сатинге ғашық болады. Бірақ ақша мен билік адамдардың әрбір қадамын бақылап отыратын ортада шынайы сезім құру оңай емес. Әсіресе, сүйіктіңнің жүрегін бай герцог та қалағанда, ол Сатинмен бір түн өткізу үшін бүкіл «Мулен Ружды» сатып алуға дайын.

«Мулен Руж!» фильмі екі «Оскар» сыйлығын — «Үздік қоюшы-суретші жұмысы» және «Үздік костюм дизайны» аталымдарында жеңіп алды. Барлығы сегіз номинацияға ұсынылған

«Чикаго», 2002 жыл

Рокси Харт даңққа бөленгісі келеді, бірақ қылмыс жасағаннан кейін түрмеге түседі. Сол жерде ол танымал әртіс Велма Келлимен жолығады. Екі кейіпкер де баспасөздің назарын және белгілі адвокат Билли Флиннің қолдауын алуға тырысып, сот процесін нағыз шоуға айналдырады.

«Чикаго» 13 номинацияның ішінде 6 «Оскар» жеңіп алды: «Үздік фильм», «Екінші пландағы үздік әйел рөлі» (Кэтрин Зета-Джонс), «Үздік костюмдер», «Үздік декорациялар», «Үздік монтаж» және «Үздік дыбыс». Сонымен қатар, фильм «Алтын глобус» марапатында «Комедия немесе мюзикл жанрындағы үздік фильм» және үздік әйел мен ер рөлдері үшін марапаттарға ие болды.

«Опера елесі», 2004 жыл

Harper’s BAZAAR Kazakhstan таңдаған үздік мюзиклдер арасында триллер элементтері бар картиналар да бар. Соның бірі — режиссер Джоэл Шумахердің фильмі. Париж операсында әлемнен жасырынған, түрі жараланған әрі аса дарынды құпия гений өмір сүреді. Ол жас әнші Кристинаға ғашық болып, оның талантын ашуға көмектеседі, бірақ қызды қасында ұстау үшін қорқыту мен одержимостьке де барады. Ал Кристинаның өмірінде бай виконт Рауль де Шаньи пайда болғанда, оқиға одан әрі күрделене түседі.

Фильм «Оскар», «Алтын глобус» және «Сатурн» марапаттарына ұсынылғанымен, тек Эмми Россумға берілген «Сатурн» сыйлығынан басқа ешқайсысын жеңіп алмаған

«Шашқа арналған лак», 2007 жыл

Трейси Тернблад — Балтимордан шыққан жігерлі бойжеткен, танымал телешоуда билеуді армандайды. Қоғамдағы қате түсініктер мен күмәндерге қарамастан, ол сахна әркімге тиесілі екенін дәлелдейді және харизманың стандарттардан маңызды екенін көрсетеді. Арман жолында Трейси достарына тең құқыққа қол жеткізуге көмектесіп, сұлулық пен бостандық туралы түсінікті өзгертеді.

Бұл жобаға ерекше үлесін қосқан — Джон Траволта. Ол басты кейіпкердің анасы, мейірімді Эдна Тернблад рөлін сомдаған. Бұл образ үшін актер 13 келілік костюм киіп, күн сайын төрт сағат бойы грим жасатқан. Бірақ бұл еңбегі ақталды: Траволта «Алтын глобус» сыйлығында «Екінші пландағы үздік ер рөлі» номинациясына ұсынылды. Ал фильм сол премияда «Үздік фильм», «Үздік әйел рөлі» және «Екінші пландағы үздік ер рөлі» номинацияларына үміткер болды.

«Әлем арқылы», 2007 жыл

Ливерпульдік Джуд Америкаға жол тартып, онда Макс және оның қарындасы Люсимен танысады. 60-жылдардың күрделі оқиғаларының аясында кейіпкерлер махаббатты, протесттерді, соғыс алаңында туған алаңдаушылықты және өзін іздеуді бастан кешіреді. Ал The Beatles тобының музыкасы олардың әр кезеңдегі сезімдері мен өсуіне эмоционалды бағыт береді.

Фильм «Алтын глобус» премиясында «Үздік фильм (мюзикл немесе комедия)» және «Үздік түпнұсқа ән (Come Together)» аталымдары бойынша екі номинацияға, сондай-ақ «Оскардың» «Үздік костюмдер» номинациясына ұсынылған

«Mamma Mia!», 2008 жыл

Софи грек аралында өтетін үйлену тойына дайындалып жүр және өзінің әкесінің кім екенін білгісі келеді. Ол анасының өткен өміріндегі үш ер адамды жасырын шақырады, жауап табамын деп үміттенеді. Осылайша, Мерил Стриптің кейіпкері олардың әрқайсысымен қайта жүздесіп, күлкілі, көңіл толқытар сәттер мен күтпеген сезімдерді бастан кешіреді. Оқиға ABBA әндері арқылы өрбіп, отбасы, естеліктер және жас шектеусіз махаббат жайлы жарқын музыкалық саяхатқа айналады.

2009 жылы фильм «Комедия/мюзикл жанрындағы үздік фильм» атағына, ал Мерил Стрип — «Үздік әйел рөлі» номинациясына үміткер болды, бірақ жеңіске жеткен жоқ.

«Ла-Ла Ленд», 2016 жыл

Бұл — кастингтен кастингке жүгіріп жүріп, жұлдыздармен кофе ішетін жас актриса және өз сәтін күтіп шағын барларда ойнайтын талантты джаз пианистінің тарихы. Олардың сезімі күннен-күнге нығая түседі, бірақ көптен күткен табыс келгенде, ол екеуінің махаббатына сынақ болады.

«Ла-Ла Ленд» көптеген марапаттарға ие болды: 7 «Алтын глобус» («Үздік фильм», «Үздік режиссура»), 5 BAFTA марапаты («Үздік фильм», «Үздік актриса», «Үздік режиссура», «Үздік операторлық жұмыс», «Үздік музыка») және 6 «Оскар» («Үздік режиссура», «Үздік актриса», «Үздік музыка») жүлдесі.

«Ғажайып шоумен», 2017 жыл

Финеас Тейлор Барнум қоғам назарынан тыс қалған талантты адамдарды бір аренаға жинап, ерекше шоу жасайды. Оның циркі сенсацияға айналады, бірақ танылуға деген ұмтылыс кейде оны қауіпті шешімдер қабылдауға итермелейді.

Фильм «Алтын глобус» премиясында «Үздік түпнұсқа ән» (This Is Me) жеңімпазы атанды. Сонымен қатар, 2018 жылы «Сатурн» марапатында «Үздік шытырман немесе экшн фильм», сондай-ақ «Үздік костюмдер» және «Үздік музыка» аталымдары бойынша да жүлделер алды.


Автор. Жанель Муканова. Аударған. Гүлдана Мұқан.

Cookie  Image Использование файлов cookie

Мы используем куки для улучшения работы сайта. Узнать больше